Бір адамның өмір жолы діни радикалданудың қалай басталып, адам санасына қалай әсер ететінін көрсетеді
Адам өміріндегі кейбір шешімдердің салдары бірден байқалмайды. Кейде алғашында ізгі ниеттен туған әрекет уақыт өте келе адамның дүниетанымына, қоршаған ортасына, тіпті ең жақын адамдарымен қарым-қатынасына әсер ететін үлкен өзгерістің бастауы болуы мүмкін.
Әсіресе адамның өмірлік ұстанымдары қалыптасып жатқан кезеңде қабылданған ақпараттың ықпалы ерекше. Діни білім де осындай жауапкершілікті талап ететін салалардың бірі. Өйткені дін туралы ақпараттың көп болуы оның барлығы дұрыс әрі сенімді дегенді білдірмейді. Керісінше, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде түрлі діни түсіндірмелердің қатар таралуы адамның ақпаратты саралап, дереккөзін ажырата білу қажеттігін арттыра тұсті.
Діни радикалдану да көбіне бір күнде пайда болмайды. Ол адамның белгілі бір мәселеге қызығушылығынан, жауап іздеуінен, діни білімге ұмтылуынан басталып, кейін оның ақпараттық ортасының өзгеруімен жалғасуы мүмкін. Уақыт өте келе белгілі бір топтың көзқарастары адамның жеке ұстанымына айналып, оның күнделікті өміріне ықпал ете бастайды.
Бүгінде діни радикалдану туралы сөз болғанда көбіне статистика, ресми деректер мен сараптамалық пікірлер алға шығады. Бірақ әрбір статистиканың артында нақты адамның тағдыры бар. Ал бір адамның көзқарасындағы өзгеріс оның өзімен ғана шектелмей, отбасы мен жақын ортасына да әсер етуі мүмкін.
Осындай жағдайды өз басынан өткерген Досжанныңөмір жолы мен діни радикалды идеологияның ықпалына түсу кезеңі осы мәселенің адам тағдырына қалай әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді.
Оның әңгімесі 2008 жылдар шамасындағы Алматы кезеңінен басталады.
Сол кезде Досжан жоғары оқу орнында білім алып, қатар жұмыс істеген. Қоршаған ортасындағы адамдардың жұма намазына бара бастауы оның да дінге деген қызығушылығын оятады. Алғашқы қадамы дәстүрлі діни ортадан басталғанын өзі атап өтеді.
«Мен алғашында Ханафи мәзһабы бойынша намаз үйреніп бастадым»,-дейді Досжан.
Ол кезде дінді өзінің түсінігінде адамның ішімдік ішу, құмар ойын секілді жағымсыз әдеттерден арылуына көмектесетін рухани жол ретінде қабылдаған. Яғни оның діни ізденісінің бастапқы себебі өміріне мән беріп, жақсы адам болуға ұмтылу. Өйткені оның өміріндегі жақын адамдары жоғарыда аталған «ішімдік ішу», «құмар ойын» дертінен зардап шегіп, өзі де әбден зәрезап болған еді.
Алайда кейін оның діни ортасы өзгере бастайды.
Досжан Алматыда жүрген кезінде Сәләфилік бағыттағы адамдармен танысып, олардың уағыздарын тыңдай бастағанын айтады. Ол кезде аудио және бейнематериалдар арқылы тараған уағыздардың ықпалы да күшейіп тұрған. Кейіпкердің айтуынша, ол Дарын Мубаров пен Сайд Бурятскийдің уағыздарын тыңдаған.
Осыдан кейін оның діни түсінігінде біртіндеп өзгеріс пайда болады.
«Олар мұндайды толық жою үшін жиһад жасау керек, қирату керек, талқандау керек, Алла жолында күресу керек деп уағыздай бастады», деп еске алады Досжан.
Бұл жерде бір маңызды жайтқа назар аударған жөн. Діни радикалдану көбіне адамның дінге қызығушылығынан емес, діни ұғымдардың бұрмаланып түсіндірілуінен басталады.
Күрделі әрі тарихи мәні терең діни терминдер белгілі бір идеологиялық мақсатта тар мағынада түсіндірілген кезде адамның санасында мүлдем басқа түсінік қалыптасуы мүмкін.Досжанның жағдайында да осындай өзгеріс біртіндеп жүрген.Алғашында ол намаз оқып, діни білім алуға тырысқан болса, кейін белгілі бір діни топтың сыртқы талаптарын орындауға ерекше мән бере бастайды. Сақал қою, балақты қысқарту секілді белгілер оның күнделікті өміріндегі маңызды талаптарға айналады.
«Сақал қою керек болды, балақ кесу керек болды. Сақал қойып, балақ кескеннен кейін мен қатты қызығып, араларына сіңе бастадым», -дейді ол.
Сыртқы белгілердің өзі радикалданудың дәлелі емес екені түсінікті. Алайда Досжанның әңгімесінде маңыздысы осы әрекеттермен қатар оның өзге діни көзқарастарға деген қатынасының да өзгеруі.
Оның сөзінше, белгілі бір уағыздардың ықпалымен Ханафи мәзһабын ұстанатын адамдарға қатысты теріс пікір қалыптаса бастаған.
«Ханафи мәзһабындағылардың бәрі адасқандар деген түсінік пайда болды. Уағыздарында солай түсіндірді. Имамдардың сақалдары жоқ, олардың артынан ұюға болмайды деген сияқты пікірлер айтылды», деп еске алады ол.
Осы тұста діни ізденіс пен идеологиялық ықпалдың арасындағы айырмашылық айқындала түседі. Адам дінді түсінуге ұмтылған кезде оның алдында сұрақтар мен түрлі пікірлер болуы табиғи. Ал белгілі бір орта барлық жауапты тек бір ғана көзқараспен түсіндіріп, өзге пікірді қате немесе адасқан деп таныған жағдайда адамның дүниетанымы біртіндеп тұйықтала бастайды.Досжанның өмірінде де дәл осындай процесс жүрген.
Діни қызығушылықтан әлеуметтік оқшаулануға дейін
Радикалды көзқарастың басты ерекшеліктерінің бірі оның адамның жеке сенімімен шектелмей, қоршаған ортаға деген қатынасын өзгертуі.
Алғашында белгілі бір діни талаптарды орындау адамның жеке таңдауы ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ол өзгелердің әрекетін бағалаудың өлшеміне айналса, мәселе күрделене түседі.
Досжанның өз әңгімесінде де осындай өзгерістің белгілері байқалады.
Бір кездері жоғары оқу орнында оқып, жұмыс істеген жас жігіттің өмір салты біртіндеп өзгереді. Ол бұрынғы әлеуметтік ортасынан алшақтай бастайды. Оқу аяқталғаннан кейін жұмысын жалғастырмайды.
«Сөйтіп жүргенде оқуымды аяқтап, ары қарай жұмыс істеген жоқпын», -дейді ол.
Бұл бір ғана сөйлем сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында адамның өмірлік басымдықтарының өзгеруі жатыр. Қоғамдық ортадан алыстау, бұрынғы кәсіби мақсаттардың екінші орынға ығысуы және тек бір идеологиялық ортаның ықпалына тәуелді болу радикалдану үдерісін тереңдете түсетін факторлардың бірі болуы мүмкін.
Дегенмен Досжанның тарихы мұнымен аяқталмайды.
Кейін оның діни көзқарастары мен өмірлік ұстанымдары қайта қаралады. Бұл кезең адамның радикалды ортадан шығуының мүмкін екенін ғана емес, мұндай үдерісте кәсіби мамандардың түсіндіру жұмысының маңызын да көрсетеді.
Біржақты түсініктің салдары
Досжанның өміріндегі кейінгі кезеңдерге қарағанда, оның радикалды көзқарастары тек діни ұстанымдарымен шектелмеген. Олар отбасылық қарым-қатынасына да әсер еткен.
Бұрын ата-анасын құрметтеп, отбасының қалыпты тіршілігін табиғи қабылдаған жас жігіт біртіндеп айналасындағы адамдардың діни ұстанымдарын бақылауға көшеді.
Намаз оқымайтын адамға қатысты күмәнді көзқарас қалыптасып, оның қолынан ас ішуге болмайды деген түсінік пайда болады. Үйге әкелінген тағамның кімнен алынғанына дейін сұрақ қойылады.
Бұл жерде мәселе нақты бір тағамға қатысты діни талапта ғана емес. Негізгі мәселе – адамның жақындарын бағалау жүйесінің өзгеруінде.
Отбасы үшін дастархан – жақындық пен өзара сыйластықтың белгісі. Ал ол күмән мен бөлінудің нысанына айналған кезде адамдар арасындағы эмоционалдық байланыс әлсірей бастайды.
Досжанның тәжірибесі осыны көрсетеді: радикалды идеология адамның тек діни көзқарасын ғана емес, оның күнделікті өмірдегі шешімдерін де өзгертуі мүмкін.
Радикалдану бір күнде болмайды
Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік бақылаулар көрсеткендей, радикалдану – көпфакторлы процесс. Оған адамның әлеуметтік ортасы, ақпараттық кеңістігі, діни сауаттылығы, өмірлік қиындықтары және белгілі бір идеологиялық топтардың ықпалы әсер етуі мүмкін.
Сондықтан бір ғана факторға сүйеніп, адамның радикалды көзқарасқа қалай келгенін түсіндіру жеткіліксіз.
Досжанның мысалында бірнеше кезеңді байқауға болады.
Бірінші кезең – діни қызығушылықтың пайда болуы.
Екінші кезең – діни ақпараттың жаңа көздеріне бет бұру.
Үшінші кезең – белгілі бір топтың идеологиялық түсініктерін қабылдау.
Төртінші кезең – өзге көзқарастағы адамдарды теріс бағалаудың күшеюі.
Бесінші кезең – әлеуметтік ортаның тарылуы және бұрынғы өмір салтынан алшақтау.
Осы кезеңдердің әрқайсысы адамның өмірінде бірден байқала бермеуі мүмкін. Сондықтан радикалданудың алдын алу тек соңғы кезеңде емес, алғашқы белгілер байқалған кезден басталуы қажет.
Дін мен радикалды идеологияның ара-жігі
Діни радикализм туралы сөз қозғағанда діннің өзі мен дінді саяси немесе зорлықшыл идеологияның құралына айналдыратын түсініктерді ажырата білу маңызды.
Дінге қызығушылық таныту, намаз оқу, діни білім алуға ұмтылу немесе белгілі бір діни рәсімдерді орындау өздігінен радикализм белгісі емес.
Мәселе адамның басқа адамдарға деген қарым-қатынасында, өзге пікірге төзімділігінде және діни ұғымдарды қалай түсінетінінде.
Егер адам өз көзқарасын өзгелерге күштеп таңуға, оларды діни ұстанымына қарай кемсітуге немесе қоғамнан оқшаулануға ұмтылса, бұл жерде діни сенімнен бөлек идеологиялық факторлар туралы сөз қозғауға болады.
Сондықтан алдын алу жұмысы діни өмірдің өзін шектеуге емес, оның бұрмаланған түсіндірмелеріне қарсы кәсіби түсіндіру жүргізуге бағытталуы керек.
Қайта оралудың мүмкіндігі
Досжанның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – өзінің бұрынғы көзқарастарына қайта қарауы.
Кейін ол кәсіби теологтармен және мешіт имамдарымен сөйлесіп, діни мәселелерді дәстүрлі ислам ілімі аясында қайта зерделей бастайды.
Осы әңгімелер оның бұрын естіген кейбір пікірлерінің діни ұғымдардың толық мазмұнын білдірмейтінін түсінуіне мүмкіндік береді.
Ол діннің мәнін адамдарды бір-бірінен ажыратудан емес, адамгершілік пен жауапкершіліктен іздей бастайды.
Ата-ананы құрметтеу, жақынға қамқорлық жасау, сабыр сақтау, өзгеге зиян келтірмеу, қоғамда бейбіт өмір сүру секілді құндылықтарға қайта назар аударылады.
Бұл өзгеріс те бір күнде болған жоқ.
Адамның дүниетанымын өзгерту үшін уақыт пен жүйелі түсіндіру қажет. Бұрын қабылданған пікірлерді қайта қарау, өз қателігін мойындау және жаңа ақпаратты қабылдау кез келген адам үшін оңай процесс емес.
Дегенмен Досжанның тәжірибесі адасқан көзқарастан қайтуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Діни сауаттылық және ақпараттық иммунитет
Досжанның басынан өткен оқиғадан шығатын негізгі сабақтардың бірі – діни сауаттылықтың маңызы.
Қазіргі кезде кез келген адам интернет арқылы діни ақпаратқа қол жеткізе алады. Бірнеше минут ішінде уағыз тыңдап, діни кітап немесе мақала тауып, әлеуметтік желідегі түрлі пікірлермен танысуға болады.
Бірақ ақпараттың қолжетімді болуы оның ақиқат екенін білдірмейді.
Сондықтан жастардың бойында діни ғана емес, ақпараттық иммунитет қалыптастыру қажет. Яғни адам белгілі бір ақпаратты қабылдамас бұрын оның қайдан шыққанын, авторының кім екенін, қандай дерекке сүйенетінін және басқа беделді дереккөздерде бұл мәселе қалай түсіндірілетінін салыстыра білуі керек.Бұл тұрғыда отбасының да рөлі ерекше.Жас адамның діни тақырыпқа қызығушылығын бірден қауіпті құбылыс ретінде бағалау дұрыс емес. Керісінше, оның сұрағына жауап беруге тырысып, сенімді ақпарат көздеріне бағыттау маңызды.
Ал бала мен ата-ана арасында ашық диалог болмаса, жас адам жауапты сырттан іздеуі мүмкін.
Бір адамның тағылымы
Досжан бүгін өткен өміріне сын көзбен қарайды. Ол бір кезеңде радикалды көзқарастардың ықпалына түскенін өзінің үлкен қателігі деп бағалайды.
Оның тәжірибесі бір нәрсені анық көрсетеді: адамның өміріндегі қауіпті өзгеріс кейде сырт көзге байқалмайтын ұсақ қадамдардан басталады.
Алғашқыда бұл жай ғана жаңа орта болуы мүмкін. Кейін белгілі бір уағыздарды тыңдау қалыптасады. Одан соң адамның діни түсінігі өзгереді. Біраз уақыттан кейін бұрынғы достар мен жақындардың көзқарасы қабылданбай бастайды. Соңында адам өзінің қалыпты әлеуметтік ортасынан алыстайды.
Бірақ бұл процесті кері бағытқа бұруға да болады.Ол үшін тыйымнан бұрын түсіндіру, айыптаудан бұрын диалог, күмәнді ақпараттың орнына сапалы діни білім қажет.
Досжанның өмір жолы – бір адамның тағдыры арқылы тұтас қоғам үшін маңызды мәселені көрсететін мысал.
Бір адамның қате таңдауы оның өз өміріне ғана емес, отбасының тыныштығына, жақындарының көңіліне және әлеуметтік байланыстарына әсер етуі мүмкін.
Сондықтан діни радикализмнің алдын алу тек арнайы мемлекеттік органдардың немесе дін мамандарының міндеті емес. Бұл отбасы, білім беру жүйесі, діни ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам бірлесіп атқаратын жұмыс.
Ең бастысы жастардың діни ізденісін тоқтату емес, оның дұрыс арнада жүруіне жағдай жасау.Өйткені дін туралы сұрақ қою табиғи қажеттілік. Ал сол сұраққа кім жауап беретіні адамның кейінгі өмір жолына әсер етуі мүмкін.
Досжанның тағылымы да осында.
Бұрыс басқан бір қадам адамның өмірін бұралаң жолға салуы мүмкін.Бірақ дер кезінде берілген дұрыс бағыт сол жолдан қайта шығуға мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!