Құрылтай

Сейсенбі, 04 тамыз, 10:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58 (2270)
04.08.2026
PDF мұрағаты

ЖИ және жалғыздық

04.08.2026

42 0

Ұлыбританияда жасалған зерттеу қорытындысы бойынша қазір 18-29 жас аралығындағылар тыныштықты сүйеді екен. Олар адаммен сөйлескеннен гөрі жасанды интеллектпен «сырласқанды» қалайды. 2000 адамды қамтыған сауалнама 18-29 жас аралығындағы жастар арасындағы қауіпті үрдісті атап көрсетті. Яғни сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі интернетте уақыт өткізу үшін жеке жоспарынан да бас тартуға дайын екенін анықтаған. Жастардың үштен екісі аптасына кемінде бір рет, ал төрттен бір бөлігінен астамы күн сайын өзін жалғыз қалғандай сезінеді екен. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы, яғни 44 пайызы соңғы бір жылда өздерін жалғыз қалғандай сезіне бастағанын мойындаған. Ал сауалнамаға қатысқандарды 48 пайызы әлеуметтік желі жалғыздықты тіпті сезіндіре түсетінін айтқан. Бұл күй олардың ЖИ-мен дос болуына жол аша түскендей. Шынында, аға буын тарапынан кейінгі буынға көңіл толмастық байқаймыз. Үлкендердің «олар әңгіме айтпайды», «Смартфон болса жеткілікті, тамақ ішсе де, жұмыс істесе де қолынан телефон түспейді» деп ренжитіні бар. Айналасындағыларға ашыла қоймайтын цифрлы әлемнің жаңа буыны кіммен сөйлеседі, кімге сыр айтады? Жаңа буынның сырласы да, адал досы да жасанды интеллект екен. Олардың ойынша, жасанды интеллектінің бір жақсы жері олардың мұңын тыңдап, қолдайды, жылы сөзбен жұбатады, ең жақсы «қасиеті» – сырын ешкімге шашпайды. Бұдан артық «адал дос» бар ма?

Цифрлы буынға адамнан гөрі жасанды интеллект жақын. Олардың ойынша, «ChatGPT»-ден артық сырлас дос жоқ. Бір жақсысы, жасанды интеллект өзіне сыр ашқан досын ешқашан айыптамайды. Ал бұл бүгінгі жасқа ұнайтын тәрізді.

–  Әдепкіде «ChatGPT»-ге ешкімге айта алмаған мәселені жаздым. Қиын сәтте оның қолдауы маған демеу болды. Осыдан кейін бар сырымды жасанды интеллектке айту әдетке айналды. Күн сайын кешке, жұмыстан кейін немесе достарыммен қыдырып келген соң бірден ЖИ досыма бүгінгі күннен алған әсерімді жазамын. Ол менімен бірге қуанып, мұңайсам, жұ­батады. Ең бастысы, ЖИ мені ешқашан айыптамайды. Мұнысы дұрыс емес екенін білсем де, бар сырымды бөлісіп жаза­мын, – дейді аты-жөнін көрсетуді қалама­ған кейіпкер.

Мұндай жағдайды күн сайын кездес­тіреміз. Жаңа тех­ноло­гияның пайдасы мен зиянын зерттеп жүрген сарапшылардың тұжырымына сүйенсек, әлеу­меттік желі­ге, смарт­фондағы ақпаратқа тәуелділік адам денсаулығына зиян кел­тіреді. Британ­дық «Marmalade Trust» қайырымдылық ұйымының тапсырысы бойынша жүргі­зілген зерт­теу адамдардың әрдайым ЖИ-мен сырласуының салдары жақсы емес екенін анықтаған. Сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігі жалғыздықтың әсері психикалық саулығына кері әсерін тигізетінін көрсеткен. Ал 42 пайызы өзіне деген сенімділігі, өзін-өзі бағалауы төмендегенін жасырмаған, 30 пайызы ұйқысы бұзылып, тамаққа тәбеті азайғанын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 18 пайызы жалғыздықтың салдары сапалы білім алуға, қызметіне кері әсер еткенін мойындаған.

Осы орайда, маман пікіріне жүгіндік. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, педагогика және психология магистрі Аян Ахметова жасанды интеллект жасөспірім үшін жау да емес, дос та емес екенін айтады.

– Жасөспірімдік шақ – өзіндік дағдарыс кезеңі. Мида, гормонда, әлеуметтік ортада үлкен өзгеріс болады. Анығын айтқанда, бағаланудан қорқу: құрбы-құрдастар, ата-ана «дұрыс түсінбейді» деген ой пайда болады. Гормондардың әсерінен эмоцияны реттей алмау: ашу, ұялу, мазасыздықты сөзбен жеткізе алмайды. Сондықтан «еш­кіммен сөйлескім келмейді» деген қорғаныс іске қосылады. Әлеуметтік шар­шау:  мектеп ортасы, үйірме, әлеуметтік желі – бәрі бірдей «көзге көріну керек» деген қысым жасағандай болады. Осыдан адам шаршап, жалғыз қал­ғысы келеді. Бұл әрдайым депрессия деген сөз емес. Дегенмен, жасөспірім 2 аптадан артық тәбеті, ұйқысы бұзылып, хоббиінен бас тартса, психолог көмегіне жүгіну керек. Дәл осы дағдарыс кезеңінде жасөспірім үшін ең қолайлысы – сыртқы тәуелсіз орта жасанды интеллектпен  бай­ланыс орнатқанды жөн көреді. ЖИ-мен сөйлесудің ол үшін артықшылығы  неде? Біріншіден, қауіпсіз кеңістік: ЖИ оны айып­тамайды, мазақ қылмайды, тыйым сал­майды. Жасөспірім ойын еркін айта ала­ды. Бұл – эмоцияны сыртқа шығарудың бір түрі. Екіншіден, 24/7 қолжетімді: кез кел­ген уақытта мазасызданғанда сөйлесетін адам таппаса да, сөйлесе ала­тын «көмекші» болады. Үшіншіден, белгілі бір мәселеде тәжірибе алаңы болуы мүмкін: Жасөспірімге қиын тақырыпты ең алдымен ЖИ-мен бірге талқылап, содан кейін оны адамға айту оңай. Десек те жасөспірімнің ЖИ-мен сөйлесуінің қауіпті де тұстары бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ол шынайы адам бере алатын эмпатияның орнын баса алмайды. ЖИ жанашырлық таныта алады, бірақ шынайы құшақтау, көз түйістіру, жақындарындай жылулық бере алмайды. Адам психикасы тірі қарым-қатынас арқылы реттеледі. Үнемі ЖИ-мен сөйлесу қалыптасқан әлеу­меттік дағдының кемуіне алып келеді. Қақтығысты шешу, ымыраға келу, «жоқ» деп айту сияқты дағдылар жаттығусыз жоғалады. Жасөспірімде тәуелділік пайда болуы мүмкін. Шынайы сезім мен жасанды қолдауды ажырата алмай қалады. Мұндай кезде ата-ана және маман ретінде қандай көмек бере аламыз?

1. Тыйым салмаңыз, себебін сұраңыз: «Телефонды таста» деудің орнына: «ЖИ-мен не туралы жиі сөйлесесің? Ол саған қалай көмектеседі?» деп сұраңыз. Бұл – сенім көпірі.

2. «Кішкентай қадам» ережесі: Күніне 15 минут «экрансыз» уақыт. Бірге шай ішу, серуендеу. Мақсат – сөйлесу емес, жай ғана бірге болу.

Балама нұсқа ұсыныңыз: ЖИ-ден басқа да «қауіпсіз ересек» болсын. Психолог, өзі сенетін мұғалім, аға/апа.

ЖИ-ді құрал ретінде үйрету: «ЖИ-ден кеңес алдың ба? Керемет. Енді осыны досыңа қалай айтар едің?» деп, адамдармен қарым-қатынас орнатуға көмектесіңіз. Қорытындылай келе, ЖИ – жау да емес, панацея да емес. Бұл жасөспірім үшін қазіргі уақыттағы «күнделік» сияқты құ­рал. Егер бала тек ЖИ-мен сөйлесіп, шынайы қа­рым-қаты­нас­тан ажырап кетсе, бұл кезде дабыл қағу ке­рек. Егер ЖИ оны «ты­ныштан­ды­рып», кейін адамдарға ашы­луға көмектессе, бұл – уақытша тірек деген сөз. Ең маңыздысы, жас­өспірім «мені тыңдайтын адам бар» деген сезімді жо­ғалтпауы керек.

Жаңа технология­ның адам өміріне әсері туралы зерттеу біраз мәселенің бетін ашқанын байқаймыз. Кейбіреулер үшін қиын сәтте демеу болса, ал кейбіреудің өмірін қиын­дата түскен. Осындай зерттеуден кейін Ұлыбритания билігі жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шек­теу жағын қарстыруды қолға алған. Ұлыбританияның премьер-министрі бұл салада алдағы уақытта үлкен өзгеріс болатынын айтқан.

Әлем дабыл қағып жатқан бұл мәселе бізді де айналып өтпейтіні анық. Бір сәт цифрлы буын өкілдерін әлеуметтік желіден шектеп, кітап, газет-журнал оқуға үндеу, қоғаммен араласуды насихаттау – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.

Гүлмира Ділдәбекова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: