Қазгидромет биылғы күзге арналған алдын ала ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, қазан мен қараша айларында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°C жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыркүйекте еліміздің басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық норма шамасында болады. Ал Батыс Қазақстан облысының көп бөлігінде, сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облыстарында температура нормадан шамамен 1°C жоғары болады деп болжанып отыр.
Жауын-шашынға келсек, қыркүйекте Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде және Абай облысында жауын-шашын қалыпты мөлшерден көп жаууы мүмкін.
Қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°C жоғары болады деген болжам бар. Ал Алматы облысының кей аумағында, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында, Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстік-шығысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде температура қалыпты деңгейде болады.
Қазан айында жауын-шашын мөлшері елдің барлық аумағында шамамен нормаға сай болады деп болжанып отыр.
Қарашада да Қазақстанның басым бөлігінде күн райы әдеттегіден жылырақ болуы мүмкін. Синоптиктердің болжамынша, температура нормадан 1-2°C жоғары болады.
Ал Алматы облысы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының шығыс бөлігінде температура көпжылдық норма шамасында болады.
Қарашада жауын-шашын елдің басым бөлігінде қалыпты мөлшерде түседі. Ал Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын нормадан көбірек болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатқанын жазған едік. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған. Синоптиктер өңірде күндіз ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтерілетінін болжап, тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес берген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
