Мемлекеттік қызметтер азаматтарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсуде. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттік қызметті халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бармай-ақ алуға болады. Осы мақсатта «Дербес менеджердің үйге баруы» сервисі жұмыс істейді. Оның аясында маман өтініш беруші көрсеткен мекенжайға барып, қажетті қызметтерді үйде көрсетеді. 2026 жылдың жеті айында бұл мүмкіндікті шамамен 1,5 мың қазақстандық пайдаланған.
Салыстырмалы түрде қарасақ, 2025 жылы дербес менеджер қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінген. Өткен жылы аталған сервис Қызылорда облысында ең көп сұранысқа ие болып, оны 540 адам пайдаланған. Алматыда – 477, ал Павлодар облысында 435 адам осы сервистің көмегіне жүгінген.
Ал биылғы жылдың жеті айындағы көрсеткіш бойынша көшбасшылар үштігі өзгерді. Дербес менеджердің үйге баруы бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді, онда бұл сервисті 296 рет пайдаланған. Екінші орында Атырау облысы – 277 рет, ал Қызылорда облысы – 259 рет аталған сервиске жүгінген.
Сервисті пайдалану үшін қашықтан өтініш беріп, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті. Алдын ала берілген өтініш бойынша фронт-офис маманы азаматтың үйіне барып, кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мемлекеттік қызметті сол жерде рәсімдеуге көмектеседі. Мұндай формат уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және қандай да бір себептермен ХҚКО-ға өз бетінше бара алмайтын азаматтар үшін өте ыңғайлы.
«Үйге баратын дербес менеджер» тарифінің құны – 7 447 теңге. Бұл сома мемлекеттік бажға жатпайды, яғни тек сервистің қызмет көрсету құны болып табылады.
Үйге баратын дербес менеджердің көмегімен мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын алуға болады. Алайда паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтер бұл тізімге кірмейді. Себебі аталған қызметтерді алу үшін азаматтың жеке қатысуы керек және тиісті рәсімдерден өтуі қажет.
Маманның үйге келуіне өтінішті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтындағы «Азаматтарға көрсетілетін қызметтер» «Дербес менеджердің үйге баруы» бөлімі арқылы беруге болады. Бұдан бөлек, өтінішті 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы да рәсімдеуге мүмкіндік бар. Өтініш беру кезінде қажетті ақпаратты толтырып, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!