Қала инфрақұрылымын дамыту мен шет аймақтағы ағайынның тұрмыс сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бас шаһарда тұрғындардың қауіпсіздігі мен көлік қозғалысының қолайлылығын арттыру бағытында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асуда. Осы бағытта «Бәйтерек» тұрғын ауданына қатынасты жақсарту мақсатында жаңа көпір құрылысын қолға алған еді. Қызылжарма каналы арқылы өтетін бұл өткел тұрғындарының көптен күткен қуанышы әрі аймақтың логистикалық әлеуетін арттырады. Бүгінде мұндағы құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілу сәті жақындап қалды.

Қызылжарма каналының үстінен бой көтерген жаңа көпірдің ұзындығы 56 метрді құрайды. Инженерлік нысан заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы материалдармен тұрғызылуда. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген, тәжірибелі мердігер мекеме – «Асанас Дар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
Көпір құрылысын салуда қауіпсіздік пен төзімділікке баса назар аударылған. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған жұмыстардың 95 пайызы толықтай аяқталды. Қазіргі уақытта мердігер мекеме қызметкерлері нысанның әрлеу, жиектерін бекіту жұмыстарын жүргізіп, айналасын абаттандыруда. Инфрақұрылымы реттелген аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да алға басатыны анық. Жаңа өткел тұрғындардың, соның ішінде мектепке қатынайтын балалар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіз, әрі қолайлы қатынасын толық қамтамасыз етеді. Оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір көлік қатынасын жеңілдетіп, шағын ауданның көлік тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, қыркүйекте Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталады. Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін қақпаға айналады. Сондай-ақ алдағы уақытта қала дамуына жаңа серпін беретін тағы бір ауқымды жоба жоспарланып отыр. Ол – Сол жағалау мен қаланы жалғайтын заманауи автожол көпірі. Иса Тоқтыбаев көшесінің бойынан бастау алып, Сырдария өзені арқылы өтетін өткелдің жалпы құны 19,5 миллиард теңгені құрайды. Стратегиялық нысан қаланың қос бөлігін жақындатып, көлік кептелісін азайтуға септігін тигізбек. Көпір құрылысын бастау үшін республикалық бюджетке өтінім берілді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!