Сенбі, 22 тамыз, 00:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63 (2275)
22.08.2026
PDF мұрағаты

Жаңа оқу жылы: жаңалық пен дайындық

22.08.2026

27 0

Жаз да аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Мектеп пен мұғалім оқушыларын қабылдауға, ал бала мектепке толық дайын ба? Биыл қандай өзгерістер бар? Қыркүйекке санаулы күндер қалған тұста жаңа оқу жылының жаңалығы мен дайындық деңгейіне шолу жасап көрген едік.

Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданатын болады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті.

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Осы аптада Үкімект басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим ар­қылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін өңірдегі білім саласының өзекті мәселелері талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Аймақта 651 мектепке дейінгі ұйым, 327 мектеп, 28 колледж бар. Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушыларының саны 190 мыңнан асады. Биыл 17 700 бала мектеп табалдырығын аттайды.

Өңірде оқу жылына дайындық бары­сында барлық қажетті шаралар қабыл­данып, жұмыстар жүйелі жүруде. Қазіргі уақытта 31 мектепте ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Тамыз аяғының соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталып,  білім беру ұйымдары толық дайын болады. Облыс әкімі оқулықтармен, оқу-әдістемелік құрал­дармен қамтуда мәселе болмауы тиіс деген қатаң талап қойды. Бұл жұмыс сапалы ұйымдастырылып, оқулықтарға қатысты шағым түспеуі қажет. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясын өз деңгейінде ұйымдастыруды тапсырды.  Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында базарлардағы, сауда орындарындағы оқу құралдары, мектеп формасы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды. 

Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше мән берілді. Облыс әкімі мек­теп­тердегі бейнебақылау камераларын Жедел әрекет ету орталығына толық қосуды, сани­тарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруге тапсырма берді.

– Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мек­­теп маңында жол полициясы инспек­торларының күнделікті кезекшілігін ұйым­дастырыңыздар. Әсіресе, оқушы саны мен көлік қозғалысы көп мектеп аумағындағы қауіпсіздікті күшейту қажет. Жаяу жүр­гіншілер жолы, жол белгілеріне қатысты кемшіліктер бар. Қала, аудан әкімдіктері 25 тамызға дейін аталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіріңіздер. Кейінгі үш жылда білім беру ұйымдарын инженерлік, техникалық жабдықтармен жарақтауға жергілікті бюджеттен тиісті  қаржы бөлінді. Балаларымызға қауіпсіз, қолайлы орта қалыптасып, бейнебақылау камералары, тур­никеттер орнатылды. Ендігі мақсат – оқу­шылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған құқықтық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру, – деді облыс әкімі.

Жаңа пәндер қосылды

Жаңа оқу жылы білім беру саласына бірқатар жаңа­шылдықпен басталғалы отыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептерде функционалдық сауаттылықты арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, инклюзивті білім беруді дамытуға және оқушылардың заманауи құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған жаңартылған Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты кезең-кезеңімен енгізіледі.

Білім беру жүйесіндегі басты бағыттардың бірі – оқушының тек пәндік білімін ғана емес, күнделікті өмірде қажет болатын дағдыларын дамыту. Осыған байланысты функционалдық сауаттылыққа, сыни ойлауға, жауапкершілікке және заманауи құзыреттерге басымдық беріледі. Қыркүйектен бастап мектептерде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған міндетті оқу курстары енгізіледі. Атап айтқанда, 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздері», 8-11 сынып оқушылары «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптар «Жеке қауіпсіздік» курстарын оқиды. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Конституция талаптарына сәйкес жаңартылады. Бұл өзгерістер жасөспірімдердің өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, заңды құрметтеуіне және қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етпек. Мектептердегі тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру. Барлық орта білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы іске асырыла береді. Бағдарлама азаматтық жауапкершілікке, патриотизмге, жалпыұлттық құндылықтарға және заңға құрметпен қарауға негізделген. Бұл бағыттың мақсаты – білімді ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, елінің болашағына бейжай қарамайтын жас ұрпақ тәрбиелеу.

Тағы бір маңызды бағыт – жасанды интеллект техно­логияларын оқу процесіне енгізу. Премьер-министрдің ресми ақпараттық сайтында 2026-2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект техноло­гияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспар жобасы әзірленгені хабарланды.

Жоғарыдағы өзгерістердің барлығы білім беру маз­мұнын заман талабына бейімдеуге бағытталған. Алдағы уақытта оқушының алған білімін жаттап қана қоймай, оны өмірде қолдана білуі, ақпаратты саралауы, технологияларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалануы маңызды. Бұл – заманауи қоғамға бейім, білімді әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеудің маңызды қадамы.

Бастауыш сыныптағы бағалау тәртібі өзгереді

Жаңа оқу жылы бастауыш сыныптарға да тосынсый дайындап қойғандай. Енді әр тоқсан сайынғы жиынтық бағалау да болмайды. БЖБ пен ТЖБ тапсырып шаршаған оқушылар енді бұрынғыдай диктант жазып, оқығанынан ауызша түсінік айтады.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың сөзіне сүйенсек, басты өзгерістің бірі – оқушының күнделікті сабақтағы еңбегіне берілетін бағаның салмағын арттыру. Демек, енді мұғалім баланың тек тоқсан соңын­дағы бақылау жұмысын ғана емес, сабақ барысында оқу материалын қаншалықты меңгергенін, тапсырмаларды қалай орындағанын жүйелі бағалайды. Бұл баланың бір тоқсан бойындағы  тұрақты еңбегіне көп мән беріледі деген сөз. Яғни, оқушының күнделікті сабаққа қатысуы, тапсырмаларды уақытылы орындауы, оқу мақсаттарын қаншалықты меңгергені қорытынды кезінде бағаға әсер етеді. Сонымен қатар жаңа өзгерістерге сәйкес енді диктант, бақылау жұмысы, шығарма, мазмұндама секілді дәстүрлі жазба жұмысы аралық бағалаудың негізгі нысандарының қатарында болады.

Экс-мәжіліс депутаты, талай жыл мұғалім болған Ирина Смирнова бұл реформаны қолдайтынын айтты.

– Әрине, мен ұстаз ретінде оқушылардың қайтадан диктант жазғанына қуанамын. Балалар қатып қалған робот сияқты емес, кәдімгі ойлау қабілетін шыңдайды, – дейді Ирина Смирнова.

Смартфон ұстауға рұқсат жоқ

Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға сабақ кезінде смартфон ұстауға рұқсат жоқ. Жаңа тәртіпті оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Қуанышқызы түсіндірді.  Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, қазір оқу процесі кезінде ұялы телефон қолдану тәртібін біріздендіретін ереже әзірленуде. Яғни, оқушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты талаптар «Білім туралы» заңның 47-бабында, ал ата-аналардың құқықтары 49-бапта белгіленген. Бұған дейін телефон қолдану тәртібін әр білім беру ұйымы өзі айқындап келген еді. Енді барлық мектепке ортақ тәртіп енгізу жоспарлануда. Жаңа тәртіп бойынша оқушы сабақ кезінде ұялы телефон ұстамауы қажет.

– Бала сабақ кезінде телефон қолданбайды. Ал оны қайда және кімге тапсыратыны мектептегі жағдайға байланысты айқындалады. Кей жерде телефондар сыныпта сақталуы мүмкін, кей мектептерде арнайы жәшіктер қарастырылады. Мұны білім беру ұйымының өзі белгілейді, – деді Шынар Қуанышқызы.

Яғни әр мектепте оқушының телефонын сақтау ережесінің қандай болатынын әр мектеп өзі шешеді. Алайда мектепте телефон ұстауға тек 7-сыныпқа дейінгі оқушыларға тыйым салынады. Ал жоғары сынып оқушы­ларына қатысты мәселе әлі де талқыланып жатыр. Себебі жоғары сыныптарда көптеген пән онлайн платформалар арқылы оқытылады. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ мен SAT емтихандарына дайындалады. Сондықтан бұл мәселе мұғалімдермен бірге әлі де талқыланады. Ал 7-сыныпқа дейінгі оқушыларға сабақ кезінде смартфон ұстамау міндеттеледі.

21625 теңге айыппұл

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп формасын сақтамаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылуы мүмкін.  Себебі мектеп формасына қатысты қатаң талап қойылды.  Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова атап айтты.  Алайда мектеп киімінің болмауы баланы сабақтан шеттетуге себеп емес. Оқушының формасы бекітілген талапқа сай келмеген күннің өзінде де оның сабақтарға қатысуға толық құқығы бар.

Белгіленген ережелерді сақтау міндеті ең алдымен оқушының ата-анасына жүктеледі. Тәртіп бұзылған жағдайда оларға ескерту беріледі. Ал қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл өндіріледі.

Шынар Ақпарованың айтуынша, ата-аналардың бұл жауапкершілігі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 49-бабында нақты бекітілген.

Бұдан бөлек, мектеп формасына қатысты нақты талаптарды әрбір білім беру ұйымы өзі айқындайды. Оқу орындары мұндай шешімдерді ата-аналар қауымдастығы мен қамқоршылық кеңестің пікіріне сүйене отырып қабылдайды.

Кімдер әлеуметтік көмек алады?

Елімізде жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға баласын мектепке дайындауға көмек көрсетіледі. 2026 жылы бұл көмектің бір балаға шаққандағы ең төменгі мөлшері 50851 теңгені құрап отыр. Биыл мектеп формасын, аяқ киім және мектепке қажетті кеңсе заттарын сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының есебінен еліміз бойынша 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсету жоспарланған.

Материалдық көмек барлық оқушыға бірдей тағайындалмайтыны анық. Ол әлеуметтік жағдайына байланысты  белгілі бір санаттарға жататын балаларға арналған. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдай салдарынан шеккен отбасылардың балаларына беріледі. Бұдан бөлек, өмірлік қиын жағдайға тап болған басқа отбасылардың балаларына көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдайда шешімді мектептің қамқоршылық кеңесі қабылдайды.

Балаңыз мектепке дайын ба?

Бұл сұраққа жауап беру үшін әрине, базар бағасын бағамдап қайттық. Қазір барлық мектепке бірдей форма енгізілген жоқ. Қымбатшылық қалтаны қысып тұрғанда бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай емес. Баланы бағып-қағу, киіндіру әрбір ата-ананың міндеті. Сондықтан әр баланың қалауын орындап, шамасы келгенше мектепке дайындап жүр.

Сонымен оқушыларға қажетті заттардың бағасын білу үшін, әрине көпшілікке таныс «Ескі базардан» бастадық. Мұнда аяқ алып жүру мүмкін емес. Жұмыс күні болса да адам көп. Бір ананың соңында қос-қос баладан жүр. Әрине, бұрынғыдай үйге әкеліп бергенді киетін бала жоқ. Бағасына да қарамастан, өздеріне ұнағанын киіп көріп, алып жатыр.

Сатушылар биылғы баға былтырғымен бірдей екенін айтады.  Тауарды көбіне  Қырғызстан, Қытай, Түркиядан әкеледі. Бүгінде орташа бағадағы Қырғыз елінің киімдеріне сұраныс көп. Ал Түркия киімдерін тек қалтасы көтеретіндер алады. Бағаларға келсек, базарда қыздарға арналған ақ жейде – 3500 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады. Ұлдардың ақ жейдесі – 2500 теңгеден сатылуда. Белдемше ескі базар аумағында 4500-8000 теңге аралығында болса, сапасы жақсысы  жеке дүкендерде 10000-14000 теңгеге дейін тұр. Жай базардың өзінде түріктің ақ жейдесі қымбатқа сатылуда. Қыздардың спорттық киімінің арзаны – 8 мың, сапасы жақсысы – 25 мың теңге, ал ер балалардың костюм-шалбары 8000- 20 000 араалығы. Әрине, 8 мың теңгелік  костюм-шалбардың сапасы жоқ екені белгілі.

Ата-аналар ең болмаса баласының сапалы аяқ киім кигенін қалайды. Күнделікті киетін туфли, спорттық аяқ киімдер сапалы болғаны жөн. Дегенмен олардың да ең арзаны 6 мыңнан басталады. Бірақ «қытайдың арзан тауары, иісі бар» деп көбісі алғысы келмейді. Ал сапасы жақсылары 15 мыңнан басталады.

Қорыта келгенде, орташа бағамен бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 80-100000 мың теңге қаражат болуы қажет. Ал көпбалалы отбасындағы шығынды есептегенде көпке түсері анық. Себебі үш-төрт баласы мектепке баратын отбасыларға біраз қаражат қажет.

Иә, дәл сауданың қызатын уақытында жеңілдік ұсынып жатқан дүкендер көп. Мәселен, «Кәусар-Жан» көтерме дүкені жылда жеңілдік жасайды.  Әлеуметтік парақшасына қарасақ, биыл да жеңілдіктің түр-түрін ұсынуда.  Сонымен қатар базар маңындағы сатушылар да оқу-құралдарын сатып алғандарға дәптер бағасын арзандатып беруде.

– Көпбалалы отбасымыз, 3-уі мектепке барады. Мектепке дайындықты тамыз айынан бастадық. Әзірге 80 мың теңгеге қажетті деген заттарын алып қойдық. Әлі түгел дайын емес. Спорттық киімдер, оқу құралдарына да біраз қаражат кетеді. Бір ғана киіммен де шектелу қиын, ауыстыратын киім де керек. Базар бағасы әртүрлі, былтырғыдай баға, – дейді көпбалалы ана Камшат Елеусінова.

Айтпақшы, жұрттар жарыса жарнамалап жатқан жәрмеңкеге де бардым. Жыл сайын  жаңа оқу жылы басталар алдында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылатынын білеміз. Алайда базар бағасынан аса бір арзан баға байқалмады. Жәрмеңкеде сатып алушылар аз екен. Тек бір-екі адам ғана салыстырмалы түрде бағасын сұрап жүр.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: