Баспана – халықтың ең өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан да бұл саладағы жұмыстар ауқымды әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Бүгінде Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым жұмысы қарқынды. Қазір бұл аумақта 169 нысан орналасқан. Оның ішінде осы кезге дейін 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар тұрғындарға қызмет көрсететін 20 әлеуметтік және 13 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Әсіресе, халықты тұрғын үймен қамтуға баса мән берілуде. Осыған қарап, қызылордалық тұрғындарға қолжетімді баспана – арман емес деп айтсақ та болатындай. Жыл санап баспанаға қол жеткізген тұрғындардың көбеюі осы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі екенін байқатып тұр. Өткен аптада облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың
қатысуымен сол жағалаудағы екі көпқабатты тұрғын үйдің 90 пәтері әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларға табысталды.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, кейінгі жылдары халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар іске асып жатқанын атап өтті.
– Баршаңызға көптен күткен жаңа қоныс құтты болсын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қолжетімді баспана арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз», – деген болатын. Бұл бағытта Сыр өңірінде байыпты бастамалар сәтті жүзеге асуда. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін жайлы баспанамен, әлеуметтік нысандармен қамту жүйелі жолға қойылған. Бүгін кезекте тұрған жерлестерімізге аумағы 7 мың шаршы метрден асатын 90 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаудамыз. Алдағы уақытта да шаһардың ажарын айшықтайтын заманауи үлгідегі тұрғын үйлер бой көтереді. Жаңа қоныс құтты, шаңырақтарыңыз биік, босағасы берік болсын, іші береке мен мерекеге толсын! Әр отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! – деді облыс әкімі.
Іс-шарада тұрғын үйді салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, аймақта Мемлекет басшысының, үкіметтің қолдауымен соңғы төрт жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам жерлесіміз баспаналы болды. Сонымен қатар 2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтер табысталып, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарлануда.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!