Құрылтай

Сенбі, 15 тамыз, 00:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61 (2273)
15.08.2026
PDF мұрағаты

Digital Qazaqstan: Жасанды интеллект технологиялары әрбір азаматтың игілігі үшін қызмет етеді

15.08.2026

21 0

Биыл – цифрландыру және ЖИ жылы. Атаулы жылда жаңа технологияны пайдалануда қандай жетістікке қол жеткізе алдық? Халық игілігін қаншалықты сезіне алды? «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыру қандай нәтиже беруде? Ең бастысы, біз өз деректерімізді қорғай аламыз ба?

Осы аптада өткен Үкімет отырысы дәл осы тақырыпқа арналды. Атаулы жылда Президент тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Айта кетелік, осы жылдың маусым айында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, маңызды құжатта мемлекеттік қызметтерді цифрландыру негізгі бағыттың бірі болып айқындалды.

– Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет, – деп атап өтті премьер-министр Олжас Бектенов.

 Үкімет отырысындағы ақпараттарға сүйенсек, алдағы уақытта мемлекеттік ақпараттық жүйелер QazTech бірыңғай платформасына көшірілмек, электрондық үкімет порталы eGov 3.0 деңгейіне дейін жаңғыртылмақ, ал оның шлюзінің өткізу қабілеті 2,5 есеге артады. eGov GPT цифрлық ассистенті арқылы бүгінде 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді, бұл сервисті 150 мыңнан астам азамат пайдаланған. eGov Business жүйесін ай сайын 35 мыңға жуық кәсіпкер қолданады. Жалпы алғанда, сұранысқа ие қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға түсетін өтініштер санын 30%-ға қысқартуға мүмкіндік берген.

Әлеуметтік салада зейнет­ақылар мен жәрдемақыларды тағайын­даудан бастап жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға дейінгі негізгі бағыт­тар цифрлық сервистермен қамтылған. Бірыңғай цифрлық платформада 49 мем­лекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі, тағы 28-і проактивті форматта. Жасанды интеллект АӘК тағайындау кезінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды бағалау үшін де қолданылады, мәселен, осы уақытқа дейін 99 мың жағдай қамтылды, ал мүгедектік белгілеу кезінде – 151 мың, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді авто­матты түрде көрсету кезінде – 12 мың.

Әділет саласында атқарушылық жаз­баны цифрландыру негізгі рәсімдерді eGov Mobile арқылы онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік берген. Бүгінде 2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба жасалып, олар­дың шамамен 700 мыңына онлайн режимде қарсылық берілген. Жыл соңына дейін нотариаттық әрекеттерді цифрлық тіркеуді көздейтін e-Notary 2.0 жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бизнесті қолдау желісі бойынша қолданыстағы 150 шараның 63-і цифрлық форматқа ауыстырылған.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету саласын­да Blockchain көмегімен 254 мыңнан астам операция жүргізілді, бұл қызмет көрсету мерзімін 10-15 минутқа дейін қысқартуға және қызметтерді ХҚКО-ларға бармай-ақ алуға мүмкіндік берді. Aitu отандық цифрлық платформасының дамуы қаралды. Бүгінде ол 6,8 млн пайдаланушыны бірік­тіреді, ай сайынғы аудитория 1 млн адамнан асады. Платформада білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау сала­ларындағы сервистерге және басқа да қызметтерге қолжетімділік кеңейтілуде.

– Бүгінде азаматтар үшін цифрлық қыз­­меттер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жыл­дам әрі еш кедергісіз алғысы келеді. Жасан­ды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындау­ды тапсырамын. Бұл ретте көпбалалы ана­ларға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады, – деп атап өтті Премьер-министр.

Адам жұмыс іздемейді,

жұмыс адамды табады

Халықты әлеуметтік қорғау және жұ­мыспен қамту саласы жаңа технологияны жүйелі түрде енгізіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәлімдеуінше, биылғы тамыздан бастап жергілікті атқа­рушы органдар көрсететін мемлекеттік қолдаудың біржолғы шаралары жасанды интеллектінің көмегімен тағайындалмақ. Жүйе алушыларды алдын ала анықтайды және тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қа­былдайды. Қыркүйек айында eGovMobile арқылы өтініш беруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын атаулылығы мен мұқ­таждық деңгейін ескере отырып, ны­саналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр.

Министрлік жұмыспен қамту саласында Цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізіп жатыр. Мақсаты – жұмыспен қамтуды проактивті қамтамасыз етуге көшу. Жаңа модельдің негізгі қағидаты: жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады.Бұған дейін азамат порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, мансап орта­лығына баратын. Енді жүйе жұмыс беру­шілердің өтінімдері негізінде жұмысқа мұқтаж азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Содан кейін оларға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен СМС түрінде тиісті хабарламалар жібереді. Жасанды интеллект азаматтың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, өңір ішінде де, одан тыс жерде де, шетелдегі бос жұмыс орындарын қоса алғанда, жұмыс орындарын іріктейді. Сонымен қатар азаматтарға оқыту курсынан өту және қайта даярлау, қоныс аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Нәтижесінде тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейді. Мұнан бөлек, бүгінгі күні жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде де қолданылады. Жасанды интеллект өтініш берушінің тұрғын үй-тұр­мыстық жағдайларының фото және бейне­материалдарын талдайды. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж емес екендігі туралы ұсынымдар әзірлейді. Бұл өңірлік учаскелік комиссиялардың жұмысын едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар мүгедектік тобын белгілеу кезінде жасанды интеллект медициналық дерек­терді талдайды. Мүгедектік тобын айқын­дау кезінде медициналық-әлеуметтік са­рап­таманың тәуелсіз қатысушысы ре­тінде шешім жобасын қалыптастырады. Бұл объективтілікті қамтамасыз етуге, мүгедектік тобын белгілеудің бірыңғай тә­сілін қалыптастыруға және адам факто­рының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.

QazTech платформасының игілігі

Премьер министрдің орынбасары – жасанды инттеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бүгінде елімізде барлық мемлекеттік органдар QazTech платформасымен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқандай, бүгінгі күнге дейін әр мемлекеттік орган өз жүйелерін дербес әзірлеп, әртүрлі технологияларды және деректерді қорғаудың түрлі тәсілдерін қолданды. Дайын шешімдердің қайталануы орын алған.

– Жұмыс жылдарға созылып, нәтиже күткен деңгейде бола бермейтін. 1 сәуірден бастап біз цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай орта – QazTech плат­формасын іске қостық. Нәтиже қазірдің өзінде айқын. Инфрақұрылым жұмысы 24/7 тұрақты бақылауда. Security by Design заманауи қағидаты киберқауіпсіздік талап­тарын жобалау кезінен бастап енгі­зуге мүмкіндік береді. Ал DevSecOps құралдары қорғалу деңгейін әзірлеу, тес­тілеу және пайдалану кезеңдерінде авто­матты тексереді. Вайб-кодингті де енгізіп жатырмыз. Жасанды интеллект әзірлеушілерге бағдарламалық кодты жыл­дам әрі қателерді азайта отырып жазуға көмектеседі. Осының барлығы бұрынғы модельден бас тартуға мүмкіндік береді. Бұрын жүйені әзірлеуге жылдар кетсе, одан кейін қауіпсіздікті тексеруге де көп уақыт жұмсалатын. Енді жаңа сервистер бірнеше айлар тіпті апталар ішінде әзірленіп, іске қосылуы мүмкін, –  деп атап өтті вице-премьер.

 Мемлекет басшысы QazTech-тен тыс жаңа жүйелер құруға мораторий енгізу бойынша жарлыққа қол қойды. Талап­тың сақталуын цифрландыруға арналған бюджеттік өтінімдерді сараптау кезінде тексеріледі. Вице-премьердің мәліметінше, QazTech платформасына көшкеннен кейін цифрлық сервистер жұмысында іркіліс тіркелмеген. Бұған нақты мысал – жыл сайын халық үшін ашылатын бірінші сыныпқа қабылдау қыз­меті. Бұрынғы инфрақұрылым жүктемені көте­ре алмай, іске қосылған алғашқы күні-ақ істен шығатын. Мұндай жағдай төрт жыл қатарынан қоғамда теріс резонанс туғыз­ды. Биыл Оқу-ағарту министрлігі және Қазақтелекоммен бірлесіп, қызмет QazTech платформасында қайта жинақталды. Екін­ші ай қатарынан бірде-бір ақаусыз жұмыс істеп, 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделген.

ЦОН-ға баратындар азайды

Мемлекеттік қызметті онлайн алу­дың нәтижесінде қазір халық мекеме жағаламайды, тіпті ЦОН-ға баратындар да азайған.

– Бұрын мемлекеттік қызметтердің басты ордасы болған Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тоқталайын. Ең сұранысқа ие қызметтер онлайн форматқа көшіріліп, халықтың ЦОН-дарға баруға де­ген қажеттілігі азаюда. Соңғы жылдары ЦОН-дарға барған азаматтар саны 30%-ға азайған. Көлікті алғаш тіркеу, жер учаскелеріне акт беру, жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт беру сияқты қызметтер алғаш рет онлайн қолжетімді болды. Электронды цифрлық қолтаңба беру мен тұрғылықты жері бойынша тіркеу де ел бойынша толықтай онлайн жүзеге асырылуда. Азамат ЦОН-ға барса да, оператордың көмегіне жүгінуі күннен-күнге азайып барады. Қызметті өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында дербес алуда. Сондықтан біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарының тұжырымдамасын түбе­гейлі қайта қарадық. Енді олар кезек­сіз, ашық әрі жайлы кеңістікке транс­формациялануда. Жаңа AI қызмет көрсету офисі 70/20/10 қағидаты бойынша үш аймақтан тұрады. Жалпы аумақтың 70 пайызын негізгі бөлігін экспресс-аймақ алады. Онда қызметтерді eGov GPT цифр­лық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы дербес алуға болады. Сонымен қатар офисте консультант көмек көрсететін сараптамалық және оқыту аймақтары да бар, – деді вице-премьер.

 Бүгінде жаңа технологияны мемлекеттік қызметке енгізумен қатар, оның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Сондай-ақ жеке деректерді қорғау мәселесі де мемлекет назарында.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: