Сенбі, 22 тамыз, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63 (2275)
22.08.2026
PDF мұрағаты

Бриллиант статуэтка кімге бұйырады?

22.08.2026

23 0

Қасиетті қара өлеңнің құдіреті қайта оянып, қазақ аспанында жаңа бір жұлдыз жарқырады. Ұлт руханиятына серпіліс әкелген «Мөлдір өлең» ұлттық жобасы мамырдың мамыражай шағында Алматы төрінде тұсауы кесілген сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 60 жас дарын өлең атты киелі әлемнің есігін айқара ашып, көрермен жүрегін жырмен емдеуде. Он сегіз аптаға созылған бұл рухани марафон қазақ поэзиясының өлмейтінін, қайта өркен жайып, жасарып жатқанын дәлелдеді. Басталған сәттен ел назарын аударған «Мөлдір өлең» жобасы көпшіліктің қызығушылығын оятқанын жұрт жарыса айтуда. Бұл жоба халықтың мәнді дүниені сағынғанын, өлең десе селт етпейтін қазақ жоқ екенін байқатты. Ақындардың басын қосып, оқырманды өлең оқуға, тыңдауға қызықтыра түскен жоба авторы, Сыр перзенті, ақын Мөлдір Айтбай жобаның авторы да, демеушісі де өзі.  Айталық, «Мөлдір өлең» жобасы елімізде тұңғыш рет өтуде. Еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисін қамтыған ұлы дода – ұлт руханиятының тұтастығын паш етті. 20 аймақтан іріктелген 60 ақын, әр командада үш-үштен топтасты. 

«Мөлдір өлең» жобасының түпкі мақса­ты – қазақ поэзиясының өрісін кеңейтіп, оны жаңа биікке көтеру, бұғауы бекімеген жас да­рындарға қанат байлап, қолдау көрсету, сондай-ақ ұлттық әдебиетіміздің асыл қазынасын жаһандық кеңістікте кеңінен насихаттау. 18 аптаға созылатын рес­­публикалық поэзия лигасы чем­пионатына қатысушылар қатарында Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбек, Дәурен Тілеухан, Санжар Келеке, Меңдібек Лұқпан, Ерік Нарын, Абылай Маудан, Ақжол Түменбай, Еділбек Дүйсен, Әлімжан Әлішер, Бауыржан Игілік, Мұхтар Күмісбек, Абай Ораз сынды елімізге белгілі ақындар бар.

Бүкіл ел тағатсыздана күткен, қазақ даласын жыр бесігінде тербеткен «Мөлдір өлең» ұлттық жобасы өзінің ақтық мәресіне табан тіреді. Әр аймақтан жиналған 60 дүл­дүл ақынның ішінен суырылып шығып, Қызылорда облысының намысын арқалаған Сырдың үш саңлағы ақтық мәреге жолдама алды. Олар – қазалылық Ақжол Түменбай, аралдық Айдар Сайлауов және шиелілік Аружан Оралбай.

Сырдың үш ақыны да іріктеу кезең­дерінен сүрінбей өтіп, жыр додасының шешуші кезеңіне жетті. Ақжолдың – өрнек­ті ойы, Айдардың – сырлы жыры, Аружан­ның – нәзік те терең поэзиясы бір арнада тоғысып, Сырдың ақындық мектебінің биігін танытып келеді. Енді оларды жауапты ұлы шайқас күтіп тұр. Бәйгенің басты символы да, марапаты да ерекше. Жеңімпаз атанған үздік топ 3 миллион теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлап қана қоймай, қазақ поэзиясының заңды тәжі іспетті «Мөлдір өлең» ауыспалы статуэткасын иеленеді. Бағалы марапат 100 грамм таза алтыннан құйылып, 3 карат гауһар таспен безендірілген. Осынау тарихи сәт қарсаңында біз финалға жолдама алған Сырдың дүлдүл ақыны, аралдық Айдар Сайлауовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Жартылай финалда Батыс Қазақстан облысы команда­сымен сайыс тартысты өт­ті. Жеңіске жеткен кезде сезім қандай болды. Финалға дайындық қалай?

– Өлең – жан мұңыңды, тағдырыңды тәпсірлейтін жү­ректің тілі, көңілдің көркем үні. Ал «Мөлдір өлең» жобасы осы тұнық дүниені қалың оқырманға әлеуметтік желі арқылы ұтымды насихаттай білді. Ақындар поэ­зияны сайыс немесе мүшайра үшін жазбайды. Өз жан қалауы мен ішкі үнін сөз патшасына айналдырады. Бұл алаң «патшалардың» қиян-кескі соғысы деуге болады. Біз әуелде Солтүстік Қазақстан облы­сы командасын жеңген болатынбыз. Жартылай финалда Батыс Қазақстан облысымен кездестік. Оралдықтар да осал емес. Соңғы секундқа дейін қарсыласты. Өз жерінде ақындарға үлкен қонақжайлық тантып, «барлық ақын бір ананың баласы» екенін дәлелдей білді. Әрине, жеңіс үшін қуандық! Бұл сырбойылық өлеңсүйер оқыр­ман еншілеген олжа деп білем.

Ақжол Түменбай және Аружан Оралбаймен бір топта болу бізді біріктірді. Облыстық мүшайраларда біз қарсылас болып, өлеңдерімізді сайыстырсақ, бұл жерде бір кемедеміз. Бір-бірімізді керемет толықты­рып тұрмыз деп ойлаймын. Үшеуміздің бағытымыз да, шабытымыз да әрқилы. Дегенмен осы жолы алған бағыт-бағдарымыз бір «маякқа» қарай жетелеп келеді. Финалға тастүйін дайынбыз. Қарсыласымыз Астана немесе Шымкент болатын шығар. Оны жеребе шешеді.

– Бұл – еліміздегі тұңғыш поэзия лигасы.  Жоба әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Бүгінгі оқырманға, әсіресе жас­тар­ға қандай өлеңдер көбірек өтеді деп ойлайсыз?

– Өтімді өлең жазамын деу қате. Жоба – ақындардың өлең қоры мен шынайылығы сыналатын шаршы алаң секілді. Жастар мөлдір махаббат пен сұлу сезімді қалап тұратыны анық. Бірақ, халық көркем сөз бен келісті өлеңге шөлдеп қалған. Парасатты поэзия іздейді. Жеңіл өлең құрау, шала ұйқас, шұбалаңқы сөз қуу, сахнада салғыласу сынды өлеңді жұпыны еткен дүниеден ел шаршаған. Ал бұл жоба көпшіліктің рухын азықтандырып жатыр.

Өзіңді жоғалтардай жан бағынан,

Сен жоқ жерде шырылдап салмадым ән.

Махаббатпен ауырып жүрмін, жаным,

Сенің сұлулығыңның салдарынан.

Көңілімді күйдірді көрінбей мұң,

Сол күйіктен мен бірақ жеңілдеймін.

Ерініңе жазылған сезім сырын,

Ерінбеймін оқуға ерінбеймін.

Қиығында көзіңнің тегістелер,

Бұдыр сезім бұлаша еріс

келер.

Миығыңда мінезің

мұндалайды,

Иығыңда билейді

періштелер.

Ардың құнын ұятпен

өлшеген ел,

Өкінбеймін, жан азап

көрсе көрер.

Бұрынғының хандары

сияқтанып,

Бұрымыңа асылып өлсем егер…

Өкінбеймін…

Осы өлеңімде ешқандай жасандылық, артық бояу немесе күрделі сөз саптау жоқ. Мұнда тек жүректің айтқысы келген шынайы ойы мен пәк сезімі ғана бар. Бірақ оқырманның талғамы мен ықыласы сондай, осы бір тұнық жыр бүгінде әлеуметтік желілерде жалпы саны 200-300 мыңнан астам қаралым жинап, халықтың ыстық махаббатына бөленді. Ал «Сенің сорың» деп аталатын тағы бір өлеңім қысқа уақыт ішінде 100 мыңнан астам көрерменнің жүрегіне жол тапты.

Ескіргенмен, тырналды жараң жаңа,

Ешкімге де қимаймын, ғаламға да.

Сынған айна секілді көңіліңді,

Мұңға байлап бересің маған ғана.

Жанарың жағып беріп жырға қайғы,

Ылғал демің мұнда да құрғамайды.

Сөзіңнен суып сезім кеткесін бе?

Көзіңнен суық су да сырғанайды.

Қанатың да қырқылып қорғайтұғын,

Шырылдайды-ау арды айтып торғай тілің.

Саған ғана көбірек айтушы едім,

Адамдарға сенуге болмайтынын.

Басқаға да бермейсің жылуды дым,

Оңай емес жаныңда тұру мығым.

Сенім жолын бөгейтін беймезгілде,

Сенің сорың – өзіңнің сұлулығың.

– Өлеңнің әр қатарында бір өмір мен тарих жатыр. Әр оқырман өлеңнен өз тарихын жасап алса болады. Бізді қолдап, қорғап келген шынайы оқырмандар жетерлік. Қолдаушыларымызға үлкен алғыс айтамыз. Өлеңге жүрегі барлар ғана жанашыр болатынын білем. Ақындарға соңына дейін қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз!

– Сахнада өлең оқумен қатар, тақы­рыптық дуэльдер мен шектеулі уақытта жыр жазу талап етілді. Байқауда «жеңіліп қаламыз ба» деп қорыққан сәт болды ма?

– Жобаның осы бір тұсы айтыс өнері­нің элементтеріне де ұқсап кетеді. Десе де, бұл – көркем ой мен ұтқыр сөздің, жүрек тілінде үн қатудың нақты сыналатын мезеті. Әрине, уақыт тығыз сәтте кейде сөз таба алмай, «енді не жазамын?» деп абдырап қалатын кездер де болады. Бірақ дүбірлі топқа түскен хас тұлпар туламай тұрмайтыны секілді, дәл сондай сын сағатта Жаратқанның өзі аузыңа құрмадай тәтті де өткір сөзді салып бере салады екен.

– «Мөлдір өлең» жобасы басталғалы ақын ретінде қандай жаңа қырыңызды аштыңыз? Жазу стиліңге әсер етті ме?

– Шаң басып жатқан өлеңдер жарыққа шықты. Сосын біз өлең өлкесінде көптен жүрген соң жаңа қыр мен тыныс ашылды деп айта алмаймын. Тек алға қарай басылған жаңа қадам. Әйтпесе сол өлең, сол жүрек.  Қазақ «үйкүшік кемеңгерден, ел кезген есер артық» дейді ғой. Елдегі ақындармен араласып, Қазақстанның ана шеті мен мына қиырындағы жазба ақындар пікірлескенде жаңа ойлар пайда болады. Рухың кемелденеді. Ақын өлеңі тазалықты, сезім мен сұлулықты сүйеді. Сол үшін ел мен жер аралап, өлең оқып, үлкен сахнаға шығудың жөні бөлек. Даңғаза мен у-шу жайлаған қоғамды жүректі әлдилейтін поэзияның насихатталуы үлкен парасаттылықтың нышаны.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: