Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкері көп ел серпінді дамиды. Себебі ел экономикасының өрлеуіне, қомдануына кәсіпкерлер құйған салықтың әсері мол. Кез келген алпауыт мемлекетті алсақ, кәсіпкерлері арқылы өсіп-өркендеп отыр. Қазір қоғамда жеке кәсібін ашқысы келетін іскер орта қалыптасып үлгерді. Бірақ әлі де кәсіп ашамын деп талаптанғандарға қолдау көрсету қажет-ақ. Кәсіпкер – қазынаға салық құйып, ел экономикасының қабырғасын бекітетін негізгі күш. Дүниежүзіндегі дамыған алпауыт елдердің де тірегі мен негізгі қозғалтқышы – дәл осы кәсіп иелері.
Ендеше, бізге де сыртқы факторларға иек артуды қойып, ішкі потенциалды ояту қажет. Еліміздің болашағын ендігі жерде жер қойнауындағы байлықпен емес, адам капиталымен байланыстыру ләзім. Мұнай кезеңі өз миссиясын аяқтады. Енді қара алтынның бағасы қанша өссе де, экономиканың басты тірегіне айнала алмайды. Бүгінде қазақ экономикасын өрге тартатын бір ғана құдыретті күш қалды, ол жасампаз халықтың асқақ жігері. Мемлекет пен бұқара арасында шынайы сенім орнап, әр азамат өз елінің иесі екенін сезінген сәтте ғана нағыз экономикалық серпіліс басталады. Расында, «мұнайдың үстінде отырмыз» деген мақтау сөздің дәуірі өтті. Ендігі жерде еліміздің қарыштап дамуы мұнай ұңғымаларына емес, жеке кәсіп ашқан азаматтарға тікелей байланысты. Кәсіпкерлер қатарының қалыңдауы әлеуметтің әлеуетін көтереді. Мысалы, бір азамат өз бизнесін ашса, кемінде он адамға жұмыс орнын ұсынады. Демек, он шаңырақтың ырысы ортаймайды.
Қазақты кәсіп ашуға итермелеу үшін мемлекет қыруар қаржы бөліп, несие беріп те жатыр. Бірақ бір әттеген-айы, оны көпшілігі өз игілігіне қолдана алмай жүр. Неге десеңіз, оның бір себебі ерік-жігер жетіспейді. Қазақтың ұяңдығы да кері тартып тұратын шығар, бәлкім?! Белгілі жазушы Дулат Исабеков: «Біз балаларымыздың бәріне жоғары білім береміз, бірақ өкініштісі, олардың көбі жұмыссыз қалып жатады. Ал өзбектер балаларын бір кәсіпке үйретеді. Нан сатса да, шемішке сатса да күн көреді. Жас кезінен еңбекқорлыққа үйренген баланың болашағы бар», – дейді бір сұхбатында.
Әлемге әйгілі инвестор, бүгінде бір ғана акциясының құны 750 мың доллардан асатын Уоррен Баффеттің де балалық шағы қарапайым еңбекпен басталған. Ол бала кезінде газет таратып, сағыз сатып, жинаған ақшасына пинбол автоматын сатып алған көрінеді. Жас кезінен еңбектің ащы дәмін татып, бизнестің қыр-сырын ұққан ол кейіннен әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылды. Сол сияқты, танымал «Dell» брендінің негізін қалаушы Майкл Делл де колледжде оқып жүріп, досымен бірге жатақханада компьютер құрастырып сата бастаған. Сапалы әрі тиімді өнім ұсыну арқылы жоғары нәтижеге жеткен ол кейін өз тегімен аталатын алып империяның негізін қалады. Бүгінгі таңда ғарышты бағындырып, электромобиль төңкерісін жасаған Илон Маск та бала жасынан еңбекке араласқан. Ол 12 жасында өз бетінше бағдарламалау тілін үйреніп, «Blastar» атты шағын видеоойын ойлап табады. Бала Илон бұл ойынды компьютерлік журналға 500 долларға сатып, өзінің алғашқы жеке табысына кенеледі. Жастайынан білімі мен интеллектуалдық энергиясына сенген бала уақыт өте келе әлемдік технологияның көшбасшысына айналды
Бала кезінен кәсіппен айналысқан Мирас Бекжанов та сол жолды жалғастырып өсе келе ірі кәсіпкерге айнала білді.
– Бүгінде жеке ісімді өрге домалатып отырғаным – бала күнгі тәрбиенің жемісі. Анам екеуміз жазғы демалыста балмұздақ сататын едік. Соның арқасында ақшаның қадірін ерте түсініп, көзқарасым өзгерді. Содан болар, кейін өз бизнесімді де еш қорықпай бастап кеттім. Баланы жастайынан еңбекке және саудаға үйретсең дербес өмір сүруге бейімделеді, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпкерлік рух пен жасампаздық қасиет – адамға көктен түспейді, ол тәрбиемен келеді. Сондықтан ата-аналар балаларын ерте жастан еңбекке баулып, қаржылық сауаттылықты санасына сіңіруі тиіс. Жастайынан маңдай тердің қадірін біліп, өз бетінше табыс тауып үйренген бала ертең есейгенде ешкімге телмірмейді. Ондай азаматтар ертеңгі күні «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмайды. Тәуекелге бел буып, өз кәсібін ашады, тіпті жүздеген отандасын жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, ел тұтқасына айналуы мүмкін.
Д.КЕҢШІЛІК
Суреттер ЖИ көмегімен жасалды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!