Тамыздағы тамаша жаңалықтың бірі осы болды. Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың ең күрделі кезеңін – Каспий теңізінің табаны арқылы кабель төсеу жұмысы аяқталғанын барлық БАҚ жарыса жазды. Еліміздегі бұл ірі жоба бізге не береді, нәтижесі қандай? Оқырман көкейіндегі сұрақ осы. Бұл мақалада осы сұрақтың жауабын жазуға тырыстық. Цифрлы Қазақстан тарихындағы маңызды жобаның қалай жүзеге асып жатқаны көптің көз алдында. Теңіз түбі арқылы тартылатын, еліміздің цифрлық тәуелсіздігін нығайтатын маңызды жоба бес жыл бұрын қолға алынған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында бұл ірі жобаның аяқталу мерзімін атап айтқан еді: «2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз», – деді Қазақстан Президенті.
Алайда түрлі себептерге байланысты жобаның аяқталу мерзімі өзгерді. Ресми дереккөздерінде жарияланғандай, биылғы 19 ақпанда Нью-Делиге сапарлаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөздер барысында бұл ірі жобаның тәмамдалуының жаңа мерзімін жариялады.
– 2026 жылы әзербайжандық серіктестерімізбен бірлесіп, Транскаспий талшықты-оптикалық желісінің құрылысын аяқтауға тиіспіз. Бұл жаһандық деректер трафигі үшін ең қысқа балама маршрутты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қазақстанға Шығыс пен Батыс арасындағы цифрлық көпір болуға жол ашады, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Ал 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының саммитінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев екі ел арасындағы байланыс желісін іске қосуды жеделдетіп жатқандарынын жеткізген еді: «Түркі мемлекеттерімен цифрлық даму саласындағы ынтымақтастық табысты жалғасты. Алдағы айларда Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Әзербайжан Президенті.
Ал тамыз айының басында сүйіншілеген жаңалық шартарапты шарлап кетті. Теңіз түбінен интернет тарту жұмысының ең күрделі кезеңі аяқталғаны ел Үкіметінің парақшасында жарияланды. «Елімізде телекоммуникация саласындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі – Каспий теңізінің түбі арқылы тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТТОБЖ) салудың негізгі кезеңі аяқталды. Суасты кабелі Қазақстан жағалауына сәтті жеткізіліп, «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom International компаниялары жүзеге асырып жатқан жобаның ең күрделі бөлігі бітті», – делінген ресми хабарламада.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Ақтау – Сумгайыт» бағыты бойынша өтетін жаңа маршрут Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымын біріктіріп, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жоғары жылдамдықпен тікелей жеткізетін дәлізге айналмақ. Жобаның халықаралық байланыстың сенімділігін арттырып, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейтетіні алға тартылды. Жасанды инттеллект және цифрлық даму министрлігі жобаны жүзеге асыру үшін қажетті нормативтік, ұйымдастырушылық және кедендік рәсімдердің орындалуын қамтамасыз еткен. Ведомствоның дерегінше, жоба жұмыстары нақты 2025 жылы, ал суасты кабелін төсеу жұмыстары 2026 жылдың шілде айында басталған. Құрылыс тәулік бойы су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын мамандандырылған кеменің көмегімен жүргізілген. Жобаға 70 маман тартылған. Ел тарихындағы ірі жоба бір күнде бітетін жұмыс емес екені белгілі. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің шілде айында жариялаған хабарламасынан дайындық жұмыстарының өзі қалай жүргізілгенін байқайсыз.
– Дайындық кезеңі аясында 2025 жылы камералық және теңіздік инженерлік ізденістер аяқталып, якорь тұрақтары мен әскери оқу-жаттығу аймақтарын айналып өтетін, оңтайлы бағыт анықталды. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан экологиялық рұқсат алынды. Сонымен қатар Қытайда ROPA типті оптикалық күшейткіштері бар арнайы брондалған кабель өндіріліп, зауыттық тестілеуден сәтті өтті. Одан кейін жоба теңіз жұмыстарының белсенді фазасына көшті.
Бұған дейін Қытайдан Құрық портына жеткізілген оптикалық кабель мен жалпы салмағы 600 тоннаны құрайтын үш үлкен тасымалдау себеті (баскет-корзина) арнайы логистикалық кемеге жүктеліп, Бакуге жеткізілді. Бүгінгі таңда бұл көлік себеттері толығымен босатылып, барлық цифрлық артерия тікелей кемедегі арнайы cable tank-ке сәтті тиелді. Осылайша, кеме Баку портынан шығып, Ақтау порты бағытында желі құрылысына кірісті.
Осындай күрделі міндетті орындау үшін динамикалық орын ауыстырудың озық жүйесімен жабдықталған, су сыйымдылығы 20 000 тоннадан асатын ең қуатты кабель төсеуші кеме тартылды. Бортта техникалық қадағалау мамандары мен «Қазақтелеком» өкілін қоса алғанда, 70 экипаж мүшесі жұмыс істеуде. Жоба «Қазахтелеком» АҚ және «Azertelecom Int.» ЖШС құрған CaspiLink B.V. (бұрынғы Caspinet B.V.) бірлескен кәсіпорны арқылы жүзеге асырылуда. Кеме палубасында төтенше жағдайлар немесе үзілістер орын алған жағдайға арналған арнайы түйістіру бөлмесі (Jointing Room) орнатылған. Қазіргі уақытта онда кабельдің екі ұшы – қазақстандық және әзірбайжандық бөліктері орналасқан, ал барлық талшықтар мен оптика сынақтан өтіп үлгерді.
Қолайлы ауа райы жағдайында суасты кабелін тікелей төсеу жұмыстарын аяқтау 15-20 күн ішінде күтіледі, ал резолюцияға сәйкес барлық технологиялық жұмыстар мен іске қосу-жөндеу кешенін іске асырудың жалпы мерзімі 2026 жылдың соңына дейін белгіленген, – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Бүгінде жобаның ең күрделі кезеңі аяқталды. Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық көпір болатын бұл жоба цифрлы Қазақстанның жаңа дәуірі десек те болады.
– Біз Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың ең күрделі кезеңін – Каспий теңізінің табаны арқылы кабель төсеу жұмыстарын аяқтадық. Жаңа маршрут Қазақстанның әлемдік деректерді беру желілерімен цифрлық байланысын күшейтіп, жасанды интеллект, «бұлтты» технологиялар және заманауи деректерді өңдеу орталықтарын одан әрі дамытудың негізін қалайды. Цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыта отырып, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық цифрлық көпір ретіндегі ұстанымын нығайта түсуде, – деді жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Мамандар пікіріне сүйенсек, ірі жоба жоғары жылдамдықтағы цифрлық магистраль қалыптастыратыны сөзсіз.
– Бұл жоба кез келген деңгейдегі күрделі инфрақұрылымдық міндеттерді рекордтық мерзімде жүзеге асыра алатынымызды дәлелдейді. Біз сигналдың кідірісі барынша аз болатын жоғары жылдамдықты цифрлық магистраль қалыптастырып жатырмыз. Ол халықаралық трафик сенімділігінің жаңа стандарттарын белгілейді. Бұл – желіміздің тұрақтылығына салынған инвестиция әрі әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткізетін бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Ал әлем назарын аударған мегажоба бізге не береді? Кабельдің жалпы ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды. Ол Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тікелей цифрлық байланысты қамтамасыз етіп, өңірдегі интернет инфрақұрылымының сенімділігі мен өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба толық аяқталғаннан кейін байланыс желісінің өткізу қабілеті секундына 400 терабитке дейін жетеді. Бұл ауқымды көлемдегі деректерді өте жоғары жылдамдықпен тасымалдауға жол ашып, халықаралық интернет-трафикті тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жаңа байланыс желісі Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық дәлізді дамытуға үлес қосып, Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі әлеуетін күшейтеді.
Бұл – Қазақстанның цифрлық транзиттік әлеуетін бекітетін, цифрлық инфрақұрылымды әртараптандыруымен маңызды. Еліміз халықаралық трафик транзитіндегі үлесін келер жылы 1,5%-дан бірден 5% арттыруды көздеп отыр.
Мемлекет басшысының цифрландыруды жай ғана экономиканың бір саласы ретінде ғана емес, оны елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын бірден бір стратегиялық бағыт ретінде айқындауы міне бүгінгі Каспий ТОБЖ жобасынан да айқын көрінеді.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлі аяқталмағанына қарамастан, бұл бағытты пайдалануға қатысты сұраныстар бүгіннің өзінде түсіп жатқанын хабарлады.
– ТТОБЖ биылғы жыл соңына қарай, бері дегенде, ІІІ тоқсан соңында іске қосылуы керек. Тіпті әзірге қолданысқа берілмеген осы бағыт арқылы интернет-трафикті өткізу үшін басқа мемлекеттерден өтінімдер қазірдің өзінде келіп түсу үстінде, – дейді министр.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!