Туған жердің аптап ыстығы да, дауылы да, өңменнен өтер қара суығы да жұмысқа кедергі емес. Шілденің шыжыған ыстығында маңдай терін жеңімен сүртіп, кірпіш қалауды әрі қарай жалғастыра беретін құрылысшының дәл қазір бар ойы – жұмысты сапалы әрі дер кезінде аяқтау. Гүрілдеген техниканың құлақ жарған үні, күн сайын биіктей түскен ғимарат оны шабыттандыра түскендей. Ал ғимарат кілті табысталған сәттегі сезімді айтып жеткізуге сөз жетер ме, сірә?! Мақтаныш сезімі, жо-жоқ мақтаныш деуге болмас, бір бақытқа бөленгендей ерекше қуаныш. Күн сайын қайнаған құрылыс алаңын алыстан бақылап жүрген халықтың енді ғимарат алдына жақындап келіп, риза болғаны, алғаусыз алғысы. Дәл осы сәтте дауылға да, жауынға да қарамай еткен еңбектің жемісін сезінері сөзсіз. Әне, көпбалалы ана пәтер кілтін ұстап қуаныштан жылап тұр, ал мына жас отбасының қуанышында шек жоқ…
Адамдарға әрдайым қуаныш сыйлау үшін мезгілге де, уақытқа да қарамайтын құрылысшылар еңбегі өлшеусіз. Сапалы құрылыс салумен танымал «Промстройсервис-Е» компаниясының бұл салада қызмет етіп келе жатқанына бүгінде 26 жыл болды. Осы жылдар ішінде жүздеген құрылыс салып, сапаны бірінші орынға қойған мекеменің Сыр өңірі құрылысында да ерекше қолтаңбасы бар. Мекеме басшысы Манарбек Еспенбетов 40 жылдан аса құрылыс саласында еңбек етіп, мамандықтың абыройын асқақтатып келеді. Құрылыс саласында танымал компания Сыр елінің бас шаһарының шырайын келтіріп, сәні мен сәулеті келіскен құрылыс салуда аянбай еңбек етіп келеді. Атап айтар болсақ, сол жағалаудағы «Ақмешіт» тарихи мұражайын, өткен жылы пайдалануға берілген «Физика-математика» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын, сол жағалаудағы 7 қабатты үйдің бірін салған да осы мекеме. Бүгінде құрылыс алаңына айналған Сырдың бас шаһарында қала келбетіне ерекше сән беретін жаңа құрылыстарды салуға да атсалысуда.
Бүгінгі күні тұрғындардың назарын аударған Президент саябағы айналасындағы құрылыс басында да «Промстройсервис-Е» компаниясының құрылысшылары еңбек етуде. Анығында, Президент саябағы маңында қаз-қатар салынатын 23 көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталса, соның 9 қабатты екі үй құрылысын аталған мекеме бастап та кетті. Оқырман есіне сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын «Промстройсервис-Е» құрылыс компаниясының сол жағалауда 7 қабатты тұрғын үй құрылысын салып жатқанын жазған едік. Кәсіби мереке қарсаңында мекеме басшысынан кейінгі үш жылдан бергі жұмыс барысын сұрадық.
– Кез келген құрылыс компаниясының жұмысы сапалы құрылыс салумен өлшенетіні белгілі. Бұл орайда, сапаны бірінші орынға қоятынымызды әрдайым айтып келемін. 2024 жылы қалада 40 пәтерлік 5 қабатты 2 үй, 50 пәтерлік бір үй салып, кілтін тапсырдық. Өткен жылы мамыр айында қаланың сол жағалауында 7 қабатты 1 үйді салып, пайдалануға бердік. Тағы бір 7 қабатты үй құрылысы аяқталып қалды, күз айында пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, өткен жылы сол жағалауда 400 орындық физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, жанында 300 орындық жатақханасын салдық. Қазір Президент саябағынан Шіркейлі көпіріне дейін 23 көпқабатты үй түседі деп жоспарланса, соның екі үйін біз салып бастадық. Әрқайсысы 90 пәтерлік екі үйді келесі жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Мұнан бөлек, Жезқазған қаласы маңындағы Жәйрем кентінде спорт кешені құрылысын бастаймыз. Яғни, біздің «Промстройсервис-Е» құрылыс компаниясы тек туған жерде ғана емес, Қазақстанның әр бұрышында құрылыстың өркендеуіне үлес қосуда, – дейді мекеме басшысы Манарбек Еспенбетов.
Шынында, құрылыс сапасы бірінші орында. Жиырма жылдан аса ел алғысын арқалап келе жатқан компания басшысынан құрылыс сапасы туралы сұрадық.
– Құрылыс саласына өмірін арнаған біз үшін сапа – әрдайым басты орында. Менің ұстанымым – құрылысты аяқтап, беріп құтылу емес. Пайдалануға берген әрбір нысанды одан кейін де назардан тыс қалдырмай, кейбір майда-шүйде кемшіліктері болса, жөндеп береміз. Қолтаңбамыз қалған құрылыс нысанына сын айтылмас үшін әрдайым әрбір қағылған шегеге дейін мұқият қараймыз. Бұл жауапкершіліктен ешқашан қашпаймын да. Оның үстіне, қазір заң таалабы да күшейді. Биыл жаңадан өзгеріс енген «Құрылыс» кодексінің талабы бойынша мердігер компания өзі салған құрылыс нысанының іргетасы, қабырғасы, шатыры, қасбеті сапасына 10 жылға кепілдік беретіні талап етілген. Сол себепті де кез келген құрылыс компаниясы бірінші орынға сапаны қояды деп ойлаймын, – дейді ол.
«Промстройсервис-Е» компаниясы туған жерді түлетуге айтарлықтай үлес қосып келеді. Қаладағы қасбеті жаңа кейіпке енген үйлер, ойын алаңдарының салынуына демеушілік есебінде үлес қосқан мекеме басшысы бұл ісін азаматтық парыз санайды.
– Кейінгі екі жыл ішінде демеушілік есебінде құрылыс салуға 700 млн теңге қаржы жұмсадым. Соның ішінде өткен жылы компания қаржысы есебінен Арал ауданы Тоқабай елді мекеніне 150 орындық мектеп салып бергенімізді атап айтқым келеді. Бала біздің болашағымыз ғой. Олардың уақыт талабына сай мектепте білім алуына жағдай жасауға үлес қосқанымды мақтан етемін, – дейді Манарбек Нағымұлы.
Бір айта кетерлігі, құрылыс компаниясының тағы бір ұстанымы – өз құрылысымызды өзіміз салу. Бұл – мекеме басшысының өзіне де, ұжымға да қояр талабының бірі. Құрылыс саласына жас мамандарды тарту, шәкірт тәрбиелеу аға буынның міндеті деп білетін компания басшысы құрылысшыларға барынша жағдай жасап келетінін де жасырмады. Дегенмен маман тапшылығы бар екенін де айтты.
– Кейінгі кезде құрылыс саласында маман тапшылығы бар екенін айтып келеміз. Жастар құрылысқа келе бермейтінін несіне жасырамыз. Бұрын еңбек нарығын Өзбекстаннан келген гастербайтерлер толтыратын еді. Қазір тек жергілікті мамандарды ғана жұмыспен қамтып отырмыз. Алайда қара жұмыс істейтін жастарды майшаммен іздеп таппаймыз десек, артық айтқандық емес. Қазір дәнекерлеуші, электрик мамандар қасқалдақтың қанындай тапшы болып отыр. Әрлеуші, бетон құюшы, ағаш ұстасы деген де жоқ. Қаламызда қаншама кәсіптік-техникалық колледжден, оқу орындарынан жыл сайын маман бітіріп шығады, алайда «мен оқу бітіріп едім, жұмысқа аласыз ба?» деп келген бірде-бір жасты көргенім жоқ. Бұл – өте өзекті мәселе. Бір алаңдатарлығы, қазір құрылыс саласында 20-25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандар жүр. Олардың орташа жасы – 45-60 жас аралығында. Олар ертең зейнетке шықса, орнын кім басады? Қазір тепсе темір үзетін жігіттер құрылыс саласында еңбек еткеннен гөрі, жеңіл-желпі жұмыс істегенді тәуір көреді. Әйтпесе, жас маманның жағдайын жасап, қуана қарсы алуға дайынбыз. Мен компанияда еңбек етіп жүрген мамандарға барынша жағдай жасап отырмын. Жұмысшыларға тамақ тегін, қызметтік автобус бар, жалақысы уақытылы беріледі. Мұнан бөлек, компанияның техникалық бөлімінің мамандарына жеке көлігіне жанармай шығыны мекеме есебінен, пәтер жалдап тұратын жас мамандардың пәтерақысы да төленеді, – дейді мекеме басшысы.
Бүгінде компанияда маман тұрақты. Тіпті 26 жылдан бері компаниямен бірге жұмыс істеп келе жатқан құрылыс бригадалары бар. Атап айтқанда, Мөлдір Әсетова, Бақытбек Ертілеуов, Сәуле Алтынбаева басқаратын құрылыс бригадалары сапаға жұмыс істейді.
– Бұл құрылыс бригадалары компаниямен әріптестік байланысты үзген емес. Тіпті 26 жылдан бері бізбен бірге жұмыс істеп келе жатыр десек артық айтқандық емес. Бұл – сенім мен сапаның нәтижесі. Бір жағынан, мамандарға жасалған жағдай – тұрақтылық кепілі. Сонымен қатар оқу бітіріп келіп, осында жұмыс істеп, бүгінде майталман маманға айналған кадрлар да бар. Мысалы, Ержан Молдабаев техникум бітіріп келіп, мекемеде еңбек жолын жұмысшы болудан бастап, бүгінде шеберге дейін өсті. Сондай-ақ жоғары оқу орнын бітіріп келіп, компанияда жұмыс істеп жүрген прораб Берікбол Нұрман, учаске бастығы Досбол Разаков пен Нұрсұлтан Құдайбергенді атап айтар едім. Бұл азаматтар – кеше диплом алған жас маман болса, бүгінде құрылыстың қыр-сырын білетін нағыз мамандар. Құрылыс саласында осындай жастар көбейсе екен деймін, – дейді Манарбек Нағымұлы.
Әрине, құрылысшы үшін әрбір салған құрылыс нысаны өзіне ыстық көрінеді. Дегенмен жыл өткен сайын артқа қарағанда мақтаныш сезімін туғызатын жобалар болатыны сөзсіз. Әңгіме арасында Манарбек ағаға «қолтаңбаңыз қалған қай құрылыс нысанын мақтанып айтар едіңіз?» деген сұрақ қойдық.
– Өткен жылы пайдалануға берілген физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатын атап айтар едім. Дарынды балалардың кереметтей ғимаратта оқып жатқанын көргенде көңілім толады, Бұл ғимаратты салуға ең бірінші сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының еңбегі ерен дер едім. Ғимарат құрылысын бастамас бұрын Нұрлыбек Машбекұлы облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов екеумізді шақырып алып, Астана қаласы маңындағы Қосшы ауданына жіберді. Сол жақта «BI групп» құрылыс компаниясы мектеп салған екен. Бізге сол мектепті мұқият көріп келіп, сол ғимарттан кем болмайтындай етіп мектеп салуды тапсырды. Бір айта кетерлігі, тапсырып ғана қойған жоқ, құрылыстың басы-қасында өзі жүрді. Аптасына кемінде екі рет құрылыс алаңына соғып кететін. Мектептің әрбір қаланған кірпішіне, қағылған шегесіне, тіпті боялған түсіне дейін мән берді, ой қосты, кеңес берді. Нәтижесінде керемет ғимаратта дарынды балалар оқып жатыр. Елге қызмет етуде Нұрлыбек Машбекұлының талабы да, тәртібі де талай нәтижелі жобаның жүзеге асып, Сырдың бас шаһары, тіпті әр елді мекені жаңарып, мақтанатындай дәрежеге жетті. Нұрлыбек Машбекұлының елге болсын деген ұстанымын қазіргі облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының жалғастырып жатқанын ел күн сайын көріп отыр. Қызметке келген күннен өңірдегі құрылыс қарқынын тоқтатқан жоқ. Сырбойылық құрылысшылармен әрдайым пікірлесіп, құрылыс нысандарын аралап, басталған жобалардың жүйелі жалғасын табуына ықпал етуде. Ең бастысы, елге қызмет еткен азаматтардың талабы да, мақсаты да бір, елге болсын, ел игілігін көрсін деген ниет. Осындай биік мақсатпен, асқақ арманмен жүзеге асқан жобаларда туған жерді түлеткен азаматтардың қолтаңбасы бар. Ал игілігін ел көріп жатыр, – дейді туған жердің көркейгенін мақтанышпен жеткізген Манарбек Еспенбетов.
Құрылыс компаниясында қарбалас жұмыс, үстел үсті жоба сызбаларына толы, ал сыртта – қайнаған қызу тіршілік. Ел игілігіне берілетін тағы бір зәулім нысандар алыстан мен мұндалайды.
– Қызылорда облысы бойынша Құрылысшылар ассоциациясының төрағасы ретінде еліміздің, туған жердің көркеюіне үлес қосып жүрген құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Құрыш білек құрылысшыларға зор денсаулық, еңбекте абырой тілеймін! – деп әңгіме түйінінде мерекелік лебізін білдірді Манарбек Еспенбетов.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!