Қазіргі заманда ойын баласы далада ойнағаннан гөрі үйге үйір. Себебі күні-түні телефон қарап жатқанды тәуір көреді. Соның салдарынан смартфон мен әлеуметтік желіге көп уақыт бөлетін балалардың қатары артып келеді. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жасөспірімдерге жаңа қауіп-қатер төндіріп отыр.
Балалар мен жасөспірімдерге интернет кеңістігінен төнетін қауіп әлемдегі көп елді алаңдатуда. Бірқатар елде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салып, заң деңгейінде бақылауға алынған. Елімізде де цифрлы платформалардан жеткіншектерді қорғау – басты назарда. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да үнемі алаңдаушылық білдіріп келеді. Ұлттық құрылтай отырысында ел Президенті цифрлық кеңістіктегі бақылаусыздық ұлт болашағына қауіп төндіретінін атап айтты. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде балалардың санасы мен дүниетанымының қалыптасуына әлеуметтік желілер мен интернеттің ықпалы зор. Сондықтан өскелең ұрпақты зиянды ақпараттан, жат идеологиядан, агрессия мен жалған құндылықтардан қорғау – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шараларды қабылдауды тапсырған еді. Бүгінде балалардың жеке деректерін өңдейтін цифрлық платформаларға қойылатын талаптар күшейтілуде. Бұл шаралар ата-аналарға балаларының интернеттегі қауіпсіздігін тиімді бақылауға мүмкіндік беріп, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы зерттеуіне сәйкес, елімізде 6 миллион 900 мыңға жуық бала бар. Балалардың 46 пайызы интернетті 5 жасынан бастап пайдаланады. Зерттеу барысында мамандар жасөспірімдердің интернеттегі қауіп-қатерге қаншалықты жиі тап болатынын анықтаған. Сауалнамаға мыңнан астам жасөспірім қатысқан. Олардың 21 пайызы буллингке ұшырағанын айтса, 10 пайызы интернет арқылы бейтаныс адамдармен танысып, кездескенін және бұл туралы қамқоршысына хабарламағанын жеткізген. Ал 7 пайызы өздеріне қауіпті фото және бейнематериалдар келгенін айтқан.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда балаларға қауіпті әрі заңсыз 27 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Олардың қатарында онлайн-казино, есірткі мен құмар ойындарды насихаттау, суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын, сондай-ақ балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін ақпараттар бар.
Балалардың интернетті 5-8 жас аралығынан бастап белсенді қолдана бастауы цифрлық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін арттырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, технология дамып, балалардың интернетте отыруы мұндай қауіптердің де арта түсуі мүмкін.
Зерттеулерге сүйенсек, жеткіншектердің бір бөлігі интернетте бейтаныс адамдармен сөйлесіп қана қоймай, олармен шынайы өмірде кездесуге де дайын. Бұл – балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлудің қажеттігін көрсетеді.
Қатаң бақылау қажеттілігі
Балалар психологы Гүлдана Бабаомарованың пікірінше, қоғам тарапынан жасөспірімдер мен жастарды қадағалау шараларын әлі де болса күшейту қажет.
– «Бүгінде әлеуметтік желі баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат іздеу, білім алу, достарымен қарым-қатынас жасау, шығармашылықпен айналысу – мұның барлығы цифрлық кеңістік арқылы жүзеге асады. Алайда әлеуметтік желіні шектен тыс әрі бақылаусыз пайдалану баланың денсаулығы мен психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Ата-аналардан жиі еститін мәселенің бірі – баланың түнге дейін телефоннан ажырамауы. Кейбір жасөспірімдер түнгі сағат 2-3-ке дейін әлеуметтік желі қарап отырады. Мұндай әдет ең алдымен баланың ұйқысын бұзады. Ұйқысы қанбаған бала ашушаң болып, эмоционалдық тұрғыдан тұрақсыздық танытуы мүмкін. Бұл оның сабақ үлгеріміне, мұғалімдерімен және достарымен қарым-қатынасына әсер етеді. Сонымен қатар баланың қызығушылығы төмендеп, көңіл күйі өзгеруі ықтимал, – деп атап өтті психолог.
Маманның айтуынша, мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны қалай және қаншалықты пайдалануда.
– Әлеуметтік желінің өзі қауіпті емес. Өйткені одан балалар да, ересектер де қажетті ақпарат алады, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытады. Негізгі мәселе – оны қалай және қанша уақыт пайдалануда. Бұл жерде ата-ананың бақылауы маңызды. Баладан телефонды 100 пайыз алып қоюға болмайды. Әлеуметтік желіні қолдануға рұқсат берген жөн, бірақ оны сапалы әрі өзіне зиян келмейтіндей пайдалануды ұйымдастыру қажет, – дейді психолог.
Психолог атап өткендей, цифрлық кеңістіктегі тағы бір өзекті мәселе – баланың өзін өзгелермен салыстыруы. Әлеуметтік желіде адамдар көбіне өмірінің ең әдемі сәттерін ғана көрсетеді. Бірі жетістігін жарияласа, енді бірі сыртқы келбетін, саяхатын, қымбат заттарын немесе басқа да мүмкіндіктерін көрсетеді.
– Балаларға әлеуметтік желіде көрсетілген нәрсенің барлығы шынайы өмірдің толық көрінісі емес екенін түсіндіру керек. Әр адамның өз ерекшелігі, өз қиындығы бар. Баланың құндылығы лайк пен қаралым санына байланысты емес екенін үнемі айтып отырған жөн, – дейді маман.
Оның айтуынша, цифрлық әлемнен баланы толықтай оқшаулау бүгінгі таңда мүмкін де, тиімді де емес. Әлеуметтік желінің білім алуға, шығармашылыққа және өзін дамытуға берер мүмкіндігі көп. Сондықтан ата-ананың басты міндеті – телефонды баладан тартып алу емес, оны дұрыс пайдаланудың мәдениетін қалыптастыру.
– Балаға уақытты басқаруды, интернеттегі ақпаратты саралауды, жалған мен шынайыны ажыратуды, өзгенің өмірімен өзін салыстырмауды үйрету қажет. Ең бастысы – ата-ана баланың цифрлық өміріне бақылаушы емес, бағыт беруші ретінде араласуы керек. Өйткені қауіпсіз интернет ортасы тек тыйыммен емес, сенім, келісім және дұрыс тәрбие арқылы қалыптасады, – дейді маман.
Маман әлеуметтік желіге тәуелділіктің бірнеше белгісін де атап өтті.
Біріншіден, бала телефонды қолынан тастамай, қайта-қайта әлеуметтік желіге кіргісі келе береді. Екіншіден, телефон қолданған кезде айналасындағы адамдардың сөзін естімей, өзіне жасалған ескертулерге назар аудармауы мүмкін. Сондай-ақ алдын ала келісілген уақытта телефонды өз еркімен қоя алмау да маңызды белгі. «Қазір қоямын» деп бірнеше рет кейінге қалдыру – баланың өз әрекетін бақылауы қиындағанын көрсетуі мүмкін. Ал ата-анасы телефонды алып қойған кезде баланың қатты ашулануы, агрессия көрсетуі немесе мазасыздануы да назар аударуды қажет етеді. Бұған қоса, бас, мойын, желке және арқа ауруы, ұйқының бұзылуы, сабақ үлгерімінің төмендеуі, тәбеттің өзгеруі сияқты физиологиялық және күнделікті өмірдегі өзгерістер де гаджетті шамадан тыс пайдаланудың салдары болуы ықтимал.
Психолог маман ата-анадан телефонды жасырып пайдалануәрекетіне назар аударуға кеңес береді.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының логопед маманы Арайлым Шымпатқызының айтуынша, телефонды еркінен тыс қолдану баланың кеш сөйлеуіне тіпті, психологиялық денсаулығына кері әсер етеді. Мәселен, логопед маманының сөзіне сүйенсек, бүлдіршіндерді көп жағдайда когнитивті функциясының, тілінің кеш шығуы мазалайды. Мұның салдары гаджетті шамадан тыс пайдаланумен байланысты екені белгілі.
– Бүгінде баланың тағдырына бейжай қарайтын ата-аналар көп. Сәбилер 8-9 айлығынан бастап телефонға телміріп, анимация көріп жүр. Яғни, ата-ана мен бала коммуникациядан алыстап барады. Соның кері әсері енді дамитын балаға әсер етіп отыр. яғни, телефонға байланып, адаммен кері байланыс жасамайды. Салдарынан атын естімей отыра береді, сөйлеуі кешіге бастайды. Мәселен, балаға 3 жасқа дейін мүлдем телефон беруге болмайды, – дейді ол.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!