Сенбі, 22 тамыз, 00:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63 (2275)
22.08.2026
PDF мұрағаты

Төлем жасалды, бірақ қарыз тұр, «Алсеко» деген қандай жүйе?

22.08.2026

28 0

«Цифрландыру – өмірді жеңілдетуі тиіс» дейміз, алайда 2026 жылдың басынан енгізілген «АЛСЕКО» бірыңғай коммуналдық төлем жүйесі тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. «Алматы Сервис Компаниясы» 1998 жылдан бері Алматы қаласында біріңғай төлем құжатын қа­лыптастыратын компания. Ресми жоспар бойынша, бұл жүйе жарық, су, жылу және қоқыс сияқты барлық қызметтерді бір түбіртекке біріктіріп, халыққа «бір терезе» қағидатымен ыңғайлы төлеуге мүмкіндік береді. Сыр өңірінде қаңтар айынан бастап облыстың барлық қалалары мен аудандарында коммуналдық және өзге де қызметтерге ақы төлеу үшін бірыңғай төлем құжаты жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта «Алсеко» АҚ бірыңғай есеп айырысу орталығының қызметтерін ұсынуға 5 жеткізушімен келісім-шарттар жасалған. Дегенмен жаңа жүйеге бай­ланысты халықтың арыз шағымы то­ластар емес. Технологияның шикілігі ме, әлде мекемелердің салғырттығы ма? Тұр­ғындарды мазалаған  сұрақтарға жауап алу үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасының электр энергиясын өткізу жөніндегі орын­басары Еркебұлан Убайдуллаұлынан сұрап көрдік.

Тұрғындар арасында «соңғы алты айда қағаз түбіртек мүлдем келмеді» немесе «тек бірақ рет қолымызға тиді» деген шағымдар жиілеп кетті. Қызылордада бұл курьерлік қызметпен қай мердігер ұйым айналысады? Жалпы, түбіртектердің тұ­рақты жеткізілмеуіне не себеп?

– Халықтың қағаз түбіртектерді көрмей жүргенінің басты себебі – жүйенің жоспарлы түрде толықтай электронды форматқа көші­рілуі. Жаңа жүйені енгізу барысында жұмыс кезең-кезеңімен атқарылды. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы төрт айында тұрғындарды жаңа жүйемен таныстыру және ақпараттан­дыру мақсатында бірыңғай төлем құжаты қағаз түрінде таратылды. Бұл халықтың жаңа форматқа бой үйретуі үшін қажетті уақытша шара еді. Ал 2026 жылғы мамыр айынан бастап бірыңғай төлем құжаты электрондық форматқа толық ауыстырылды.

Жүйе іске қосылғалы бері уақытылы төленген ақшаның келесі айда «қарыз» болып қайта келуі, бір үйге екі түрлі квитанцияның келуі жиілеп кетті. Бұл базалардың дұрыс жұмыс істемеуінен бе? Мұндай техникалық қателіктер қашан толық шешіледі?

– Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы әрбір тұр­ғынның жарыққа қанша ақша төлегенін немесе қанша қарызы бар екенін өзінің жеке есептеу базасында дайындайды. Осыдан кейін ғана дайын мәліметтерді «АЛСЕКО» жүйесіне жібереді. Кейде екі мекеменің компьютерлік жүйелері арасында ақпарат алмасу кешігіп жатады. Немесе тұрғын ақша төлегенімен, ол туралы мәлімет базаға уақытында жетіп үлгермейді. Соның салдарынан жаңа түбіртек жасалып қойған кезде, ішінде бұрынғы төленіп қойған ескі қарыз қайтадан көрініп қалады. Егер тұрғындарда осындай жағдай қайталанса, біз әрбір үйдің дербес шотын жеке тексеріп, қателіктерді дереу түзетеміз.

Тұрғындар арасында үлкен түсініс­пеушілік бар. Егер қарапайым азаматтар «АЛСЕКОның» қызметінен бас тартқысы келсе, бұрынғыдай тікелей жарық, су, жылу мекемелеріне ғана бөлек төлем жасауға заң бойынша құқығы бар ма? Жалпы, бұл «АЛСЕКО» жүйесін пайдалану Қызылорда облысының әрбір тұрғыны үшін міндетті ме?

– «АЛСЕКО» жүйесін пайдалану ешбір азамат үшін заң жүзінде міндетті емес, яғни тұтынушының төлем жасау тәсілін таңдау құқығын ешқандай жағдайда шектемейді Тек тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында енгізілген қосымша цифрлық сервис қана. Тұтынушы барлық коммуналдық қызметтің есебін бір жерден көріп, уақытын үнемдесін деген ниетпен жасалған. Сондықтан, әрбір тұрғынның бұрынғы өзі үйренген, өзіне ыңғайлы әдіспен тікелей төлем жасауға толық құқығы бар. Егер сізге барлық қызметті бірге төлеген тиімсіз болса, делдалдық жүйені айналып өтуге болады. Бүгінгі таңда тұтынушылар электр энергиясы мен басқа де қызметтер үшін екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары «Қазпошта» АҚ-ның кез келген бөлімшелері және өзге де қолжетімді арналар арқылы тікелей мекемелердің өз есепшоттарына төлем жасай алады.

Жаңа түбіртектерді алған тұрғындар тағы бір қызық жайтты байқаған. Квитанцияларда үй иесінің атыжөні мүл­дем көрсетілмейді, тек мекенжайы мен дербес шот нөмірі ғана тұра­ды. Бұл халықты күмән­дандырып отыр.

– Бұл техникалық қа­телік немесе жүйенің кемшілігі емес. Бірыңғай төлем құжатында тұ­тынушының аты-жөні­нің көрсетілмеуі тіке­лей Қазақстан Рес­пуб­ликасының дербес деректерді қорғау және оларды жинау туралы заңнамалық талаптарына байланысты жасалған қадам. Бұл ереже ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілді. Себебі, бұрын қағаз түбіртектер үйлердің кіреберісінде, есік қуыстарында немесе пошта жәшіктерінде ашық-шашық жататын. Оны кез келген бөтен адам көре алатын еді. Сондықтан, Бірыңғай төлем құжатынан аты-жөнді алып тастау – үшінші тұлғалардың, яғни алаяқтар мен бейтаныс адамдардың тұтынушының жеке мәліметтеріне қол жеткізуіне жол бермеу мақсатында арнайы қарастырылған. Тұрғындар бұған еш алаңдамауы керек, квитанцияда аты-жөніңіз жазылмаса да, сіздің жасаған төлеміңіз тек сіздің дербес шотыңызға тікелей және дәл есептеледі.

Тұрғындар арасында «АЛСЕКО» жүйесі енгізілгелі бері коммуналдық қыз­меттердің бағасы қымбаттап кетеді» деген қауіп бар. Осы орайда айтыңызшы, ай сайын мыңдаған түбіртектерді дайындау мен жүйені ұстап тұру шығындарын кім өтейді? Бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөліне ме, әлде бұл шығындар ертеңгі күні тарифке қосылып, халықтың қалтасынан төлене ме?

– Бұл мәселеде халықтың алаңдаушылы­ғын түсінуге болады. Бірыңғай төлем құжатын  дайындауға, жүйені ұстап тұруға байланысты ешқандай шығындар «ҚЭТТК» АҚ-ның қол­даныстағы тарифінде мүлдем көзделмеген. Бірыңғай төлем құжаты жүйесі енгізілгені үшін қарапайым тұтынушылардан ешқандай жеке қосымша ақы немесе комиссия алынып жатқан жоқ. Тұрғындар бұл сервис үшін қалтасынан артық тиын төлемейді. Алайда, бұл шығындардың болашақтағы тағдыры заң шеңберінде шешіледі. Алдағы уақытта жаңа тарифтік өтінім қалыптастыру кезінде, аталған цифрлық жүйені дамытуға кететін шығындарды тариф құрамында қарастыру мәселесі туындауы мүмкін. Бірақ бұл ком­панияның өз бетімен шешетін шаруасы емес. Тек мемлекеттік орган мұқият тексеріп, рұқсат берген жағдайда ғана бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін.

– «АЛСЕКО» АҚ әрбір дербес шотты өңдегені және оны жүйеге енгізгені үшін мекемелерден нақты қанша қыз­мет ақы алады? Екі ортадағы бұл қаржылық келісім­шарттың құны қанша және бұл сома алдағы уа­қытта Қызылордада­ғы коммуналдық қызмет тарифте­рі­нің өсуіне тікелей әсер етпей ме?

– «АЛСЕКО» АҚ қызметінің нақ­ты құны – бұл екі жақ­ты коммерциялық құпия. Дегенмен кез кел­ген коммуналдық тө­лем­дерді қабылдау, оны ар­найы компьютерлік базаларда өңдеу және сақтау белгілі бір деңгейде үлкен шығындарды талап ететінін түсінуіміз керек. Мысал келтіретін болсақ, сіз күнделікті қолданып жүрген екінші деңгейдегі банктер  де тұрғындардан немесе мекемелерден төлем­дерді қабылдау қызметі үшін өз комиссиясын алады. Бұл – қалыпты нарықтық үдеріс. Сондықтан, «АЛСЕКО» жүйесін ұстап тұруға кететін мұндай шығындар алдағы уақытта жаңа тарифтік өтінімдерді жасау кезінде ескерілуі мүмкін. Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік бақылаушы органдардың рұқсатымен ғана қарастырылады.

Тұрғындар коммуналдық қызметтер үшін тікелей жеткізуші мекемелерге бұрынғыдай еркін төлей ала ма?

– Бұл жерде ешқандай заңдық немесе құқықтық шектеу жоқ, тұтынушылардың төлем жасау тәсілін таңдау құқығы ешқа­шан шектелмеген. Біз енгізіп отырған Бірың­ғай төлем құжатының басты мақсаты – тұр­ғындарды қандай де бір нақты төлем тәсіліне немесе бір ғана компанияға күштеп міндеттеу емес. Керісінше, бұл халыққа бірнеше ком­муналдық қызметтің есебін «бір терезе» қағидаты бойынша бір жерден ыңғайлы көруге және уақыт жоғалтпай төлеуге мүмкіндік беру үшін жасалған қадам. Тұрғындардың бұрынғыша төлеуге толық мүмкіндігі бар. Бүгінде төлемді мобильді банкинг арқылы үйде отырып та, немесе өзіңізге ыңғайлы жерде қолма-қол ақшамен де жасауға болады.  2026 жылғы мамыр айынан бастап бірыңғай төлем құжаты қағаз түрінде таратылмайды.

Еркебұлан Убайдуллаұлы, қарапайым халық үшін «АЛСЕКО» компаниясының атқаратын нақты рөлі әлі де түсініксіз. Бұл компания тұтынушыға қандай тікелей пайда әкеледі немесе қандай нақты қызмет көрсетеді? Ең бастысы, егер базада қателік кетіп, уақытында төленген қаражат келесі айда «қарыз» болып қайта келсе, бұған заң жүзінде АЛСЕКО жауапты ма, әлде ақпарат­ты жолдаған сіздер сияқ­ты монополист мекеме жауапты ма?

– Тұрғындарға түсі­нікті болу үшін айтсақ, «АЛСЕКО» АҚ-ның негізгі функциясы – ком­муналдық қызмет көр­сетуші түрлі мекеме­лерден ақпаратты жинақ­тап, оны бір ғана Бірыңғай төлем құжа­тына біріктіру. Қазіргі уақытта бұл ор­тақ түбіртекте электр энергиясы, су, жылу, қоқыс шығару және басқа да негізгі ком­муналдық қыз­меттер бойынша бар­лық мәліметтер қам­­тылған. Бұл жүйе­нің тұрғындарға бере­тін басты пайдасы – қолай­лылық. Азаматтарға әрбір коммуналдық мекеменің шотын банк қосымшаларынан бөлек-бөлек іздеп уақыт кетірудің қажеті жоқ. Сондай-ақ ха­лықтан қабылданған бұл төлемдер кейіннен тиісті коммуналдық қызмет көрсетушілердің есепшоттарына жүйе арқылы автоматты түрде бөлінеді. Қызылорда облысында 2026 жылдан бастап коммуналдық қызмет көрсету саласын цифрландыру мақсатында енгізілген бұл жүйе тұтынушыларға бірнеше қызмет бойынша төлемдерді бір құжатқа біріктіріп, «бір терезе» қағидаты бойынша ыңғайлы түрде төлем жасауға мүмкіндік береді. Яғни, тұтынушы барлық қызметтің ақысын бір уақытта немесе тек өзі таңдаған қызмет үшін ғана төлей алады. Бұл жүйе тұрғындардың уақытын үнемдеп, төлем жасау үдерісін жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар «АЛСЕКО» АҚ жүйесін пайдаланғаны үшін тұтынушылардан ешқандай қосымша төлем немесе комиссия алынбайды. Сондықтан төлемнің толық сома­сы көрсетілген коммуналдық қызмет үшін ғана есептеледі. Бірыңғай төлем құжаты – бұл төлем жасаудың қосымша мүмкіндігі ғана. Ол тұтынушылардың таңдау құқығын шектемейді және қолданыстағы заңнамаға сәйкес енгізілген цифрлық сервистердің бірі болып табылады.

Ал қандай да бір қателік бойынша жауап­кершілікті анықтау үшін оның қай кезеңде пайда болғанын нақты анықтау қажет. Егер «ҚЭТТК» АҚ-ның бастапқы биллингтік жүйе­сінде есептеу дұрыс жүргізілмесе, мәселе тікелей «ҚЭТТК» АҚ тарапынан қаралады және өзіміз түзетеміз. Ал егер «ҚЭТТК» АҚ дұрыс ақпарат бергенімен, ол «АЛСЕКО» жүйесінде дұрыс көрсетілмесе немесе кеш жаңартылса, онда мәселе ақпараттық жүйелер арасындағы деректер алмасу деңгейінде қаралуға тиіс. Сондықтан әрбір жағдай бойынша дербес шот негізінде жекелей тексеру жүргізу қажет. Ал тұрғындарды шаршатқан қателіктер мен жауапкершілік мәселесіне келер болсақ, мұнда біржақты кінәліні кесіп айту қиын. Жауапкершілікті нақты анықтау үшін, ең алды­мен қателіктің қай кезеңде және қай мекеме­нің компьютерлік база­сында пайда болғанын анықтап алу қажет. Егер біздің («ҚЭТТК» АҚ) бастапқы есептеу жүйемізде жарықтың көлемі немесе қарызы дұрыс есептелмей қате кетсе, онда мәселе тікелей біздің «ҚЭТТК» АҚ тарапынан қаралады және қателікті біз түзетеміз. Егер біздің мекеме «АЛСЕКО-ға» бәрін тап-тұйнақтай етіп, дұрыс ақпарат бергенімен, ол «АЛСЕКО» жүйесінде дұрыс көрсетілмей қалса немесе базада кеш жаңартылса, онда мәселе ақпараттық жүйелер арасындағы деректер алмасу деңгейінде, яғни есептеу орталығының техникалық қателігі ретінде қаралуға тиіс. Біз кез келген қателікті анықтап, тұтынушының құқығын қорғауға дайынбыз.

Техникалық кідірістердің басты себебі неде және оны автоматты түрде, еш кешігусіз өңдеу процесі қашан толық ретке келтіріледі?

– Қазіргі таңда «ҚЭТТК» АҚ, «АЛСЕКО» АҚ және екінші деңгейдегі банктердің жүйелері арасында ақпарат алмасу процесі толықтай электрондық түрде жүзеге асырылады. Бір­ыңғай төлем құжаты бүгінде халық көп қолданатын Kaspi, Halyk, Forte және басқа да ірі банктердің мобильді қосымшаларының бәрінде қолжетімді етіп жасалған.  Ақпараттық технологиялар өте күрделі болғандықтан, жекелеген жағдайларда мәліметтердің жүйе­лер арасында жаңартылуына байланысты қысқа мерзімді техникалық кідірістер орын алуы мүмкін. Мұндай іркілістер банктердің, есептеу орталығының және біздің ішкі базаларымыздың серверлеріне бір уақытта үлкен салмақ түскенде немесе деректерді өңдеу уақыты сәйкес келмей қалғанда болады. Қазіргі уақытта бұл процестерді барынша жеделдету, кідірістерді мүлдем болдырмау және автоматты түрде өңдеуді мінсіз деңгейге жеткізу үшін барлық тараптың IT-мамандары бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Тұрғындарды ең көп қорқытатын мәселе – «АЛСЕКО» жүйесінің ақпаратты кеш жаңартуы немесе техникалық қате­ліктері салдарынан төленген шоттар «қарыз» болып тұрған жағдайда, үйімізге заңсыз өсімпұл есептеле ме? Төлеп қойған ақшамыз базада көрінбей қалса, жарық немесе суды негізсіз өшіріп тастамай ма?

– Бұл мәселеде тұрғындардың алаң­дауына ешқандай негіз жоқ. «ҚЭТТК» АҚ жалпы тұтынушыларға электр энергиясы бойынша мерзімі өткен берешек үшін ешқандай өсімпұл  есептемейді. Сондықтан жаңадан енгізілген «АЛСЕКО» жүйесіндегі ақпараттың кеш жаңаруы, уақытында көрінбей қалуы немесе өзге де техникалық қателіктер салдарынан тұрғындардың үстінен ешқандай артық өсімпұл жазылмайды. Ал жарықты ажырату мәселесіне келер болсақ, бұл процесс «АЛСЕКО» базасына қарап емес, тікелей «ҚЭТТК» АҚ-ның өз ішкі есептеу жүйесіндегі нақты берешек туралы мәліметтер негізінде ғана жүзеге асырылады. Егер сіз коммуналдық қызметтің ақысын уақытында төлесеңіз, бірақ сыртқы жүйелерде қателіктен қарыз болып көрсетіліп тұрса, біз сіздің жарығыңызды бірден өшіріп тастамаймыз. Мұндай түсініспеушілік туындаған жағдайда, тұтынушы бірден «ҚЭТТК» АҚ-ға хабарласып немесе або­ненттік бөлімге жүгініп, қолындағы төлем чегі арқылы ақпаратты оңай нақтылай алады. Біздің мамандар төлемнің жасалғанын растап, базаны шұғыл түрде түзетеді.

Тұрғындар «АЛСЕКО» компания­сының Call-орталықтарына, байланыс телефондары мен «WhatsApp» нөмірлеріне мүлдем хабарласа алмайтынын, тұтқаны ешкім көтермейтінін айтып шағымданады. Бұл байланыс арналары іс жүзінде жұмыс істеп тұр ма? Жалпы, компанияның Қызылорда қаласында тұрғындарды бетпебет қабылдайтын, арызшағымдарды тір­кейтін ресми өкілдігі немесе фронтофисі бар ма? Тұрғындар нақты қай мекенжайға баруы керек?

– «АЛСЕКО» АҚ-ның ресми Call-орталы­ғы мен арнайы «WhatsApp» нөмірлері қазіргі уа­қыт­та толықтай жұмыс істеп тұр және бекі­тіл­ген жұмыс уақытында тұтынушыларға тұрақ­ты түрде қызмет көрсетеді. Тұрғындардың кейде байланысқа шыға алмай, хабарласа алмай жатуы – олардың жұмыс уақытынан тыс уақыт­тарда, яғни кешкісін немесе демалыс күн­дері жүгінуіне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан байланыс орталықтарына жұмыс күндері хабарласуды сұраймыз.

Ал қаладағы ресми өкілдік мәселесіне келер болсақ, қазіргі уақытта Қызылорда қаласында «АЛСЕКО» АҚ-ның жеке дербес фронт-офисі немесе халықты қабылдайтын арнайы ғимараты жоқ. Алайда, бұл тұрғындардың мәселесі шешілмей қалады деген сөз емес. Қандай да бір түсініспеушіліктер немесе қателіктер туындаған жағдайда, әсіресе электр энергиясына қатысты барлық сұрақтар бойынша тұрғындар біздің «ҚЭТТК» АҚ-ның абоненттік бөлімдеріне тікелей келіп, өз мәселелерін шеше алады. Халыққа ыңғайлы болуы үшін ресми байланыс нөмірлерін де атап өткім келеді. Тұрғындар кез келген сұрақ бойынша мына телефондарға хабарласа алады: «АЛСЕКО» АҚ-ның Call-орталығы: 8 (771) 339-50-15, «ҚЭТТК» АҚ-ның Call-орталығы: 8 (705) 956-08-01, 8 (705) 956-08-02, сондай-ақ қалалық нөмірі 40-09-79.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: