Қызылорда облысында ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану және елді мекендердің жайылым қажеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Қызылорда облысындағы 146 ауылдық округтің 97-сі бүгінгі таңда жайылыммен толық қамтамасыз етілген. Жалпы өзіндік қосалқы шаруашылықтардағы 153,8 мың шартты мал басына 1 966,5 мың гектар жайылым қажет. Қазіргі таңда оның 1 534,9 мың гектары немесе 78 пайызы қамтамасыз етілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
Сонымен қатар елді мекендер маңындағы 98,5 мың гектар жер 19 елді мекеннің жайылымдық қажеттілігіне белгіленді. Бұл ауыл тұрғындарының мал жаю мүмкіндігін кеңейтіп, жайылым тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді.
– Жер қорын тиімді пайдаланудың тағы бір маңызды бағыты игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару. 2026 жылы облыс бойынша 30 мың гектар пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған жерді қайтару жоспарланған болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, мемлекет меншігіне 35,9 мың гектар жер қайтарылды. Қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2022-2025 жылдары мемлекетке қайтарылған 504,6 мың гектар жердің барлығы қайта айналымға енгізілді, – деді Талғат Тұрсынұлы.
Биыл ауыл шаруашылығы айналымына қосымша 70 мың гектар жер енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 8,7 мың гектары игеріліп, айналымға алынды.
– Жер ауыл шаруашылығының негізгі өндірістік ресурсы. Сондықтан пайдаланылмай жатқан алқаптарды мемлекет меншігіне қайтарумен қатар, оларды нақты ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге басымдық беріп отырмыз. Бұл жерді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сонымен бірге елді мекендердің жайылым қажеттілігін өтеу мәселесі де тұрақты бақылауда. Алдағы уақытта да жайылымдық жерлерді тиімді басқару, пайдаланылмай жатқан алқаптарды айналымға тарту және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, – деді басқарма басшысы.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
