Сәрсенбі, 06 қараша, 19:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Тұрмағамбеттің тапқырлығы

06.02.2024

539 0

Сурет: Г.Оралова

Менің әкем кезінде Қармақшының Ақжар ауылында тұрған. Көрнекті ақын Тұрмағамбеттің әңгімелерін көп айтушы еді. Өзі ақынжанды болған соң ба, көпшілігін жаттап алған. Ол кезде тыңдағанын жаттап алмаса, кітап деген аттыға табылмайтын кезең екен. Тіпті жазатын қағаз таппайтынбыз дейді әкем күрсініп. Расында, біздің әкелеріміз таршылық заманда өмір сүрген ғой. Ол кездегі үлкен кісілердің зердесінің мықтылығына таң қалмасқа шараң жоқ. Үлкен дастандардың өзін жаттап алуға ынтық болған. Шынында, ол заманда импровизация мықты дамыған. Ауыз әдебиетінің небір қаймақты жырлары туған кезең десе де болады. Ол кезде жиын-тойда елді желпіндіріп тастайтын әңгіме айтуға машықтанған шақ. Сондай бір жиында әкем Асқардың Тұрмағамбеттің тапқырлығы жайлы айтқан әңгімесі бар болатын.

Бір сараң бай болыпты. Сараңдығы сонша ешкімге үйінен ас бермейді екен. Оның үйіне бір күні ауылнайлар келіп түссе, оларға тоқты сойып береді. Ауылнай, болыстар кетісімен байдың үйіне бірі-екі жолдасымен Тұрмағамбет келіпті. Әлгі бай ақынға мал сояйын десе малын қимай, соймайын десе ақынның тілінің ащылығынан қорқып, үй сыртына әйелін шақырып алып «Мына жағы түскірге тағы да тоқты соямыз ба?» деп кеңеседі. Әйелі «жаңа ғана тоқты сойдық, күнде екі тоқты сойсаң байғұс-ау нең қалады? Мал өлтіргің келсе, ана жүрген құрттай көк лақты сой», – дейді.

Бұл сөзді Тұрмағамбет үйде отырып естиді. Әйелінің кеңесін мақұлдаған ол кешкісін көк лақты бақыртып, есіктің алдына көлденең тартып Тұрмағамбетке: «Қане, қонағым, сізге несіп болған мал екен, бата қылып жіберіңіз» дейді.

Сонда ақын қолын жайып :

– Кеңесіп сойған лақтан,

Көсіле ішкен көже артық.

 Тоқты жеген қонақтан,

Бұл қонақтың несі артық,

Семіз болса соя бер,

Арық болса қоя бер, – деген екен.

Сараң бай ұялғаннан тоқты сойған екен. Қазақ салтында сыйлы қонаққа тай сояды, болмаса қой сояды, бірақ лақ соймайды. Соның ішінде бай адамға лақ сойған ұяттың ұяты болған. Сөйтіп, ақын бата арқылы сараң байдың пейілін шебер ашып, өткір әжуалаған.

Тағы бірде Тұрмағамбетті «Халық жауы», «Дінді насихаттаушы молда» деп заң орындары тексеріп жатқанда әйелі ақынға тамақ әкеліп береді. Тұрекең мұсылмандық салтпен тағамды «Біссіміллә» деп бастап іше бастайды. Сонда тергеуші «Ей, мұсылмандықты насихаттаушы сен не деп отырсың?» деп бас салады. Оған мән бермеген ақын: «Құлақтарың дұрыс естімей ме? Мен тамақ «ыссы ма?» деп жатырмын», – деп құтылған екен.

Тұрмағамбет 1930 жылдары қасына інісін ертіп, Қазалы ауданында тұратын нағашыларына барады. Нағашылары күтіп алып, сыйлап, кетерінде соғымға жылқы қосып беріп шығарып салады. Аттары қасында, жолда келе жатса, Қазалыға жақындағанда милициялар кездесіп, «ат ұрлап келе жатырсыңдар» деп түрмеге қамайды. Бұларды көп қылмыстылар жатқан үлкендеу бөлмеге әкелсе, үлкен самаурынды ортаға алып, бір топ қазақ жігіттері шай ішіп отырады. Күн ыстықта шөлдеп келген бұлардың да шай ішкісі келіп отырғанын байқаса да, байқамағансып шайға шақырмайды. Орталарындағы Орынбай деген кісіні «Ореке, Ореке» деп дабырласып жатқандарынан, Әлім ата балалары екені сөздерінен аңғарылады.

Сонда Тұрекең дабырласып жатқан топқа:

Ішінде Орынбайдай ағасы бар,

Сонан соңғы жасы кіші баласыңдар.

Таласпай, татулықпен ішсеңдерші,

Самаурын үлкен көрінеді, қанасыңдар.

Шөменмен қонысым бір болысыммен,

Әлімде туыстыққа таласым бар.

Самаурын күнде қайнап келіп тұрса,

Менің де бір шәйнек су аласым бар, – депті.

Содан Орынбай ақсақалдан бастап, Тұрекеңмен танысып, білісіп, шайды бірге ішіп сыйласыпты. Түрме басшыларына келіп, бұларды ұры деп ұстау қателігін дәлелдеп, түрмеден шығуға көмектесіпті. Қандай керемет ұлағатты әңгімелер. Сөздің құдіретіне бұрынғылардың қалай тоқтағанына таң қаласың. Сөздің қадірі кетсе, береке-бірліктің де құты қашатын секілді. Бір ауыз сөздің киесі мен қасиетін білген қазақ неткен ұлы халық десеңші!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: