Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер үшін тауарларды бажсыз әкелу шегі 200 еуро көлемінде белгіленді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әдіснама басқармасының бас сарапшысы Мархабат Омарова «Ашық үкімет» порталында мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Оның айтуынша, ұзақ талқылаулардың нәтижесінде 200 еуро мөлшеріндегі шек жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің қолданыстағы нормасымен бірдей деңгейде бекітілді.
– Электрондық сауда арқылы алынатын тауарлар үшін тек құны 200 еуроға дейінгі тауарларды бажсыз әкелу шегі белгіленген. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты 200 еуролық шекпен сәйкес келеді. Дегенмен, кішкене айырмашылық бар. Жеке пайдалануға арналған тауарларға 31 кг салмақ шектеуі қолданылады, ал электрондық сауда тауарлары үшін мұндай шектеу белгіленбеген, – деді сарапшы.
Сонымен қатар Мархабат Омарова бажсыз әкелу шегінің өзгеруі кедендік реттеумен қатар, ЕАЭО-ға мүше елдердегі экономикалық ахуалға да тікелей байланысты екенін атап өтті. Шешім қабылдау кезінде ішкі нарыққа ықпалы, онлайн және офлайн сауда арасындағы теңгерім, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық факторлар ескеріледі.
– Осы уақытқа дейін электрондық сауда тауарларына қатысты жаңа кедендік реттеу күшіне енген жоқ. Жүргізіліп жатқан пилоттық жоба шеңберінде кедендік төлемдер жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты ережелер негізінде алынады, – деді ведомство өкілі.
Мархабат Омарова жаңа тәртіп күшіне енгеннен кейін электрондық сауда тауарларына тауар құнының 5 пайызы мөлшерінде, бірақ әр келісі үшін кемінде 1 еуро көлемінде баж салығы және қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді деп атап өтті.
Сарапшының мәліметінше, электрондық сауда тауарларына декларацияны электрондық сауда операторлары да, жеке тұлғалар да тапсыра алады. Декларант декларацияда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына, кедендік төлемдердің уақытылы төленуіне және кеден заңнамасы талаптарының сақталуына жауапты болады.
Қазіргі таңда пилоттық жобаға осы салада тәжірибесі бар төрт компания қатысып отыр. Ал электрондық саудаға қатысты жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін операторлар санына шектеу қойылмайды. Тиісті тізілімге енгізу талаптарына сай келетін заңды тұлғалар электрондық сауда операторы мәртебесін ала алады.
Бұған дейін Мемлекеттік кірестер комитеті қандай маркетплейстерге жаңа кедендік талап қойылмайтынын айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
