Сейсенбі, 02 шiлде, 20:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

«Таза қала»: Қызылорда көш басында

02.07.2024

121 0

Президенттің телерадиокешенінің «Таза қала» жобасы еліміздің әр аймағының көрікті жерлерімен қатар тазалығы сын көтермейтін аумағын да аралап, қала тазалығының жайкүйін саралайды. Бұған дейін Тараз, Шымкент, Түркістан өңірлерінде болған түсірілім тобы жуырда Сыр өңіріне де табан тіреді.

Қызылорда қаласы соңғы он жыл көлемінде тазалыққа баса көңіл бөліп, сәулеті келіскен шаһарға айналуда. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген тәмсілді ұстаным еткен қала тұрғындары тазалық сақтауда тұрақты түрде сенбілікке қатысуда. Бүгінде қалада «Таза Қазақстан» акциясының шеңберінде апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда. Соның аясында қоғамдық жерлерден бөлек, шет аймақтарда да тазалық жайы көңіл көншітерлік.

Қалада тазалықтан бөлек көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қолға алынған. Шаһардың құрылыс алаңына айналуы, жыл сайын қала аумағы кеңейіп, жаңадан бой көтерген нысандар аумағын көгалдандыру ісі жолға қойылып келеді. Осындай жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қызылордада абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқын алған.

Ал «Таза қала» жобасында әр аймақтың тазалығын эколог, урбанист секілді арнайы сарапшылар сараптайды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы секілді бес критерий бойынша бағалайды. Сыр өңіріндегі түсірілім барысын бақылаған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев, урбанист Тұрсын Жиенбаева бұған қатысты өз ойларын білдірген. Сарапшылар тарапынан қатты қалдықтарды өңдеу мен сұрыптау мәселесі басқа қалалармен ұқсас екенін, қоқыс жәшіктері мен инфрақұрылым жетіспейтіні айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан жобада сынға түскен аймақтар арасында Сыр өңірі жалпы есепте 20 ұпаймен көш бастап тұр.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: