Сәрсенбі, 08 мамыр, 14:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Әке жолын жалғаған ару

07.03.2024

578 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Жаңа базар аумағында көліктің қосалқы бөлшектерін сататын тұсы қызу тіршілікке толы. Бірі көлік доңғалағын жөндейді, тағы бірі басқа да бөлшегін жөндеп, жаңасына ауыстырып жатады. Ал енді бірі көлік қозғалтқышының сұйық майын жаңалайды. Осы қатардағылардың көпшілігі Эльмираның есігінен сығаламай қайтпайды. Өйткені мұнда мотор майларының түр-түрі бар. Заты әйел болғанымен, әкесінің 25 жыл бұрын бастаған кәсібін жалғап, әке аманатын орындап жүр. Қазақ қыз бала десе, көрпе көктеп, тігін тігетін, мұғалім болып,бала оқытатын, дәрігер болып, адам емдейтін маманды ғана көз алдына келтіреді. Әйтсе де 5 жылдан бері мотор майларын сатып отырған Эльмира Әлішева бұл оймен келіспейді. Өйткені жұмыс жынысқа бөлінбейді. Көңіліңнен шығып, ойыңа тұрақтаған сала болса, оны сүйіп атқарсаң, ең маңыздысы – осы.

 – Әрине, көпшілік бұл қыз балаға тән жұмыс емес деп жатады. Мен бұл жұмысым үшін ұялған да, қысылған да емеспін. Әкем осы кәсібі арқылы үш қызды аяқтандырды. Отбасымызды ешкімнен кем қылмады. Сонан соң адал еңбек етті. Ешкімді алдап сатпады. Қазақта «Дүниені білген алданбайды, ақыретті білген алдамайды» деген бір керемет сөз бар. Қай заттың сапасы қандай екенін тап басып айтып, тұтынушысына тәптіштеп түсіндіретін әкемнің өнері маған қонғанына қуаныштымыз. Бұл – әкемнің асыл мектебі. Болашақта да оның атына дақ түсірмей, өзі салған сүрлеумен отбасымызды асырай бермекпін, – дейді Эльмира Алтайқызы.

Аядай ғана орынға алғаш аяқ басқаннан бастап, мұнтаздай таза көрінісіне тәнті боласыз. Сөреде тұрған әрбір қораптың, сүзгілер мен мотор майларының ешбірінен шаң байқамайсыз. Мұнысы да қыз баланың жасап отырған кәсібі екенін аңғартатындай.

 – Осыдан бес жыл бұрын әкем мені қасына ерте бастады. Алдымен есік алдын сыпырып, тазалау әдетін бойыма сіңірді. Сонан соң кісі келемін дегенше, сөренің ой-шұқырын сүртіп, шаңнан тазартамын», – деген Эльмира сәл кідірді де, ойын ары қарай жалғай түсті. «Әкем өте адал адам болатын. «Адал еңбек ет, затыңды алдамай сат, сенікі дұрыс болса да ешкіммен ұрыспа, өзің дұрыс бол. Сонда ғана бәрі жақсы болады» деуші еді… Қазір сол әкемнің берген бағыт-бағдары мен ақылы бойынша еңбек етудемін. Жаман емеспін, шүкір айтамын. Сапасыз зат сатпаймыз, бағасы да қалтаға қонымды, халықтың жағдайы көтеретін бөлшектер. Бізге қаладағы көлік жүргізушілерден бөлек, алыс ауылдардан ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті заттарды да алуға келеді. Кәсіп ең әуелі сол ауыл шаруашылығы техникаларының бөлшегін сатудан басталған. Сондықтан одан қол үзбейміз. Қазір нарықта қытай көліктері көбейген соң арнайы сол қытайлық көліктерге құятын майларды да алдырып, тұтынушыға ұсынып отырмыз. Нарыққа ілесе білу керек, – дейді кәсіпкер.

Бұл жұмыстың жауапкершілігі жоғары. Өйткені әрбір қозғалтқышқа сәйкес келетін май құймасаңыз, көлігіңіз әп-сәтте істен шығып қалуы да мүмкін. Қыстың қытымыр суығына шыдас беретін тосол, антифриз тәрізді сұйықтықтың да тәуірін сатып жүр. Сауда саласының адамдарының арасында «Бір күндік сауда қылма» деген ұғым бар. Егер «сабақты ине сәтімен» келіп тұрса, бір тұтынушының келесі жолғы таңдауы да сен болуың керек. Нарықтың заңы да осылай бәсекеге бағыттаған.

– Бізге әртүрлі адам келеді. Біреулер азайған майды қалыпты көлемге келтіру үшін құятын аз көлемдегісін алады. Тағы бірі моторды толық жинап, тексеру үшін алады, ондайда бағасы төмендеуін ұсынамыз. Өйткені халықтың шығындалмауын қалаймыз. Тағы бірі қозғалтқышына ең сапалысын іздейді. Кей пысықтар бағасына байланысты деп, арзанын қымбатқа сатып жіберуі де мүмкін. Саудаң адал болса, берекесі мол болады. Келген адам келесіде рахметін айтып кетеді. Миллиондап, миллиардтап пайда тапсаң да халықтың алғысына жетпейді. Елге еңбек еткеннің бағы тұрақтайды, несібесі артады. Оған сан мәрте көзім жеткен, – дейді Эльмира ағынан жарылып.

Эльмираның өзі де көлік жүргізеді. Сондықтан ол көлік күтімін жақсы біледі. Қыста қатпайтын тосол, антифриздерді пайдаланады және келушіге де жақсысын ұсынады. Көлікке енді отырған жігіттерден артық білетін ол таңқалдырудан жалықпайды.

– Кейде қай көлікке қанша литр керек екенін сұрайды. Көліктің маркасын сұрап аламын да, синтетика ма, жоқ әлде жартылай синтетика ма, қою ма, сұйық па, майлылығы қаншалықты болу керек – соның бәрін айтып беремін. Қыс пен жаз айларында екі түрлі май құяды. Қайсысы дұрыс екенін кеңес беріп айту – менің күнделікті жұмысым. Біреуге көмегің тиіп жатса, қуануың керек. Мұны маған әкем үйреткен. Әкемнің айтқан ақылының арқасында жұрттың батасын алып жүрмін. Ширек ғасыр болған кәсіпті әлі де ары қарай жетілдіріп, өміршең ету – әкемнің алдындағы перзенттік парызым. Мен мұны аманат деп қабылдаймын, – дейді әке жолын жалғаған қыз мақтанышпен.

Эльмира қазір тұрмыста. Жолдасы екеуі өмірге перзент әкеліп, оны тәрбиелеп отыр. Әдепкіде жолдасы бұл кәсіпті тоқтатып, қыз балаға тән жұмыс істеуді ұсынған. Бірақ Эльмираның таңдауы әкесінің ізбасары болу екенін түсінген соң, кәсібінің дамуына қолдау көрсетеді. Өзі заңгер екен. Эльмира «Жолдасыңмен түсінісіп, таңдауың бір болғанда, сені қолдап тұрғанда алмайтын асу да, бағындырмайтын белес те жоқ» дейді.

Иә, «кәсіпке – береке» деп, біз де тілеулестігімізді білдірдік.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: