Сенбі, 22 тамыз, 00:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63 (2275)
22.08.2026
PDF мұрағаты

Ішімдіксіз ауыл – тұрғындар таңдауы

22.08.2026

27 0

Ел аумағының тұтастығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Демек, қоғамдық тәртіпті қатаң қадағалайтын тәртіп сақшыларының жұмысы қашанда жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сонда ғана қоғамда қылмыс саны азая түседі. Бұл бағытта қаламыздағы Талдыарал және Баймұрат ауылы оң көрсеткіш көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындары «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанып, көпшілікке үлгі көрсетуде. Екі ауылға бір учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Соған қарамастан елді мекендерде қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Мұнда «ішімдіксіз орта» ұстануға бағытталған ауқымды бастама қолға алынып, бүгінде өз нәтижесін беруде.  Бұл туралы учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Жасұлан Сарбалаев айтып өтті.

– Соңғы екі жыл ішінде бұл ауылдарда бірде бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – ауылдағы қоғамдық тәртіптің тұрақты деңгейде екенін және тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді, – дейді ол.

Сонымен қатар Талдыарал ауылы «Ішімдіксіз ауыл» бойынша ауқымды бастаманы қолдап отыр. Жобаның негізгі мақсаты – ішім­діктің таралуын шектеу, қылмыстың алдын алу және тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстауға шақыру.

– Бүгінде ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері, оның ішін­де арақ сатылмайды. Бұл – тұрғындардың салауатты өмір салтын таңдауға деген ұмтылысы мен ортақ бастаманың нақты нәтижелерінің бірі. Нәтижесінде мұнда отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен ішімдік тұтынуға байланысты қылмыстар тіркелмей отыр. Ауыл ақсақалдары жастарға өнеге айтып, татулық пен өзара сыйластықты үнемі насихаттап отырады. Жақында кәсіпкерлердің демеушілігімен Талдыарал ауылынан мешіт салуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы қалаға қарасты ауылдар мен кенттер арасында  «Қылмыс тіркелмеген ауыл» номинациясы бойынша алғыс хатпен марапатталды. Ауылдың амандығы, жастардың тәр­биесі мен тұрғындардың тыныштығы – ортақ ісіміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – дейді ауылдық округ әкімі Саттар Әбдіреев.

Айта кетейік, өңірде «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгінде аймақта алкоголь өнімдерін тұтыну мен сатудан толықтай бас тартқан 37 елді мекен бар. Мұндағы басты мақсат – ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға бағыттау.

 «Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: