Құрылтай

Сенбі, 15 тамыз, 00:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61 (2273)
15.08.2026
PDF мұрағаты

Шаңырақ көтергендер азайып, ажырасқандар көбейді

15.08.2026

16 0

Елімізде заңды некеге тұрғандар саны 20 жыл ішінде ең төменгі деңгейге дейін азайғаны жайлы мамандар дабыл қағып отыр. Қазақстанда неке саны азайып келеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде 21,6 мың неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,9%-ға аз.

Ал ажырасу саны керісінше ар­туда. Қаңтар-наурыз айларында 11,2 мың неке бұзылса, өткен жылы 10,2 мың отбасы ажырасқан. Бұл соңғы жеті жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Жалпы ажырасу деңгейі әлем бойынша артып келеді. Өткен жылы Жапон елі көш басында болған. Қазақстандағы неке мен ажырасудың негізгі бөлігі қалалық жерлерге тиесілі. 2026 жылдың бірінші тоқсанында қалаларда 14,5 мың, ал ауылда 7,1 мың неке тіркелген. Бір жыл ішінде қалаларда неке саны 1,4%-ға, ал ауылдарда бірден 8,8%-ға азайған.
Ал ажырасқандардың басым бөлігі – қа­лалықтар. Қаңтар-наурыз айларында қала­ларда 8,4 мың, ауылдық жерлерде 2,8 мың неке бұзылған. Биыл Алматы мен Астана, Түркістан облыстарында көп неке қиылған. Ал Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысында биыл некеге тұрғандар саны тым аз. Ажырасу бойынша Ұлытау, Қостанай және Қарағанды облыстары көш бастап тұр.
Шынында, бұрын ұя бұзу, ортақ некеге жауапсыз қарау қазақы болмысымызға жат үрдіс еді. Ата-ана тарапынан да мұндай келеңсіздікке тыйым болатын. Үлкендер жағынан ар-намысты оятатын «бірінші бағың бақ..», «шыққан қыз шиден тысқары», «өз отыңа өзің жылын» деген жігерлі сөздер айтылатын. Тұтас қоғамды үлкендер жағы осылай тәрбиелеген еді. Сүйектен өтетін сөздің қадірі де кеткен емес. Ал қазір бәрі басқаша. Сөздің құны бөздің құнынан төмендеді. Есті сөзді ескермейтін жастардың қылығына қынжылатын болдық.
Бүгінде қазақтың қаракөз қыздары өздеріне өмірлік серік таңдағанда қателесіп, кейде шалыс басып, аяғы ажырасумен тынып жатыр. Біреудің өзі әдемі, біреудің көзі әдемі, бірақ отандасқан жұптық өмірде кездесетін қиындыққа көбісі төзбейді. Тәуекелге барып, екеуінің жылы ұясын бұзбаудың амалын жасаса мүмкін бәрі басқаша болар ма еді кім білсін? «Мешкей деген жақсы ат па?» деген қазақта тамаша тәмсіл бар. Күйеуінен ажырасып, екіншісіне қосылады. Онымен де тұз-дәмі келіспей жатса, тіпті қиын. Қоғамда осындай мәселелермен бетпе-бет келіп жатырмыз. Өте өкінішті. Әсіресе қазақы болмысымызға сын.
Оған кейде ер-азаматтар да жауапты деп ойлаймын. Себебі бір адамнан емес, қате екі жақтан да кетуі мүмкін. Таразының екі басы бар. Бір басына үнемі салмақ түссе, көтере алмай әйел, не ер-азамат өмірден баз кешіп, соңы осындай өкінішпен бітеді.
Иә, қалай десек те, адамда ұят деген бірінші орында тұру керек. Әсіресе әйел баласы шыдамды болуы әдет-ғұрыптың жазылмаған қағидасы. Шынында, табиғатынан нәзік деп бейнеленсе де, әйел заты төзімді, бейнетке біртабан жақын болады. Ер адамның ойы жетпейтін жерге әйелдің қарым-қабілеті ерекше болғандығы сондай ә дегеннен ер кісі ойланып болам дегенше, ол сол жұмысты бітіріп тастайды. Қайраттылық пен мықтылық, намыс кейбір қаракөздерімізде азаматтардан артық болмаса кем болмайды. Неге екенін білмеймін үйдегі отанасы бастама көтермесе, отағасы белсенділік көрсете қоймайды. Айналып келгенде «еркек үйдің егесі болса, әйел үйдің шегесі. Мықты болса шегесі, қайда кетер егесі» деп те кейде ер азаматтың намысын қамшылауымыз да керек болар.
Осындайда анамның «еркек – пірің, бас киімін жоғары қой, мерейі үстем болады. Күйеуінің мерейі үстем болуы – ол әйелдің бақыты» деген ұлағаты ойға оралады.
Шынында, отбасы мектебінің қоғамның қалыптасуына, кейінгі буынды татулық пен ізгілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарғанын осындай ізгілікті әңгімеден естіп, разы боласың. Қазақтың текті жермен құдандаласуының да терең мәні бар секілді. «Анасын көріп, қызын ал. Ыдысын көріп, асын іш» деген ата-ба­ба­лар тәм­сі­лі осыны аң­ғартса керек. Өзінің өт­кен өмі­ріне бармақ тіс­теп, келінінің әр әре­кеті мен әдебіне, от­басынан алған тәлі­міне сүйсініп отырған құр­бымның әңгімесі шынында әйел затына үлгі боларлық дүние екен. Осындайда жас күнімізден құла­ғымызға сіңген анамыздың әдебі ойға ора­лады. Ол кісі әкеміздің есімін атамайтын. Ер адамның киімін баспауды, асты әкеміз отырмай бастамауды, алдынан кесіп өтпеуді тағы толып жатқан таусылмайтын тыйымды санамызға сіңіргені сонша, бүгінде сол қағида отанасы болғанда жарасымды жалғасын табуда. Міне, осындай өмірден алынған ұлағатты әңгімеден соң ұлттық құндылықтың өміршең сипат алуы әр отбасының алтын діңгегі әйелге байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын.
Әйтеуір, сынықтан сылтау іздеп, ортақ келісіммен құ­рылған отауды бұзудан жастар алдына жан салмай тұр. Бұл ұлтқа да, ұрпаққа да үлкен қасірет. Антына адал, сертіне сергек, некеге жауапты жұптар көбейсе дейміз. Себебі некенің киесінен, перзентінің көз жасынан қорықпайтындар саны еселеп артып келе жатқаны толғандырады. Бар кілтипан заманда емес, адамда болғаны қинайды, әттең…


Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: