Сейсенбі, 25 тамыз, 11:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64 (2276)
25.08.2026
PDF мұрағаты

Сыр өңірі саяси науқанда көш бастады

25.08.2026

43 0

Тәуелсіз ел тарихында халық пен билік арасындағы диалогты нығайту мақсатында елдік мәселелерді қозғаған Ұлттық құрылтайдың бес отырысы өтті. Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент болашақ парламенттің атауын Құрылтай деп өзгертуді ұсынған еді.

– Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі палаталы парламенттік жүйе тұрақты жұмыс істегенімен, кей жағдайда заң қабылдау процесін созбалаңға салып, бюрократиялық кедергілер кездесіп отыр. Жаңадан жасақталып жатқан парламенттегі депутаттар саны қоғам мен саяси ортада ең қызу талқыланған әрі пікір қайшылығын тудырған басты тақырыпқа айналды. Бұл мәселеде сарапшылар мен жұмыс тобы екіге жарылды деуге болады. Бірінші тарап елдегі халық санының өсу серпінін негізге алып, депутаттар мандатын пропорционалды түрде көбейтуді ұсынса, екінші тарап халық қа­лаулыларының санын 500-ге дейін жеткізу қажет­тігін алға тартты. Алайда Мемлекет басшысы шын мәнінде тиімді, ықшам әрі кәсіби Парламент құруды мақсат етті. Бүгінгі таңда жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды реформаларға заңнамалық тұрғыдан барынша жедел әрі сапалы қолдау көрсетуі тиіс. Әлемдік озық тәжірибе де депутат санын негізсіз көбейтудің  қажеті жоқ екенін көрсетті. Демек, негізгі меже – санда емес, сапада. Қоғамнан түскен сан алуан ұсыныстарды мұқият зерделеген жұмыс тобы ұзақ талқылаудан кейін нақты байламға келіп мандат саны – 145 болып бекітілді. Сонымен қатар құрылымдық тиімділікті арттыру үшін Құрылтай төрағасының үш орынбасары болады деп жоспарланды. Бұл бюрократияны азайтып, заң шығару ісін барынша жеделдетпек. Қоғам қажетті заңдық құжаттардың тез әрі сапалы қабылданғанын қалайды. Сондықтан алдағы жылдары Парламент қызметі түбегейлі қайта жасақталады және бұрынғыдай Мәжіліс пен Сенат болып бөлінбей, біртұтас құрылымға айналмақ.

І шақырылымдағы Құрылтай сайлауы тәуел­сіздік алған жылдан бері елде өткен оныншы парламенттік сайлау әрі биыл конституциялық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес құрылған Құрылтайдың алғашқы сайлауы. Конституциялық реформалар мен ұзақ талқылаулардан кейін, еліміз заң шығару билігінің жаңа белесіне қадам басты.  7 партия өзара бақталасқан Құрылтай депутаттарын сайлауына 9 млн 351 мың адам қатысқан. Сайлаушыларының жалпы саны – 12 605 788 адам. Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша сайлауға тізімге енгізілген азаматтардың 74,19 пайызы қатысқан. «Еуразиялық интеграция институты» мәліметінше, респонденттердің 72,1%-ы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін білдірген. Олар 3-13 шілде аралығында 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 1640 адамнан бетпе-бет сауалнама алынған. Ал «DATAMETRICS» ЖШС зерттеу нәтижелерін ресми сайтында тұрақты жариялап, Telegram арнасын да белсенді жүргізеді. Компания 13 маусым мен 2 шілде аралығында 8000 респондент арасында жүргізілген сауал­на­ма нәтижесін жариялаған. Оған сәйкес, 87,8% аза­мат Қазақстанның даму бағытын қолдайтынын, 75,6% Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін айтқан. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бұл ұйымдар қоғамдық пікірге сауал жүргізу туралы хабарлама ұсынған. Заңнамаға сәйкес, мұндай сауалнаманы осы салада кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізе алады. Қызылорда облыс бойынша 500591 азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Облыста 386 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 2720 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Сайлау күні Тасбөгет кентіндегі 226 сайлау учаскесіне келіп, өз таң­дауын жасағандардың қатарында Қаракөз Тілеужанова да болды. Ол еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін сайлауға атсалысу маңызды деп санағанын жеткізді.

Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған ресми деректерге сәйкес, сайлау күні сағат 20.00-дегі жағдай бойынша еліміздің өңірлерінде сайлаушылардың келу көрсеткіші қоғамның саяси реформаларға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Сайлаушылардың ең жоғары белсен­ділігі оңтүстік және орталық аймақтарда тіркелді. Көш басында Түркістан облысы тұр. Мұнда дауыс беру құқығы бар азаматтардың рекордтық 92,16 пайызы өз таңдауын жасаған. Одан кейінгі орынға 91,19% пайыз көрсеткішпен саяси науқанда айрықша серпін көрсеткен Жетісу облысы  жайғасты. Ал үздік үштікті Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысы өткен, Қызылорда облысы 90,75% түйіндеді. Бұл аймақтың тұрғындары ел болашағы мен жаңа парламенттің жасақталуына біркісідей атсалысып,  азаматтық жауапкершілік танытты. Динамика ірі мегаполистерде басқаша сипат алды. Сайлаушылардың ең төмен келу көрсеткіші Алматы қаласында тіркеліп, 43,23 пайызды құрады. Бас шаһар – Астана қаласында да белсенділік айтарлықтай жоғары болмады, мұнда азаматтардың 51,67 пайызы ғана дауыс беру учаскелеріне келген. Дегенмен жоғары республикалық көрсеткіш бірпалаталы Құрылтай сайлауының өткенін легитимді ете алады.

Орталық сайлау комиссиясы жариялаған Құрылтай сайлауы депутаттарына дауыс беру нәтижесі бойынша «Әділет» партиясы сай­лаушылардың 71.7% дауысын жинап, жеңіске жетті. «Ауыл» партиясы – 6,26 пайыз жинаса, «Respublica» – 5,56 пайыз. Ал сайлаушылардың 5,21 пайызы «Ақ жол» партиясына сенім білдірсе, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,11 пайыз жинады. Қазақстан халық партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы қажетті 5 пайыз дауысты жинай алмайды. Бұл сайлауда бұрынғыдай президенттік немесе арнайы квоталар бөлінбейді. Депутаттың барлығы тек партиялық тізіммен, халықтың тікелей таңдауымен ғана іріктелді. Айта кетейік, 145 депутаттық мандат жеңіске жеткен 5 партия арасында бөлінеді

Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыра­тын жоғары өкілді органға айналады. Конституциялық талаптарға сай, жиырма беске толған және елдің аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан ел азаматы Құрылтай депутаты бола алады. Ел тағдырын сеніп тапсыратын халық қалаулыларын іріктеу процесі де толықтай демократиялық принциптерге негіз­делген. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіліп, Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Әйелдер, жастар, мүгедек адамдар партиялық тізімнің кемінде 30%-ын құрауы керек.

Еліміз Еуропаның дайын парламенттік моделін көшіріп алмай,  елдің өзіндік саяси мәдениетін, элиталық құрылымын, аймақтық ерекшеліктері мен тарихи бағытын айқындайтын бірегей гибридті жүйені қалыптастыруда. Бұл – өте маңызды әрі стратегиялық айырмашылық. Анығында, еліміздегі конституциялық рефор­малар басқару режимін түбегейлі өзгертуді емес, мықты мемлекеттік институттар арқылы атқарушы биліктің үстемдігін заңдық тәртіпке келтіруді көздейді.

Конституцияға сәйкес, Үкімет Құрылтайдың жаңа құрамы қалыптасқаннан кейін өз өкі­леттігін тоқтатады. Алайда жаңа Үкімет құрамы жасақталғанға дейін ол өз міндеттерін атқара береді. Жаңадан сайланған 145 депутат Президент шақыратын Құрылтайдың бірінші сессиясына жиналады. Салтанатты отырыста депутаттар Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде өз өкілеттіктеріне кіріседі. Алғашқы сессияда депутаттар жасырын дауыс беру арқылы Құрылтай Төрағасын сайлайды. Төрағалыққа кандидатураны Президент ұсынады. Сонымен қатар Құрылтай Төрағасының үш орынбасары сайланып, заң жобаларын қарайтын және сараптайтын сегіз тұрақты комитет құрылады. Комитеттердің басшылары да осы тәртіппен айқындалады. Ең маңызды саяси рәсімдердің бірі – Премьер-министрді тағайындау. Президент Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультация өткізгеннен кейін Премьер-министр лауазымына кандидатураны Құрылтайдың келісіміне ұсынады. Депутаттар қолдаған жағдайда кандидат Премьер-министр болып тағайындалады. Одан кейін Премьер-министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы жөнінде Президентке ұсыныс енгізеді. Президент министрлерді Құрылтаймен консультациядан кейін тағайындайды. Ал сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлерін Президент дербес тағайындайды.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: