Құрылтай

Сейсенбі, 11 тамыз, 11:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60 (2272)
11.08.2026
PDF мұрағаты

Алтынай ТӨЛЕГЕН, Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің түлегі: Мен қалай жоғары балл алдым?

11.08.2026

39 0

Өткен аптада мемлекет грантының иегерлері анықталып, ҰБТдан жоғары балл жинаған түлектердің де  нәтижесі белгілі болды. Кеше ғана  мектеп қабырғасында жүрген жас түлектердің үміті ақталды.

Қаламыздағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің түлегі Алтынай Әділқызы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 139 балл алып, қала бойынша жоғары нәтиже көрсеткен еді. Ата-анасының, ұстаздарының да үмітін ақтап,  грант иегері атанған Алтынай Төлегенмен әңгімелесудің сәті түсті.  Жас түлек бұл жетістікке қалай жеткені, қиындықтарды еңсеру жолы мен алға қойған арманы туралы айтты.

– Шынымды айтсам, 139 баллды көргенде алғашқы секундтарда сенбей, қатты толқып тіпті аяқ-қолым дірілдеп кетті. Осындай балл жинау колымнан келгеніне қатты таңқалдым. Үздіксіз еңбек, ұйқысыз түндер ақталды. Негізі, географияны меңгеру қиын, өйткені ол тек картамен ғана шектелмейді. Оның ішінде тақырыптар өте көп. Кейде бәрін білемін деп жүргенде, өзіме таныс емес тақырыптар көп кездесетін. Алайда сол білмейтін тақырыптарды меңгеру маған ұнайтын. Сол тақырыптарды күні-түні оқитынмын, оқып бітпейінше демалмаймын. Осылайша алға жылжып отырдым. Ал математика пәні маған бастауыштан қатты ұнайтын. Сол себепті  математика маған қиынға соқпады. Бос уақытымда үнемі есеп шығарып жүргенімнің көп септігі тиді, – дейді Алтынай.

Алтынай жоғары нәтижеге жету үшін әлеуметтік желілерден бас тартқан.

– ҰБТ-ға дайындық кезінде әлеуметтік желілерден бас тарттым. Себебі бірінші уақытыңды алады, екіншіден, көңілің бөлінеді. Бұрын TikTok пен Instagram-ды күніне 3-4 сағат көретінмін. ҰБТ-ға дайындық кезінде шаршау мен уайым да болды. Қиын сәттерде өзіме демалыс беріп, жақындарыммен сөйлесіп, ең бастысы, алға қойған мақсатымды еске түсіремін. Менде үнемі күйзеліс, уайым бәрі қабаттасатын. Бірақ жақын адамыма айтып, жеңілдеп қалатынмын. Шаршасам да, ата-анамның үмітін ақтауым керек деп, дайындығымды жалғастыра бердім, – дейді жас түлек.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар…»

Алтынай жоғары нәтижеге қалай жеткенін айтты.  Дайындықты аз-аздан болса да үзбеу, өзіне сену және артық уайымға салынбау маңызды. 

– Дайындыққа күніне 20 минут бөлу­дің өзі үлкен жетістікке жеткізуі мүмкін. Мықтылардың қатарында болуға тырысыңыз. Артық уайымға салынбаңыз және өзіңізге сеніңіз. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап…» – дегендей, адамды тек білімі мен табанды еңбегі ғана алып шығады, – дейді ол.

Табандылықтың жемісі

Алтынайдың ҰБТ-дағы жетістігін Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдегі ұстаздары да  жоғары бағалайды. Сынып жетекшісі Гүлсамал Шыңтасованың ай­туынша, жас түлектің бойындағы басты қасиеті – еңбекқорлық, жауапкершілік және мақсатқа деген табандылық.

– Алтынай – өте тәрбиелі, ақылды, еңбекқор, пысық әрі жауапкершілігі мол оқушы. Алдына мақсат қойса, қандай кедергілер кездессе де, соның бәрінен өтуге талпынды. Оның жоғары нәтиже көрсетуінің сыры – «ҰБТ-да жоғары балл алу – менің міндетім, мақсатым» деп өзіне талап қоюында. Алтынай осы жауапкершілікті сезініп, оқудан бас алмады. Өзге балалар сияқты ойын-сауыққа, отырыстарға көңіл бөлмей, бәрінен бас тартып, тек сабақ оқыды. Өз мақсатына жету үшін ұйқысыз түндер, жауапкершілік, табандылық пен ізденіс керек екенін түсінді. Әр кезеңнен сәтті өтіп отырды. Соның арқасында жоғары нәтижеге жетті, – дейді жетекшісі.

Алтынайдың жетістігі – өзі білім алған мектеп үшін де үлкен абырой. Жетекшісі бұл мектепте бұған дейін де ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар болғанын атап өтті. 

– Кейбіреулер «жекеменшік мектепке ауыстырамыз, қарапайым мектепте білім болмайды» деп ойлайды. Алайда №264 мектеп-лицейде жоғары балл алатын оқушылар көп. Менің өз сыныбымда Алтынаймен бірге 128, 129 балл алған оқушылар бар. Өткен жылы бір оқушым 136 балл жинады. Яғни қарапайым мектепте оқып та осындай үлкен нәтижеге жетуге болады. Ол үшін баланың мектепте де, үйде де дайындығы болуы керек. Біріншіден, ата-ананың қолдауы мен жағдай жасауы міндетті түрде қажет. Екіншіден, мектептегі ұстаздар берген ақпаратты, тапсырмаларды жүйелі түрде, жоспармен орындап отырса, бала соның бәрін бойына сіңірсе, нәтиже болады. Алтынай тек мектептегі дайындықпен шектелген жоқ. Қосымша онлайн курстарға да қатысты. Мектептегі мұғалімдерден де жақсы білім алды. География пәні бойын­ша олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын­дар алып жүрді. Алтынай әрдайым алда бол­ды, – дейді сынып жетекшісі.

Гүлсамал Шыңтасованың айтуынша, ҰБТ-ға дайындықты соңғы сыныпқа қалдырмай, ертерек бастау керек.

– «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, дайындықсыз мұндай жетістікке жету мүмкін емес. Дайындық міндетті түрде керек. Ол тек 11-сыныпта емес, 9-сыныпты бітіргеннен кейін-ақ бала ҰБТ-ның қаншалықты маңызды екенін түсініп, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Алдында үлкен сынақ тұрғанын, оған жалғыз өзі емес, ата-анасы, ұстазы, мектебі үміт артатынын түсінуі керек. Соны сезінгенде ғана бала жетістікке жетеді. Алтынайдың бұл жетістігі – үлкен дайындықтың нәтижесі, – дейді ол.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: