Жаңа оқу жылына дайындық аясында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және жолаушылар тасымалының жайлылығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Шаһар басшысы Нұржан Ахатов «Автобус паркіне» арнайы барып, қоғамдық көлік қызметінің жұмыса зерделеу жүргізді. Қала әкімі әрбір автобустың ішкі және сыртқы тазалығын күнделікті бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, бағытқа шығар алдында автобустарды жуу, дезинфекциялау және салондарды тиісті талаптарға сай ретке келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді алуды тапсырды.

Қазіргі таңда «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты үлкен сыйымдылықтағы автобустар қалалық бағыттар бойынша қызмет көрсетуде. Бағыттардағы автобустардың қозғалыс интервалы орта есеппен 12-15 минутты құрайды. Көліктердің техникалық жағдайы күн сайын тексеріліп, ақауы анықталған жағдайда қызмет көрсетуден босатылып, орнына резервтік автобус жіберіледі.

Бүгінде қалаішілік жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуге күн сайын 260 автобус жолға шықса, жаңа оқу жылының басталуымен қоғамдық көлікке түсетін жүктеме едәуір артады деп болжануда.

Осыған байланысты 25 тамыздан бастап қалаішілік автобус бағыттары күшейтілген режимде жұмыс жасайды. Әсіресе, оқу орындары орналасқан аумақтардағы жолаушылар ағыны ескеріліп, автобустардың қозғалыс интервалы барынша қысқартылады. Сонымен қатар, қозғалыс кестесінің қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі.

– Қала әкімі жауапты сала басшыларына оқушылар мен студенттердің сабаққа уақытылы әрі қауіпсіз жетуін қамтамасыз етуді тапсырып, «Біздің басты міндетіміз – балаларымыздың мектепке қауіпсіз барып-келуін қамтамасыз ету. Автобустардың кешігуіне немесе салондардың таза болмауына жол берілмеуі тиіс», – деді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамдық көлік қызметінің сапасы, автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы, қозғалыс интервалы мен кестенің сақталуы тұрақты бақылауда болады.
Қызылорда Қаласының Әкімдігі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
