Қазіргі қоғамда түрлі мәдениет пен дүниетаным өкілдерінің өзара түсіністікте өмір сүруі – тұрақтылықтың маңызды кепілі. Әсіресе жастар арасында өзге пікірге құрметпен қарау, діни және мәдени айырмашылықтарды дұрыс қабылдау экстремизм мен радикализмнің алдын алуда ерекше мәнге ие. Толеранттылықты қалай дұрыс түсіну керек? Оны бала тәрбиесінен бастап қалыптастырудың қандай жолдары бар? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Нұрдәулет Бауыржанмен әңгімелестік.
– Толеранттылық деген ұғымды кейде тек «өзгеге төзімді болу» деп қабылдаймыз. Оның ауқымы бұдан кең бе?
– Әрине, кең. Толеранттылық – адамның өзінен өзгеше пікірді, дүниетанымды, мәдениетті немесе өмір салтын құрметтей білуі. Бірақ бұл кез келген әрекетті сынамай қабылдау деген сөз емес. Толеранттылықтың негізінде өзара сыйластық, сабырлылық және диалог мәдениеті жатыр.
Қоғамда адамдардың көзқарасы әртүрлі болуы табиғи жағдай. Бір мәселе бойынша пікіріміз бір жерден шықпауы мүмкін. Маңыздысы – пікір қайшылығын өшпенділікке, араздыққа немесе агрессияға айналдырмау. Осы мәдениет қалыптасқан қоғамда радикалды идеялардың тамыр жаюына мүмкіндік те азаяды.
– Толеранттылық пен экстремизмнің алдын алудың арасында қандай байланыс бар?
– Экстремистік идеология көбіне адамдарды «біз» және «олар» деп бөлуге тырысады. Өз пікірін ғана абсолютті ақиқат ретінде көрсетіп, өзгелерді жау ретінде қабылдауға итермелейді. Ал толеранттылық осы қарама-қарсы ұстанымның алдын алады.
Өзгеше пікірді тыңдай білетін, сыни ойлайтын, эмоцияға берілмей ақпаратты саралайтын адамды радикалды үгітке тарту әлдеқайда қиын. Сондықтан толеранттылықты белгілі бір деңгейде экстремизмге қарсы әлеуметтік иммунитет деп қарастыруға болады.
– Бұл қасиетті бала кезден қалыптастыру қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Адамның дүниеге, айналасындағы адамдарға деген көзқарасы отбасында қалыптаса бастайды. Бала өзінен өзгеше адамды кемсітуге болмайтынын, әр адамның қадір-қасиеті бар екенін отбасынан үйренуі керек.
Мектептің де рөлі зор. Мұнда тек білім беру емес, пікір алмасу, пікірді дәлелдеу, қарсы көзқарасты тыңдау мәдениетін қалыптастыру қажет. Баланы «тек менікі дұрыс» деген ұстанымнан гөрі, «менің көзқарасым бар, бірақ басқа адамның да өз пікірі болуы мүмкін» деген түсінікке тәрбиелеу маңызды.
– Қазіргі жастардың толеранттылық тәрбиесіне әлеуметтік желілер қалай әсер етіп отыр?
– Әлеуметтік желінің ықпалы екі жақты. Бір жағынан, ол адамдарды жақындастырады, түрлі мәдениет пен қоғам туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, әлеуметтік желілерде өшпенділік тілі, арандатушы контент, жалған ақпарат және радикалды идеология элементтері таралуы мүмкін.
Сондықтан бүгінгі таңда толеранттылық тәрбиесі медиасауаттылықпен қатар жүруге тиіс. Жастар ақпаратты бірден қабылдамай, оның қайдан шыққанын, авторы кім екенін, қандай мақсатпен таратылғанын саралай білуі керек.
– Діни салада бұл мәселе қаншалықты өзекті?
– Дін – адамның сенімі мен дүниетанымына қатысты нәзік сала. Сондықтан діни мәселелерді талқылағанда өзара құрмет пен сауатты диалог қажет. Діни сауаттылықтың төмендігі кей жағдайда адамның түрлі манипуляцияға тез сенуіне себеп болуы мүмкін. Әсіресе интернеттегі өзін «дін маманы» ретінде таныстыратын адамдардың әр сөзіне сене беруге болмайды. Діни ақпаратты сенімді дереккөздерден алу, білікті мамандардың пікіріне жүгіну маңызды.
– Экстремизмнің алдын алуда тек мемлекеттік органдардың жұмысы жеткілікті ме?
– Жоқ, бұл – бүкіл қоғамға ортақ міндет. Мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмысы маңызды болғанымен, отбасы, мектеп, жоғары оқу орындары, азаматтық қоғам институттары, бұқаралық ақпарат құралдары және діни бірлестіктер де өз үлесін қосуы қажет.
Әсіресе алдын алу жұмысы тек қауіп туралы айтумен шектелмеуі керек. Жастарға дұрыс бағыт, сапалы білім, өзін-өзі дамыту мүмкіндігі, пікірін ашық білдіретін орта қажет. Адам қоғамнан өзін шет сезінбеген кезде оны радикалды топтардың арбауына түсіру де қиындайды.
– Толеранттылық тәрбиесінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қандай?
– БАҚ-тың рөлі өте үлкен. Журналистер қоғамдағы әртүрлі пікірді сауатты әрі жауапкершілікпен көрсете алады. Сонымен бірге қоғамда өшпенділік пен араздықты күшейтетін таптаурын түсініктерді таратпауға мән берген жөн.
Ақпарат құралдары толеранттылықты жай ғана ұран ретінде емес, күнделікті өмірдегі нақты мысалдар арқылы бере алады. Әртүрлі этнос, дін және әлеуметтік топ өкілдерінің бір қоғамда өзара құрметпен өмір сүріп жатқанын көрсету – қоғамдық келісімді нығайтудың тиімді жолы.
– Бүгінгі қоғамда экстремизмге қарсы ең мықты «иммунитет» не деп ойлайсыз?
– Меніңше, оның бірнеше негізі бар. Біріншісі – сапалы білім. Екіншісі – сыни ойлау. Үшіншісі – құқықтық және діни сауаттылық. Төртіншісі – отбасындағы дұрыс тәрбие. Ал бесіншісі – қоғамдағы өзара құрмет пен диалог мәдениеті.
Экстремизмге қарсы иммунитетті тек арнайы дәрістермен қалыптастыру мүмкін емес. Ол адамның бүкіл өмірлік тәжірибесі арқылы қалыптасады. Өзгені құрметтейтін, заңды білетін, ақпаратты саралайтын және қоғаммен байланысын сезінетін азаматтың радикалды идеологияға бой алдыру қаупі төмен болады.
– Әңгімеміздің соңында ата-анаға және жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Ата-ана баласының кіммен араласатынын ғана емес, оның не ойлайтынын, қандай сұрақтары бар екенін білуге тырысқаны жөн. Баланың күрделі тақырыптар жөнінде еркін сөйлесуіне мүмкіндік беру керек. Тыйым салудан бұрын түсіндіру маңызды.
Ал жастарға айтарым – кез келген ақпаратқа сын көзбен қараңыздар. Әсіресе эмоцияға қатты әсер ететін, қоғамды бір-біріне қарсы қоятын, «тек біз ғана ақиқаттамыз» деген ұстанымды насихаттайтын контентке сақ болған жөн.
Толеранттылық – әлсіздік емес. Керісінше, өзгенің пікірін тыңдай отырып, өз ұстанымыңды сақтай білу – азаматтық кемелдіктің белгісі. Қоғамдағы бейбітшілік те әр адамның күнделікті қарым-қатынас мәдениетінен басталады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен – Е.ЕРҒАЛИҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!