Сенбі, 29 тамыз, 01:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№65 (2277)
29.08.2026
PDF мұрағаты

Ұстаз туралы сөз

29.08.2026

23 0

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында «партократ» сөзі жағымсыз мағынаға ие бол­ды. Сол кезеңдегі барлық қиындықтар мен әлеуметтік күйзелістерді көпшілік пар­тия қызметкерлерімен байланыстырды. Алайда жылдар биігінен қарайтын болсақ, мұндай жалпылама пікірлердің тым асығыс әрі негізсіз болғаны бүгінде анық байқалады.

Қызылорда облыстық партия комитетінің соңғы партия комиссиясының төрағасы Нұрмақ Тоқмырзаев болды. Менің алғашқы партиялық ұстаздарымның бірі болған Нұрекең биыл 93 жасқа толар еді. Оның өмірден өткеніне тура он жыл болды. 2016 жылдың жазында жүрегі сыр беріп, дүниеден озды.

Оны жақсы білетін жандар Нұрекеңнің өмір жолында аз сыннан өтпегенін, мұның денсаулығына кері әсер еткенін әрдайым еске алатын. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы екі кішкентай ұлымен бірге туған-туыстарын паналауға мәжбүр болды.

Бұл – отызыншы жылдардың, соғыстың және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдердің уақыты еді. Нұрмақ бала кезінен сол жылдардың ауыртпалығын иығымен көтерді, күндіз масақ теріп, кешкісін майшамның жарығымен сабаққа дайындалатын. Ересек өмірге нық қадам басу үшін одан үлкен күш-жігер, табандылық пен білім талап етілді.

Соған қарамастан, айналасындағы адам­дарға, қарамағындағы қызметкерлерге қатыс­ты қандай да бір шешім қабылдағанда, ол әрдайым мәселені жүрегінен өткізетін. Кейде оның шешімдері көпшілікке ұнай бермейтін. Бірақ сол кезеңнің жағдайына сай, түптеп келгенде, олар әділетті болатын. Өйткені сөз қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың жолын кесу және оларды түп-тамырымен жою туралы еді.

Нұрекеңді өмірінің соңғы жылдарында жастардың рухани жұтаңдығы, қандай жол­мен болса да байлыққа ұмтылуы, халықтың дәстүрлі адамгершілік құндылықтарының азғын­дауы қатты алаңдататын.

1980 жылы облыстық партия комитеті­нің аппаратына қызметке келгенімде, Нұрекең насихат және үгіт бөлімінің меңгеруші орынбасары болып жұмыс істейтін. Оған бөлім қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру, бөлім­шенің тиімді қызмет атқаруына қажет­ті жағдай жасау міндеті жүктелген еді. Нұрмақ Тоқмырзаұлы бұл міндетті абыроймен атқарды.

Білімі бойынша философ болған ол бас­қарудың барлық тетігін шебер пайдаланып, бөлім жұмысының бірқалыпты жүруін қамтамасыз ететін. Сол жылдары бөлімде бес ғылым кандидаты – Нұрділдә Уәлиев, Қозыбек Асқаров, Жәлел Бәкіров, Абжами Айсауытов, Хатира Наурызбаева және екі кәсіби журналист – Әскербек Рахымбеков, кейінірек Әділхан Байменов қызмет етті. Олардың әрқайсысы – өзіндік болмысы бар ерекше тұлғалар еді. Нұрекең олардың әрқайсысымен тіл табыса білді.

Осының арқасында бөлімдегі моральдық-психологиялық ахуал жоғары деңгейде болды. Қызметкерлер өздерін әрдайым қорғалғандай сезінді, кәсіби тұрғыдан өсіп, қызмет баспалдағымен көтерілді. Дәл сол кезеңде Қуаныш Шапшаңов, Олжабай Сапарбаев, Еркін Айтуманов, Әскербек Рахымбеков, Әділхан Байменов, Асылбек Жұмабаев және осы жолдардың авторы дербес жұмыстарға, жоғары қызметтерге ұсынылды.

Бөлім қызметкерлерінің арасындағы қарым-қатынас шығармашылық әрі іскерлік сипатта болды. Бұған бөлім басшысы Нұрділдә Уәлиев, Нұрмақ Тоқмырзаұлы және облыстық партия комитетінің хатшысы Дәуірхан Айдаров арасындағы өзара қарым-қатынастың да ықпалы зор еді. Олардың арасындағы адамгершілікке негізделген жылы ахуал бізге жоғары тұрған басшылыққа жалтақтамай, еркін жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Кейін Нұрмақ Тоқмырзаұлы Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Біраз уақыттан соң өзі біздің бөлімге басшылық етті, оның орынбасары Жәлел Бәкірұлы болды.

Жалпы, Айдаров–Уәлиев–Тоқмырзаев, кейін Айдаров–Тоқмырзаев–Бәкіров сынды идео­логиялық үштік өңірдегі саяси-тәрбие жұмы­сының жетілуіне айтарлықтай үлес қосты.

Мәдениетті дамытуға, Сыр өңірінде айтысты қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл жұмыстар республика үкіметі мен қоғам тарапынан да жоғары бағаланды. Н.Бекежанов атындағы театрдың әртістері Жібек Бағысова мен Серік Шотықов Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері атанды, ал Манап Көкенов Қазақстанның халық ақыны атағына ие болды.

1985 жылы Н.Бекежанов атындағы драма театрының жаңа ғимараты пайдалануға беріл­ді. Бұл актерлер мен басқа да шығармашы­лық қызметкерлерге техникалық жағынан жақсы жабдықталған сахнада өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берді.

Жаңа сахнаға гастрольдік сапармен келген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының КСРО халық әртістері Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Бикен Римова секілді сахна саң­лақтары да оның жоғары деңгейін бағалады.

Сол жылдары, яғни 80-жылдардың басы мен ортасында, облыс тұрғындары Манап Көкенов, Махамбетқали Тұрсанов, Замаддин Ибадуллаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, Серік Өтепов, Ниятолла Раманқұлов секілді айтыс өнерінің шеберлерін сахнадан асыға күтетін. Сол жылдары Серік Ыдырысов, Нұрберген Тастаев, Лена Әбдіқалықова және басқа да ақындар айтыс аламанында алғашқы қадамын жасады. Шамшат Төлепова, Әбілаш Әбуов, Көшеней мен Бидас Рүстембековтер, Алмас Алматов Сыр өңіріне тән жыраулық дәстүрді белсенді насихаттаушыларға ай­налды. Олардың өз мектептері қалыптасып, ізбасарлары пайда болды. Бұл тақырыпты Лена Әбдіхалықова жиырма жыл бойы арнайы зерттеп, нәтижесінде «Сыр сүлейлері» атты ғылыми еңбек жазды. Кейін осы еңбегінің негізінде кандидаттық диссертациясын қорғады.

Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қазақ мәдениетінің шынайы жанашыры әрі наси­­хатшысы еді. 80-жылдардың екінші жартысында ол Орталық телевидениенің түсіру тобымен бірге Сырдарияның төменгі ағы­сына арнайы келіп, айтыс, жырау және терме сияқты ән сайыстары мен дәстүрлі өнер түрлеріне арналған материалдар түсірді. Мақсаты – бұл өнерді басқа өңірлер мен ел­дердің тұрғындарына таныстыру болатын.

Сол жылдары Қызылордада республика­лық семинар өтті. Қармақшы ауданында Қор­қыт пен Тұрмағанбет Ізтілеуовке ескерткіш­тер ашылды. Ал бірыңғай саяси күндер қоғам­дық пікірді зерттеудің тиімді көрсеткіштері­нің біріне айналды. Әртүрлі деңгейдегі басшылар­ға ай сайын қойылатын сұрақтар билік органдарының жұмысындағы кемшіліктер мен түйткілдерді ашып көрсетіп, жағдайды түзету үшін тиісті шаралар қабылданатын.

Басшылардың халық алдында есеп беруі оларды шыңдап, халыққа жақындата түсті әрі қоғамдағы түрлі мәселелерден хабардар етті. Меніңше, бүгінде Қазақстанда әртүрлі мінберлерден айтылып жүрген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сол кездің өзінде іс жүзінде өмір сүріп, жұмыс істеген.

Нұрмақ Тоқмырзаұлымен қызмет бабында Қазақстанның 60 жылдығын дайындау және өткізу қарсаңында жақынырақ араластым. Осы шараға қатысты басқарудың барлық тетігі Нұрекеңнің қолында болды.

Өңір тарихына арналған статистикалық жинақтар мен кітапшалардың тұтас сериясы жарық көрді. Бұл басылымдар ғалымдар мен зерттеушілерге, студенттер мен оқушыларға, сондай-ақ қалың оқырманға Сыр өңірінің тарихын зерттеуге айтарлықтай көмектесті.

Қазір бұл басылымдарды табу өте қиын. Олар библиографиялық сирек кездесетін дүниелерге айналып, жеке қорлар мен мұра­ғаттарда сақтаулы.

Нұрекеңнің бойындағы тиянақтылық, көре­гендік және өмірді қағаздан емес, шынайы болмысынан білуі маған әрдайым ұнайтын.

Ол бізді жұмысты жоспарлы түрде, артық даңғаза мен даурықпасыз, асығыстық пен абыр-сабырсыз атқаруға үйретті. Көрсеткішті, сыртқы сән-салтанатты, көптеген үгіт-насихат шараларына тән жасанды атрибуттарды ұнатпайтын. Жұмыс талабын қысқа әрі анық қоя білетін. Оның әрбір сөзінің астарында алдын ала ойластырылған, сараланған ұста­ным жататын. Мәселені барынша нақты әрі анық тұжырымдайтын. Әдетте қалыптан тыс ойлап, талқыланып отырған мәселеге күтпеген қырынан қарайтын. Қарапайым, көзге көріне бермейтін жұмыстан ешқашан қашпайтын, қаламды жақсы меңгерген еді. Басшылыққа дайындаған материалдарымызды ол редакциялағаннан кейін үштен бірге, кейде тіпті екі есеге дейін қысқартатын. Осындай талап пен шыңдаудың арқасында оның қарамағында жұмыс істеген облыстық партия комитетінің көптеген қызметкері бүгінге дейін өз ойларын қағазға сауатты жеткізе алады. Арамызда әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген қаламы жүйрік журналистер – Рахымбеков, Бәйменов, Егоров, Пірназаровтар да болды.

Нұрекең өз көзқарасын әрдайым батыл қорғайтын. Басшылықтан да, беделді адам­дардан да именбейтін. Оның принцип­шілдігі кейде басшылықты тығырыққа тірейтін.

Кей жағдайда ресми ұстаныммен сәйкес келе бермейтін пікірін ашық айтатын. Сонымен бірге ол жақсы психолог әрі білікті менеджер болды. Жағдайды зерттеп, қажет болған кезде басқару тәсілдеріне түзетулер енгізетін.

Әдетте оның тапсырмалары салмақты әрі нақты болатын. Ол міндет қоя отырып, сол міндетті ең қарапайым әрі қысқа жолмен қалай шешуге болатынын да түсіндіретін. Қарамағындағыларға ешқашан дауыс көтеріп сөйлеспейтін. Бірақ сенің кемшілігіңді соншалықты дәл байқап, кейде тіпті әзілмен жеткізетін, одан өзімізді ыңғайсыз сезінетінбіз.

Нұрекең қарамағындағы қызметкерлердің кәсіби өсуі мен білім алуын ғана бақылап қоймай, күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселелерді шешуге де көмектесетін.

Әріптесіміз Бибайша Байзақова, белгілі музыкант Мүлкаман Қалауовтың жұбайы, Нұрекеңнің моральдық қолдауының арқасында Мәскеуге бірнеше рет барып, жолдасының музыкалық шығармаларының ғылыми тұр­ғыдан ақталуына қол жеткізді. Ол Алматы консерваториясына жұмысқа шақырылды. Әртүрлі жылдары жазған музыкалық шы­ғармалары үшін доцент ғылыми атағы берілді.

Біріншіден, осындай ерекше шығарма­шылық тұлғаға қатысты әділдік қалпына келтірілді. Екіншіден, бұл атақ отбасының материалдық жағдайына да айтарлықтай қолдау болды.

Облыс тізгінін қолына алған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков Нұрмақ Тоқмырза­ұлының іскерлік қасиеттерін жан-жақты зерттеп, оған облыстық партия комитетінің партия комиссиясын басқаруды сеніп тапсырды.

Осы жылдары лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне қатысты комиссияға келіп түсетін хаттардың саны бірнеше есеге өсті. Қаралатын мәселелер кейде күрделі әрі екіұшты болғанына қарамастан, Нұрекең әр істен абыроймен шығатын.

Екі мысал келтірейін.

Облыстық партия комитетінің партия комиссиясы мұқият жұмыс жүргізіп, мате­риалдарды жан-жақты зерттеудің нәти­жесінде республикалық деңгейдегі алаяқ­тардың бірін әшкереледі. Ол өзін «сыртқы барлау қыз­метінің отставкадағы полковнигі» Садықов ретінде таныстырып, Аралды құтқару қорына орасан зор қаржы аударғанын мәлімдеген.

Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жазған «жомарт жан» туралы аңызды жоққа шығару үшін батылдық пен жігер қажет болды. Өйткені бұл тергеу жалған ақпараттың таралуына жол берген жоғары лауазымды адамдарға да қатысты еді.

Бұл істе Нұрмақ Токмырзаұлы мен оның қарамағындағы Құттыбай Сыдықов принципшілдік танытып, істі соңына дейін жеткізді.

Партия комиссиясы төрағасының прин­ципшіл екенін білетіндер басшылардың үсті­нен анонимді арыз-шағымдар жазатын. «Әлде­бір өсек немесе қауесет оның назарын аудара­ды» деп ойлайтын. Мұндай хаттардың саны есеп беру-сайлау партия конференцияларын дайындау және өткізу кезеңінде тіпті көбейетін. Бұл Нұрмақ Тоқмырзаұлынан сабырлылықты, жағдайды жақсы білуді және хаттарда келтірілген фактілерді мұқият зерттеуді талап ететін.

Бір ауданның партия конференциясы қарсаңында ол облыстық атқару комитетінің төрағасы Евгений Золотаревпен бірге актив жиналысын өткізіп, сондай хаттардың бірінде келтірілген деректердің шындыққа жанаспайтынын жұрт алдында дәлелдеді. Сондай-ақ коммунистердің аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы туралы пікірін тыңдады.

Коммунистермен ашық сөйлесу жабық есік артындағы әртүрлі әңгімелерге нүкте қойды. Ертеңіне конференцияда делегаттар өз басшысына бірауыздан қайта сенім білдіріп, оған жала жабылғанына қарамастан, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп қайта сайлады.

Нұрекеңнің адал достары көп болды. Олардың барлығымен қарым-қатынасы әрдайым жылы еді. Мысалы, өмірден өткен Камал Ормантаев, Ернияз Омаровпен студенттік кезінен дос болды. Ал Айтбай Стықбаев, Асылбек Нұралиев, Мақсұт Абдразақов, Нұғман Әбуов, Шамиль Нұрымгереев, Хамит Ембергенов, Камалладин Наурыз­баев, Сейтнәби Мұқашевпен комсомол және атқарушы органдарда бірге қызмет істеу бары­сында достық қарым-қатынас орнады.

Досы Асылбек Нұралиев қайтыс болғаннан кейін Нұрекең оның отбасына, жұбайы Қымбатқа, балалары Сәулеге, Алтынбекке, Айманға, Баянға, Шолпанға әрдайым көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жүрді.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де Нұрекең еліне пайдасын тигізуді жал­ғастырып, ардагерлер ұйымында қызмет етті. Немере-шөберелеріне қамқор болды. Онымен соңғы рет 80 жасқа толған күні өз үйінде кездестік. Сол кезде өмір жолы туралы естелік жазып жүргенін айтты.

«Егер Жаратқан ием соңына дейін ойла­ғанымның бәрін жазып шығуға мүмкіндік берсе, барлығын боямасыз жазуға тырысамын. Бұл менің алпыс жылдан астам бірге өмір сүрген, осы жылдардың барлығында маған тірек болған жұбайым Жастыкүлге, балаларыма, немерелеріме, туыстарыма, достарыма және әріптестеріме берген өзіндік есебім болмақ. Өмір бойы адал әрі жауапкершілікпен өмір сүруге тырыстым. Егер мұны жүзеге асыра алған болсам, оны өзімнің ең үлкен жетістігім әрі бақытым деп санаймын! – деді.

Нұрекең ойындағысын қағазға түсіріп үлгерді. Жұбайы Жастықкүл апай мен бала­лары дүниеден өткеннен кейін араға жыл салып, «Өшпес өнеге» атты кітап шығарып, оған Нұрекеңнің естеліктерін, сондай-ақ марқұмның әріптестері мен достарының естеліктерін енгізді.

Ол «Құрмет белгісі» орденімен, медаль­дармен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қызылорда қаласындағы көшелердің бірі­не оның есімі берілді.

Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Уақыттың өлшемі – адамның өмірі. Адам ғұмырының өлшемі – артында қалған іс», – деп жазған.

Ұстазым  Нұрмақ Тоқмырзаұлы ұрпағына ең қымбат әрі баға жетпес мұраны – өзінің кіршіксіз адалдығы мен ар-намысын қалдырды. Бұл қасиет оларға өмір бойы адамгершіліктің рухани төлқұжаты болып қызмет ететіні сөзсіз.

Кеңес МАХАМБЕТОВ,

еңбек ардагері, Астана

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: