Әне-міне дегенше, жаз да аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Бүгінде ата-ана баланы мектепке дайындау қамымен жүр. Оқу құралдарын, киім-кешегін түгендеумен қатар, тағы бір өзекті мәселе бар. Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің мектепке дайындығы тек материалдық мәселені шешумен бітпейді. Ең бастысы, бала мектепке психологиялық тұрғыдан дайын болуы қажет. Баланың мектепке дайындығын қалай анықтау керек, ата-ана қалай көмектесу керек? Осы орайда, Қызылорда облысы психологиялық орталық директоры Жұмагүл Тасболатқызымен осы тақырыпта сұхбаттасқан едік.
– Жұмагүл Тасболатқызы, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіннің мектепке дайындығы туралы ата-анада сұрақ көп. Ата-ана «балам сабақ оқуға дайын ба, қатарласынан қалып қоймай ма?» деп алаңдайды…
– Шынында, көп ата-ана 6-7 жастағы балаларын қыркүйек айы жақын қалғанда мамандарға сүйрейді, сондағысы «балам мектепке дайын ба?» деген сұрақтың жауабын білу. Әрине, сұрақ орынды, балалардың мектепке дайын болуы оның мектепке бейімделуінен бастап, жақсы оқушы болуына да әсер етеді. Ал жақсы оқитын бала тәрбиелеу – барлық ата-ананың арманы.
Жалпы, ата-аналардың көбі бала жиырмаға дейін санай алса, әріптерді жаза алса болды, мектепке дайын деп ойлайды. Бірақ, өкініштісі, шын мәнінде олай емес. Баланың мектепке дайындығын бірнеше маңызды критерийге бөліп қарастыруға болады. Ең алдымен, баланың физиологиялық дайындығы. Екінші, баланың әлеуметтік-психологиялық дайындығы маңызды. Үшінші, нейропсихологиялық дайындығы. Мектепке дайындық критерийлеріне толық тоқталу үшін алдымен баланың ми құрылымын таныстыру маңызды. Себебі баланың дамуы мидың дамуымен сәйкес келеді. Ал баланың миы қалай дамиды? Баланың миы төменнен жоғары қарай, арттан алдыға қарай, оңнан солға қарай дамиды. Төменнен жоғары – мидың ең төмен жатқан структуралары дамиды, арттан алдыға – мишықтан мидың маңдай бөлігіне дейінгі дамуы. Оңнан солға дегеніміз – баланың алдымен оң жақ жарты шары дамиды, содан кейін ғана сол жақ жарты шары дамиды деген ұғым. Баланың физиологиялық дамуы осы мидың дамуымен тығыз байланысты. Демек, мектепке дайындықты бастар алдында бала миының дамуымен санасумыз керек.
– Мұны білу үшін ата-аналар не істеу керек? Барлық ата-ананың арнайы маманға жүгінуге мүмкіндігі, уақыты бола бермейтіні белгілі.
– Барлық ата-ана білуі керек қарапайым диагностикаларды ұсынайын. Ең алдымен, бала турникте 20 секунд асылып тұра алуы керек. Неге? Себебі денсаулығы әлсіз балаға мектепке бейімделу, пәндерді меңгеру өте қиынға соғады, сол үшін де баланы мектепке дайындау кезінде медициналық тексеру ұсынылады. Екінші, ата-ана байқай алатын тағы бір диагностика бала бір аяқпен секіре алуы және бордюрмен жүре алуы керек. Бұл жердегі бір аяқпен секіру, бордюрмен жүре алу қабілеті вестибулярлы сезімталдықтың көрінісі. Вестибулярлы аппарат құлақтың артқы тұсында орналасқан, көлемі жағынан өте кішкентай болғанымен адамның миында үлкен маңызға ие мүше. Атап айтқанда, сырттан келген ақпаратты өңдеу, баланың назар аударып, зейін қойып сабақты оқуы, тақтаға қарап отыруы, 45 минут зейінін шоғырландырып, мұғалімді тыңдауы осы вестибулярлы аппаратқа тікелей байланысты.
Әрбір ата-ана үй жағдайында жасай алатын келесі зерттеу – баланың допты қағып алуы. Осы тұста мынадай үш баланы елестетуді ұсынамын: біріншісі өзіне қарай ұшып келген допты қаға алмайды, екіншісі доп жақын келгенде көзін жұмады, үшінші бала қағып алады. Мұндағы бірінші және екінші балада көз бен қолдың кординациясы нашар. Бұл жерде допты қағып алудың қандай қатысы бар деп ойлауыңыз мүмкін. Баланың қаламсапты алып, дәптерге жазуы тура допты қағып алу сияқты әрекет. Демек, бала жақсы жаза алуы үшін көз бен қол арасында кординация жақсы болуы керек.
Келесі маңызды нәрсе – баланың көру деңгейін тексеру. Цифрлық технологияның дамуының әсері болар, қазір мектеп табалдырығын аттаған балалардың басым бөлігінің көру қабілеті өте нашар. Қай жастағы баланы алсаңыз да қолынан гаджет түспейді. Тіпті көру қабілеті жақсы дегеннің өзінде көру өрісінің тар екенін байқаймыз. Мысалы, үнемі гаджет көріп өскен баланың көзі кішкентай төртбұрыштың ішін ғана көріп дағдыланады, кейін мектепке барғанда тақтадағыны көру қабілеті жақсы бола тұра, дұрыс көре алмай, қиналады. Невролог мамандар бұдан бөлек, казір кішкентай балаларда көздің толық айналымы жоқ екенін айтуда. Осы мәселелердің ара-жігін ажырату үшін маман ретінде мектепке дайындық кезеңінің бірі – көру қабілетін, көру өрісін тексеруге кеңес беремін. Одан кейін көп ата-ана байқамай қалып жататын маңызды нәрсе – есту қабілетін тексеру. Оны да дайындықтың бір сатысы ретінде жолға қойыңыз. Келесі маңызды тұс – қаламсапты дұрыс ұстай алу. Ол үшін үйде баланың қасық ұстауына мән берсеңіз жеткілікті. Себебі қасықты дұрыс ұстай алған бала қаламсапты ұстауға тез бейімделеді. Мысалы, кейде 6-7 жастағы баланың қасықты жұдырықпен ұстайтынын байқаймын, бұл дұрыс емес екенін ескерткім келеді.
Мұдан бөлек, баланың мектепке физиологиялық дайын екенін, аяқ киімінің бауын байлай алуы, бір аяқта тұра алуы сынды қабілеттерді меңгеруіне қарап айтуға болады. Егер бала бір аяқта тұра алмаса мәселе мишықта. Мишықтың баланың өмірі үшін маңызы қандай? Мишық –ақпарат синтезі, бұл барлық сезім мүшелерінен берілген ақпаратты ескере отырып, бүтін бір ақпаратты құрауға қатысады деген сөз. Тағы бір ескеретін нәрсе – баланың денесін тік ұстай алуы. Егер бала бүкірейіп, қисайып жүретін болса, оған қосымша арқасына ауыр сөмке берсек, мойын қан тамырлары қысылатын балада миға қан, оттегі дұрыс бармайды, соның салдарынан сабақты да жақсы оқи алмайды.

– Түсінікті. Ал баланың әлеуметтік-психологиялық дайындығына не жатады? Бұл қаншалықты маңызды?
– Бұл жаста (6-7жас) бала үлкен адамның ескертуіне, бағасына адекватты қарауы керек. Мысалы, мұғалім балаға нашар баға қойды. Бала өзінің кемшін кеткен тұстарын, не үшін нашар баға қойғанын түсінуі керек. Мұғалім балаға сабақ барысында кедергі келтіргені үшін ескерту жасады, осы кезде де бала өзінің кінәсін түсінуі керек. Бұл оның қаншалықты психологиялық тұрғыда дайын екендігін көрсетеді. Тағы бір ескеретіні, 6-7 жасар балада үлкендермен субординация болуы керек. Яғни кез келген ересекке «сіз» деп қарым-қатынас жасау міндеті. Бұл жерде дәл осындай қарым-қатынасты түсінбеу екі түрлі жағдайда орын алады. Бірі – ата-ананың үйретпеуі немесе баланың дамуында психологиялық кешеуілдеу бар. Сондай-ақ 6-7 жастағы баланың балалармен баланың коммуникация жасай алу дағдысының болуы маңызды, ол балалармен ойнай алуы, достаса алуы, қажеттілікке қарай «иә немесе жоқ» деп өз қалауын білдіре алуы маңызды. Негізі осы аталған дағдыларды балалар балабақшада қалыптастырады, яғни балабақшада осы «әлеуметтік-психологиялық дайындық» қалыптасады. Сол себепті баланы балабақшаға берудің пайдасы көп.
Баланың мектепке «әлеуметтік-психологиялық дайындығын» көрсететін тағы бір маңызды тұсы – толық сөйлей алуы. Мектеп табалдырығын аттайтын бала ойын толық жеткізе алуы керек. Сонымен қатар балада мотивацияның өзгеруі де маңызды. Бұрын ойыннан бас алмайтын баланың енді оқу-таным мотивациясына өтіп келе жатқанын байқауға болады. Мысалы, бала теледидардан, көшеде ересектерден немесе достарынан естіген қызықты ақпараттар туралы сұрақтар қойып, өз пікірін білдіруі, т.б. Сонымен қатар баланың «ерік-жігерінің дайындығы» да маңызды. Мысалы, бала белгілі бір пәнді оқығысы немесе апайын тыңдағысы келмейді, бірақ тыңдайды. Себебі тыңдағысы келмесе де тыңдай алу – баланың ерік-жігерінің көрсеткіші. Бұл жаста бала ережелерді түсінуі керек, мәселен, қауіпсіздік ережелері, жолда жүру ережелері немесе отбасылық ережелер болуы мүмкін. Егер біз балаға кішкентай кезінен ережелерді үйрететін болсақ, бала мектептің ережесіне де оп-оңай үйренеді. Дәл осы ережені үйретудің тағы бір жолы – ережесі бар ойындар ойнау арқылы үйрету. Мысалы, шахмат, шашка т.б. Келесі, әрі соңғы әлеуметтік-психологиялық дайындық – баланың мектепке барар алдында күн тәртібі, режим деген нәрсені түсінуі. Ол үшін баланы мектепке берерден 4-5 ай бұрын ерте жатқызып, ерте тұрғызып үйрету керек.
– Ал нейропсихологиялық дайындыққа не жатады? Кейде ата-аналар бала мектепте қатарластарына ілесе алмай жатса, оны қосымша оқуға сүйрейді, бұл қаншалықты дұрыс?
– Нейропсихологиялық дайындық дегеніміз – баланың сипаты, жалпы білімі, қимыл-қозғалысының барлық түрлерінің дамуы. Яғни нейродинамикасы. Қабылдау түрлерінің дамуы, сөйлеу, есте сақтау және ойлау. Бала қай кезде дайын болмайды? Зейінін шоғырландыра алмаса, бір жерде 5 минут отыра алмаса, бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізе алмаса, демек, бұл жерде мәселе бар. Тағы да баланың дайын болмау себебі ретінде баладағы инфантилизм – өз бетімен бір істі атқара алмау, ата-анасына шектен тыс тәуелділігін айтуға болады. Ондай бала тіпті өз киімін өзі кимейді. Одан басқа тапсырмадан бас тарту, ашушаң, эмоционалды тұрақсыз болса, мазасыздығы мен қорқынышы басым болса, онда бала мектепке дайын емес деген сөз. Мұндай жағдайда бала әлі 5 жарымда немесе 6 жаста болса, осы мәселенің бәрін шешіп алуға ата-ананың баласы 7 жасқа толғанша уақыты бар екенін, 6 жастан мектепке беруге асықпағаны жөн екенін еске саламын.
Ал баланың білімі қандай болуы керек? Ең алдымен бала өзінің аты-жөнін, жасын, ата-анасының аты-жөнін, мекенжайын, қай елде тұрады, жануарлардың түрлері мен өсімдіктер, мамандықтар туралы білімі болуы керек. Одан басқа спорт түрлері, тұрмыстық заттар, мысалы ыдыс-аяқ, табиғат құбылыстарын, жыл мезгілдерін, апта күндері мен ай аттарын білуі керек. Бұлардың барлығы мектепке дейінгі балалардың жалпы білімі болып саналады. Дайындық кезеңінің ең маңыздысы – нейродинамикалық дайындығы. Балада энергия көзі екіге бөлінеді деп қарастырсақ, соның бірі физикалық энергия болса, екіншісі – осы нейродинамика яғни психикалық энергия көзі. Бала зейінін шоғырландыра алмаса, бұл нейродинамиканың төмендігінен. Егер балада нейродинамика төмен болса, жоғары психикалық функциялар толыққанды жұмыс істемейді. Ол – ойлау, сөйлеу, есте сақтау, зейін қоюы. Бұл жағдайда балада есте сақтауы төмен, зейінін шоғырландыра алмау секілді мәселелер болады. Зейіннің шоғырлануы мен тұрақтылығын үй жағдайында сынақ жасау үшін «Бурдонаның сынағы» әдістемесін ұсынамын. Ол үшін балаға әріптері үлкенірек кітап бетін ашып, ондағы «а» әрпін дөңгелектеуді және «у» әрпінің астын сызуды тапсырсаңыз жеткілікті. Одан басқа нейродинамиканың төмендігін бала ұмытшақ, заттарын әр жерде қалдырып жүрсе, тез шаршайтын болса немесе шаршаған кезде ұйықтай алмағанынан байқауға болады. Енді ұсақ моторика туралы айта кетейін, бұл баланың дамуында маңызды рөл атқаратынын бәріміз білеміз. Физиологиялық тұрғыдан айтқанда, «ұсақ моторика» – қолдың ұсақ бұлшық еттерінің қозғалысы. Ұсақ моториканы дамыту бұл ең алдымен сөйлеуді, тілді дамыту үшін керек. Себебі саусақ қимылдары мен сөйлеу мүшелерін бақылайтын бастағы ми қыртыстары бір-біріне жақын орналасқан, қолдың саусақ қимылынан бастағы ми қыртысына импульс жіберіледі, осылайша оған жақын орналасқан сөйлеу аймақтары белсендіріледі. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігінің жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан екен. Сондықтан зерттеушілер алақанды «екінші тіл» деп те атайды. Баланың ұсақ моторикасын зерттеу үшін «қиялдағы пианино» ойыныны ойнауға болады.Ол үшін балаға: «балам, алдыңда пианино тұр деп елестет (кейде, бала елестете алу үшін алдын-ала пианинаның суретін көрсетуге болады), енді осы пианиноны ойнап көр», – деп тапсырма беріп көріңіз. Бұл жерде бала саусағының толық ашылуы, ойнауға қатысқанына назар аудару керек. Бұдан басқа түйме қадатып, бау байлатып көруге болады.
– Демек, баланы бірінші сыныпқа дайындау тек қалам, дәптерін түгендеумен бітпейді екен. Осы орайда, ата-аналарға тағы қандай кеңес айтасыз?
– Келесі дайындық – балалардың қабылдауы, оның барлық түрлерінің дұрыс дамуы. Яғни есту қабылдауы, көзбен қабылдауы, тактильді қабылдауы дұрыс болуы керек, кеңістікті қабылдауы және адамның суретін сала алуы керек. Баланың есту арқылы қабылдауын қалай тексереміз, мектепке дейін бала барлық әріптерді дұрыс атай алу керек. Көбіне 5 жастан кейін де с,ч,л,р дыбыстарды айта алмаса логопед маманның көмегіне жүгіну керек. Неге? Себебі бала егер әріптерді дұрыс айта алмаса, қағазға да түсіре алмайды, бұл мектепте диктант жазу кезінде байқалады. Сол себепті балаға ертерек көмектескен жөн. Келесі – көз қабылдауы, яғни баланың көру өрісі кең болуы керек. Тактильді қабылдау да маңызды, мұны тексеру үшін үй жағдайында қалтаға көлемі кіші ойыншықтарды салып, баладан көзі жұмулы күйде біртіндеп алуды және оның не екенін айтуды сұрауға болады. Кеңістікті қабылдауы, яғни бала мектепке дейін оң-сол, жоғары-төмен, үстінде, жанында деген ұғымдарды бағдарлай алуы керек. Мұны дамыту үшін баланы «оң жақтағы сөреден затымды әкелші», – деп жұмсау жеткілікті. Сонымен қатар баланың сөйлеу дайындығы да маңызды. Бірінші сыныпқа баратын балалардың сөздік қоры мол болуы керек. Жұрнақ пен жалғауларды орнымен дұрыс қолдана білуі, мысалы «бала» көпше түрде «балалар» екенін білуі керек. Бұл мәселе көбіне жартылай орыс тілді, жартылай қазақ тілді отбасыларда кездеседі. Сондай-ақ, бала сурет бойынша әңгіме құрастыра алуы, ертегі, әңгіме мазмұнын рет-ретімен айтып бере алуы керек.
Мұнан бөлек, бала «артығын тап» ойынын ойнай алуы керек, ол үшін төрт түрлі сурет ұсынып, оның үшеуі мағыналас, төртіншісі басқа мәндегі кескін болуы тиіс. Бұны ғылымда аналогияны түсіну деп айтамыз, яғни адамда мұрын, құста тұмсық, адамда қол, құста қанат бар. Мұның барлығы баланың интелектісін, ойлау деңгейін көрсетеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, егер бала осы атағандарды жасай алмаса мектепке бермеу керек деген заңдылық жоқ, ең бастысы, мәселені дер кезінде анықтап, балаға көмектесу керек екенін түсіну. Баланың мектепке дайындығын осы айтылған дүниелер арқылы бағалау және бағдарлау ата-ананың міндеті деп білемін.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!