Кеше қалаға қарасты Тасбөгет кентінде «Ербатыр ата» мешітінің ашылу салтанаты өтті. Жаңа мешіттің ашылу рәсімінде облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы құттықтау сөз сөйлеп, жиылғандарды имандылық үйінің ашылуымен құттықтады. Салтанатты іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Іс-шара Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Бас мүфти өз сөзінде мешіттің қоғамдағы рухани-әлеуметтік маңызына тоқталып, имандылық үйін салуға үлес қосқан азаматтарға сауап мол екенін атап өтті.

– Бұл мешіт жастардың, жалпы жамағаттың бос уақытын пайдалы іспен өткізуге, білім алып, тәрбие көкжиегін кеңейтуге, дұрыс діни түсінікпен өмір сүруге мүмкіндік береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мешiтке баруды әдетке айналдырған адамды көрсеңiздер, оның иманды екенiне куәлiк етіңдер. Хақ Тағала айтады: «Ақиқатында Алла Тағаланың мешіттерін Хақ Тағалаға және Ақырет күніне иман келтірген, намаз оқыған, зекет бергендер көркейтеді», – деген. Расында мешітке жиі баратын адамның иманы күшейеді», – деді бас мүфти.

Салтанатты шараға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы және Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Абзал Жұмашұлы қала тұрғындарын Тасбөгет кентінің орталығынан бой көтеріп, мұсылман қауым үшін есігін айқара ашқан мешіттің ашылуымен құттықтады. Жаңа мешіттің бас имамы болып Қайырхан Қабылғазиев тағайындалды.

Айта кетейік, екі қабатты мешіттің жалпы аумағы 946,72 шаршы метр. Құлшылық үйі бір мезетте 700 адамға дейін қабылдай алады. Мешіт құрылысы 2022 жылы кәсіпкер Абзал Ералиевтің демеушілігімен басталған.

Жаңа мешітте ерлер мен әйелдерге арналған бөлек намаз залдары, имам кабинеті, құран оқыту және неке қиюға арналған арнайы бөлме, екі дәрісхана бар.

Бүгінде аймақта 195 мешіт халыққа қызмет көрсетеді. Оның 24-і облыс орталығында орналасқан. «Ербатыр ата» мешіті Қызылорда қаласындағы 25-ші құлшылық үйі. 30 мыңға жуық халқы бар тасбөгеттіктер үшін ғибадат үйінің орны ерекше.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!