Сейсенбі, 25 тамыз, 11:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64 (2276)
25.08.2026
PDF мұрағаты

Аралап  қайтайыншы сар даламды

25.08.2026

43 0

Қазақ даласының әр төбесі – тұнған тарих. Тілін тауып сөйлете алсаң, әңгімешіл. Жер әңгімешіл болған соң, онымен етене өскен ел әңгімешіл. Бұл мақалада жер тарихы жайлы әңгіменің алғашқы парағын ашуға талаптандық. Әрі қарай зерттеймін, зерделеймін деген көкірегі ояу, көзі ашық елжанды ұланға жолашар жасадық. Өйткені өз елінің, жерінің тарихын білген өрен ғана еліне, жеріне қызмет ете алады. Жалпы жер-су аттарын жердің табиғи бедері мен бейнесіне байланысты ел-халық береді. Осы аймақта ғұмыр кешіп, аты қалған арда азаматтардың, малшы-шопандар мен байлар, елге тұтқа болғандардың атымен аталған, тарихи оқиғаға байланысты қойылған болып жіктеледі.

Көктемдегі «Сарысудың» мол суы шайған өзеннің қолтық-қолтығы көкке оранып кілемдей құлпырады. Көгі ат шашасын жапқан жайлауды жайлаған Найман – мал мен жаннан тілеуі болған жомарт жан. Сән-салтанаты келіскен бай үйіне ат басын бұрып шөлін қандырып, түстенбей кететіндер некен-саяқ. Бүгінгі жүргіншінің жөні бөлек. Үстінде киім деуге келмейтін жамау-жамау лыпа ілген бір міскін табалдырықтан аттай бере талықсып, арқасын босағаға сүйеп отыра кетті. Сусын ішіп жан шақырған жігіттің Созақты бетке алып қалың тама ағайындарына қашып бара жатқаны белгілі болды. Байдың екі баласының жаз шыға серілік құрып, той тойлаудан қолы босап шаруаға қарайлайтын уақыты да жоқ. Барар жерінде ет жүрегі елжіреп күтіп отырған жақыны жоқ, жан бағып жүрген кедейді шаруаға жегіп, байдың қолы ұзарып сала берді. Еп-себі бар жігіттің қолы тиген жұмыс оясын тауып орындалып жатты. Ауылдағылар Құл атап кеткен бұл жігіт тамағы тойып, киім бүтінделген соң тыйланып бір көрім зіңгіттей жігіт болып шыға келді. Шаруа жайын Құлға табыстаған байдың көңілі демделіп:

– Таңдаған қызыңды айттырып отау үй етемін. Тек қалауыңды айт! – деді Құлдың арқасынан қағып.

Құлдың қалауы ажары мен ақылы асқан байдың қызы Айманда. Қыз да кетәрі емес. Күндердің күнінде Айман Құлға:

– Еліңе барып, бетімді ашып, ағайынның үйінен оң босаға аттап, келін болып түсейін. Әкем босаға аттаған соң батасын берер, – дейді.

Жараулы екі атпен азық-түлігін сайлаған екі ғашық түн қараңғысын жамылып, жолға шықты. «Сарысудан» Сырға құлайтын көш жолынан қиястау кетіп, із тастап батысқа бет алды. Таң ата қыз бен жігіттің қашқаны белгілі болып, бай қуғыншы аттандырды.

Бесін ауа ауылдан алпыс шақырымдай ұзаған екі жас түскі асты ала бергенде қуғыншылар да жетіп тап басады. Құл қата тиген соққыдан сол жерде жантәсілім етеді. Іздеушісі жоқ Құл бейбақ шала-шарпы көміліп, төмпешік болып қала берді.

Қаныпезерліктің белгісіндей болып, Сыр мен қырдың қиылысар тұсы – Кемердің бір биіктеу тұмсығы «Құл» аталып тарихта қалды. Озбырлыққа жаны төзбеген нәзік ару Айман он-он бес шақырым жүргеннен соң, ол да үзілді. Сүйгеніне қосыла алмай қор болған Айманның жан тапсырған жері «Айман», әрірегі «Айман сор» аталады.

«Обалы» – аумағы он шақырымдай болатын қазан шұңқырдың табанындағы бұлаққа дейін бес шақырымдай болатын Табиғат-ана ойып орнатқан алып аңғар. Көкиірім «Сарыапан» бетіндегі оба «Ана белгісі» аталады. Ол – қыр мен Сырға атағы бірдей жайылған Ахмет ишан Оразайұлының анасы қайтыс болғаны жайлы қаралы ха­барды естірткен жер.

Ұлы дарияның бір арнасы «Көксу» су жолы бойындағы көл­дерді толтырып, да­рияға қайта құятын кездері болған деседі қариялар. Сол кезде Тағай Әлпейіс ұста «Көксуға» көпір са­лады. Сол көпірдің аузында отыратын Оспан Тағайдың атымен «Оспан көпірі» аталып кетеді. «Сәдірдің сарайы» аталатын бұл мекен – бізден бұрын өткен талай жолаушының шаршаса түнеп, шөлдесе шөлін басқан, екі дүниенің сауабының егініне дән сепкен Сәдірдің сарайының орны. Сыр қазақтарын егіншілікке үйретіп, Арқа мен Сырдағы жолдың бойында малға да, жанға да жағдай жасап сарай салдырған, темірден түйін түйген кезінде Жолбарыс соққан бұл жер туралы талай аңыз әңгімеге жастай қанық едік.

Қаладан 38 шақырым шыққанда қыр мен Сырдың шекарасында «Дарбаза» құмы кездеседі. Созылып жатқан құмтөбенің ортасында жол өтер қақпасы бар жотадан асқан соң жер бедері өзгеріп сала береді. Одан әрі 40-50 шақырымға созылған әйгілі дариялықтың тақыры басталады. Ұзындығы бірнеше шақырымға созылар айтақыр көктемде қар суымен қақ болып шеті-қиыры жоқ айдын көлдер шалқып жатады. Аттың тізесінен аспайтын қақтың арасы, ойдым-ойдым құмтөбе, арал-арал бұйратты раң, жусан, арпақан ерте көктеп, малдың аузы көкке тиіп, тіпті қунап кетеді.

Одан әрі тақырдан шақырымдай болатын қашықта топырақ үйіп, жолаушыға белгі болу үшін «Үштаған» жатыр. «Бекшенің құмын» асып, Қызылордадан 53 шақырым шыққанда «Шұңқыркөңіне» құлаймыз. Төң­керіске дейін арқан бойы терең құдығы сексеуілмен шегенделген, кейін бетон құдығы болған, екі жағында бір көш жерге дейін су жоқ. Талайлардың шөлі қанып, түнеп аттанатын бұл мекен елсіз болмаған. «Шұңқыркөңіне» жеткен соң қозы көш батысқа бұрылып, «Жыңғылдықаққа» бет түзейміз. Бұл жерде екі айдай қой төлдетіп барып, тағы қырға беттейміз. Өткен ғасырдың 65-жылдарына дейін жер от, төрт түлік қыстан күйлі шыққан жылдары «Айман» асып барып тоқтайтын көш малдың жайымен осы арадан бөлек-бөлек отар болып, төл төгіні науқанына кірісіп кетеді.

«Қатынқұмы» деп аталатын жерге дейін ферма малшылары тыйланып алған соң «Сарысуды» бет алып жаз бойы малдың жайымен көше береді.

«Сөктің құмы» – «Қызылорда-Жезқазған» жолының жетпіс алтыншы шақырымындағы құмтөбенің аты. Қырдағы найман ағайындар Сыр бойына керуен тартып базарға мал сатып азық-түлігін алып, еліне қайтар жолда осы құмға ерулейді. Сыр бойындағы ағайындар дайындаған тары сөгінің дәмі аузынан кетпеген бай тарыны шикілей жейді. Мол қарбытып жеген сөк асқазанға түсіп, күпті болып жантәсілім етеді. Арыстай азаматтың жығылған жері «Сөктің құмы» аталып кетеді.

Бір көштік жерден көзге шалынатын биік төбе – «Қалмас». Кезінде таң атқаннан жолаушының бір қапталынан көрініп тұратын болғандықтан, осылай аталып кеткен. Әсіресе, жоқ іздегенге таптырмайтын мекен. Айнала күншілік жер көрінетін тақырлы жазық. Кейін мол сулы скважина қазып, қыр мен Сырдың арасына жол шеккен талай жолаушының қажетіне жараған. Басында көлік тұрағы, асхана, жатағы бар аялдама бекетіне айналған.

Одан әрі «Қарамола» аталатын алқап басталады. Дариялықтың тақыры аяқталып жер оты, қалың шөбі, жыңғыл бұталары қалыңдай түседі. Шығысы «Телікөл», батысы «Батпа-Зәуре», «Тайлақты» қуып барып «Қосшыңырау» арқылы Қармақшының тұсынан ұлы дария – Сырдарияға құлаған сулы, нулы өлке.

Одан әрі жер бедері өзгеріп, қырдың кемері басталады. Жері жусан мен баялыш өскен жазық жон. Осы жонға жете алмай қос қарашоқат болып, қос мұңлық Батпа мен Зәуре жатыр. Кемердің басында Сәдірдің ғашығы Күзембикені Ақтай болыс інісі Тайлаққа қалыңын төлеп алып берген. Екі балалы болғанда Сәдір ғашығын екі салт атпен Сырға қайта алып қашады. Бұл қорлыққа шыдамаған Тайлақ атына мініп шаба жөнеледі. Сол шапқаннан шауып келе жатып аттың шылбырын мойнына тұзақ етіп салып, өзін аттан лақтырып, тымақтай тастап жібереді. Кемердің басындағы жалғыз мола – Тайлақтың моласы. Сол жер «Тайлақ» аталып кетеді.

Тағы бір аңыз Тайлақ атты аңшы жігіт болыпты деп айтылады. Қырға атағы жайылған Тайлақ көбіне қақпанмен қасқыр аулайды екен. Бірде қасқырды індетіп, ізіне түсіп келіп апанына кезігеді. Қақпан басып әуелі құртқасын қолға түсіреді. Көзі жылтырап жатқан бөлтіріктерін алмақ болып апанды қаза бастағанда, опырылып құлап, аңшы бөлтіріктермен бірге топыраққа бастырылып қайтыс болады. Арқандаулы атты көріп келген ізшілер сол жерге жерлеп кетеді. Аңшының қорымы «Тайлақ» аталып кетеді. Осы жерде «Қарамола», «Қызылтам» «Құланбай тамы» қорымдары бар. Кейін Құланбай күмбезі жөндеуден өтіп, мемлекет қамқорлығына алынған тарихи ескерткіштер санатына жатқызылды.

Жолдың оң жағы – «Телікөл» алқабы. Жолбарыс жортқан ну қамыс тоғайлы «Телікөлдің» бір шетінен екінші шетіне жүрдек атпен бір күнде зорға айналып жететін еді дегенге кейінгілерді сендіре қою қиын.

«Сарысуды» «Сегіз сай» мен «Телікөл» тел еміп, қатар жатқан көл болғасын «Телікөл» атаған деп топшыладық. «Жерінің аты – елінің хаты» энциклопедиялық анықтамалығы «Телікөл» – бір заманда екі өзен «Шу» мен «Сарысу» құйған ортақ көл мәніндегі атау» деп жазады. Төркіні телу. Көл­дің жоғар­ғы жа­ғын­да Түкі Найман Қаратай Әжі­нің қыс­тауы мен Ахмет ишан қыс­тауы, ме­шіті қатар жатыр. Қаратайұлы Қожасбай мен Ахмет ишанқызы Бибі­араны үйлендіріп құда бол­ған жандар. Міне, текті ұрпақтардың жалғасы 1910 жылы осы «Телікөлде» туып, кейін Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақ Совет энциклопедиясының тұңғыш бас редакторы болған Мұхамеджан Қаратаев еді.

«Обалы» мен «Орыс қазғанға» дейінгі аралықта «Көкиірім Сарыапан» деп аталатын ұзындығы жиырма шақырым болатын терең аңғар жатыр, жағасы толған бұлақ. Сол бұлақтың бойында бесарықтық Ұзақбай Көрпебаев деген шопан бір жаз қой төлдетіп, жайлады. Көктемде қой төлдем кезінде жас төлдеген қой бір бөлек, қозылары аяқтанғаны бір бөлек, әлі туа қоймағаны бір бөлек жайылып, шаруа бір қолын екі ете алмай жататын қарбалас шақ. Ауыл маңында кеше ғана туған қозылы қойды бұлақ басына суармаққа айдап келе жатқан осы үйдің келіні Гүлмира қасқырды көріп абдырап қалды. Айқайлайын десе, дауысы шығар емес. Таяқ тастам жерде қара үйдің алдында екі баласы қаннен-қаперсіз ойнап жүр. Жары Қажақ та қой қайырып қыр асып кеткен бе, көріне қоймады. Бір жағы жас төлдеген мал, бір жағы өз ұрпақтарын жазым ете ме деп, жаны мұрнының ұшына келіп ышқынған ана бұлақ басында жатқан ескі құманды ала сала қасқырға ұмтылды. Қасқыр бір қапқанда балтырын жырып өтті. Қайта айналып қаппақшы болған қасқырды қара құстан ескі құманмен соғып үлгірді. Үрей мен ұрпағы үшін жанталасқан ананың соққысының қатты болғаны сондай, қасқыр сол жерде үзіліп түсті. Шабуылдап атасы да, жары да келе қалды. Қарапайым жас ана Гүлмира «қасқыр соққан келін» аталып кетті.

Одан әрі бір жоннан асамыз. Көлемі бұдан да үлкен ойпаң, ұзыны жүздеген шақырымға созылған тереңге құлдилай бересіз. Бұл жер 1966 жылы көктем айында орыс мамандары скважина қазғандықтан, «Орыс қазған» атанған. Бір жаз бойы бес-алты отар­ға суы да, жер жайылымы да еркін жететін құнарлы алқап жатыр. Оның батысында «Ақша қалған», «Өтеп қазған» аталатын мол сулы бұлақ, апандар бар. «Ақша қалған» жайлы аз-кем әңгіме қылайын.

Тағайбек, Аман деген ерлі-зайыпты шопанмен ұзақ жылдар бойы жаз жайлауы, қыс қыстауымыз бірге болатын. Он бала өсіріп-тәрбиелеген шаруа баққан момын жандар еді. Тағайбек – анасы Қаншайыммен жалғызілікті өскен Таздар руының жігіті. Қаншайым әжеміз самаурынға шай қойғанда шоқты жалаң қолымен жылдам салып қайнатып жатқанын көріп, үйге айтып келетінбіз. Сол әжеміз үйді көшіруге келгендермен асығыс тиеп, жүкті сілкілеп қағып жүргенде орамалға түйген бір бума ақша жұртта қалып қояды. Шопандардың айлығы молайған кез. Сарысу бойына көшкен Тағайбек ертеңіне таң қылаң бере жүрдек атымен жетсе, ақша жұртта жатыр екен. Осы оқиғадан соң бұл жер «Ақша қалған» деп аталады.

«Өтеп қазған» жайлы айтсақ, ашаршылықтың ащы дәмін татқан ел қатты күйзеліске ұшырайды. Халық бірді екі ете білетін пысық жандардың арқасында аман қалды. 1935 жылы аудан басшылары бір топ малшыны Ақтөбеге мал айдап әкелуге аттандырады. Алыс сапарға аттанған алты-жеті кісінің бірі Өтекең екен. Бес-алты айда арып-ашып айдап жеткізілген малды аудандағы барлық колхоздарға бөліп береді. Біздің шаруашылыққа тиесілі болған елу бес саулық, бес қошқар Өтекеңе сеніп тапсырылып, өз төлі есебінен көбейту міндеттеледі.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

Халықаралық Жазушылар Одағының,

Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі, өлкетанушы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: