Құрылтай

Сенбі, 01 тамыз, 18:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№57 (2269)
01.08.2026
PDF мұрағаты

Цифрлы әлем және  «болашақ ойындары»

01.08.2026

16 0

Әлемде спорттың жаңа дәуірі басталды.  Сәт сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамыған жаңа технология спорт саласын да айналып өткен жоқ. Бұған дейін жарыстар тек спорт алаңдарында өтсе, енді технология мен цифрлық мүмкіндіктер спортқа уақыт талабына сай өзгеріс енгізуге мүмкіндік берді. Соның айқын дәлелі – Астанада өтіп жатқан халықаралық Болашақ ойындары (Games of the Future). Бұл – физикалық спорт пен цифрлық әлемді біріктірген спорт сайысы. Яғни спортшылар бірде спорт алаңында бақ сынаса, одан кейін монитор алдында бәсекеге түседі. Бір атап айтарлығы, бұл киберспорт емес, дәстүрлі спорт пен цифрлы мүмкіндікті біріктірген жаңа буын жарысы.

Қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте өнер көрсетіп, кейін сол спорт түрінің нақты алаңдағы кезеңіне қатысады. Мұндай формат «фиджитал» (phygital) деп аталады. Бұл атау ағылшынның «physical» (физикалық) және «digital» (цифрлық) сөздерінен шыққан. «Болашақ ойыны» алғаш рет 2024 жылы Қазан қала­сында өтті. Жоба­ның негізгі мақса­ты – жаңа техно­ло­гиялардың мүмкіндігін пайда­лана отырып, жастар ара­сында спортты насихаттау және цифр­лық дәуірге сай жаңа жарыс форматын қалыптастыру болды. Әлем назарын аударған ойын одан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты. Ал  үшінші дода бүгінде Астана­да өтуде. Ашылу салтанатына Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекетінің Президенті қатысты. Бүгінде ел­ордаға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келіп, жаңа буын ойындарында бақ сынауда. Ойынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  бұл классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің әлеуеті үйлесім тапқан турнирдің баршаға ортақ жасампаздық ұстанымымен үндесетінін атап өтті.

– Бұл спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олардың арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі фило­софиялық мәні де – осында. Осынау жаһандық ау­қымдағы ойындар барша адамзат­тың жарасым­ды әрі бей­біт болаша­ғын айшық­тайды. Қазақстан қашанда ха­лық­­аралық қауымдастық­пен бірге бейбіт­шілікті, қауіп­сіздікті, әділет­тілік пен даму­ды қолдай береді.

Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр, – деді Президент.

Халықаралық турнирде спортшылар фиджи­тал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends, Bang Bang, PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағытта күш сынасуда. Бұл дода жаңа форматтағы халықаралық спорттық жарыстардың негізін қалап, әлем назарын аударды. Айта кетелік, бұл ойынның жүлде қоры да қомақты, 4,5 млн доллар. Сондай-ақ бұл ойынның астанада өтуі Қазақстанның цифр­лық  мүмкіндігін де көр­сететіні сөзсіз. Жо­ғары деңгейдегі халық­аралық спорт бә­секесінің елімізде өтуі үлкен мәр­тебе екені дау­­сыз. Айта кетелік, бұл жарыс тек спортшылар­дың ғана емес, инженер­лердің, бағ­дар­­ламашылар­дың, ойын әзір­леушілердің және цифрлық технология ма­мандарының басын қосатын мүмкіндік алаңына айналды.

Гүлмира Мағлұмқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: