Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала әкімі Нұржан Ахатовпен бірге қаладағы шағын аудандарды аралап, тұрғындардың осы уақытқа дейін көтерген мәселелерінің шешілу барысын тексерді.
Аймақ басшысы бұған дейін шағын аудандарда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, аулаларды абаттандыру және тазалықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Қала тұрғындары Абай даңғылы бойындағы №62 үйдің ауласына балалар ойын алаңын салып беруді және ауланы жарықтандыруды сұраған.
Аймақ басшысы аралау барысында берілген тапсырмалардың нәтижесімен танысып, бұл жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ «Астана», «Арай» шағын аудандарындағы, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларының, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының тазалығы, абаттандырылуы тексерілді.
Қала тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі – аяқсумен қамтамасыз ету жұмыстары да тексерілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Н.Назарбаев даңғылындағы насос қондырғысы мен құбырлар іске қосылды. Бөкейхан көшесінің Абай даңғылынан Яссауи көшесіне дейінгі ұзындығы 2 шақырым болатын арық жүйесіне су берілді. Яссауи мен Шүкіров көшесінің қиылысына насос қондырғысы орнатылып, Бөкейхан көшесінен Ғ.Мұратбаев көшесіне дейінгі аралықтағы ұзындығы 960 метр арыққа да су жіберілді. Бүгінде қаладағы 68 көшеде 98,6 шақырым арық жүйесі бар.
Аралау барысында аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді уақытында шешіп, тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!