Сырдария – талай тарихтың куәсі болған қасиетті өзен. Енді оның қос жағалауын жалғайтын жаңа көпір шаһардың сәулеттік келбетіне көрік қосып, қала тұрғындары үшін қолайлы қатынас жолына айналмақ. Бүгін осы маңызды жобаның алғашқы қадамы жасалып, Сырдария үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс капсуласы салынды. Ел игілігіне бағытталған шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысып, жаңа нысанның бой көтеруіне ақжолтай тілектерін білдірді. Сыр елінің бас шаһарын жаңғыртуға бағытталған бұл жоба – қаланың заманауи келбетіне серпін беретін бастамалардың бірі ғана.

Шарада аймақ басшысы Сыр елінің бас шаһарының дамуына серпін беретін жобаларға тоқталды. Соның бірі – Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы. «Астана» шағын ауданы мен Президент саябағын жалғайтын, қаламыздың жаңа сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды инфрақұрылымдық жоба Нұрлыбек Машбекұлының бастамасы болатын.
Жалпы құны 13 миллиард теңгеге жуықтайтын ауқымды инфрақұрылымдық жоба құрылысын осы салада тәжірибесі бар «Әлем Құрылыс» компаниясы жүргізедіі. Инженерлік нысанның ұзындығы 319,4 метрді, ал ені 12 метрді құрайды. Өткел тек көліктер кептелісін азайтып қоймай, қала тұрғындарының белсенді де қауіпсіз қозғалысына жол ашпақ. Жоба аясында жаяу жүргіншілердің жайлылығы үшін ені 3 метр болатын кең тротуар және велосипед мінгендер үшін әрқайсысының ені бір жарым метрді құрайтын екі арнайы веложолақ салынады.
– Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 38 млрд теңгенің 23 жобасы іске асырылуда, 71 көше күрделі жөнделіп, қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Мәселен, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы толық біткенде, көлік қатынасы реттеледі. Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Жаңа көпір мен жаңартылған Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен әрі заманауи қақпаға айналады. Бұл игіліктер Президентіміз бен Үкіметтің қолдауының арқасында жүзеге асуда. Баршаңыздың ел дамуы, тұрғындарымыздың жайлы тұрмысы мен өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолындағы өрелі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Көлік инфрақұрылымын дамытып көпір салумен қатар қаладағы басты көше Назарбаев даңғылы мен бірнеше негізгі көшелер толықтай қайта жаңғыртылды. Ауқымды жұмыстар қала маңындағы елді мекендерді де қамтыды. Нақтырақ айтсақ, Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтіліп, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына жағдай жасалды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Президент саябағы жаңа кейіпке енді. Бұған дейін демалыс орнына келушілер үшін көлік қоятын орын табу мәселеге айналып, тұрғындар тарапынан жиі сын айтылатын. Енді бұл түйткілдің түйіні тарқап саябаққа ағылатын жұртшылықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін арнайы кең көлемді автотұрақ пайдалануға берілді. Осы аумаққа келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін салынған автожол кептелісті азайтып, келушілердің алаңсыз серуендеуіне жағдай жасамақ.
Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да қарқын алды. Дария жағалауына екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолдары түсуде. Бұдан бөлек, жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «Aй-Керім» оқу-сауықтыру орталығы ашылып, жерлестеріміздің қуанышы еселенді. Лагерь жанынан Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Бақ жасыл желектің бірегей түрлері өсетін, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын орынға айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президенттік кітапхана мен драма театрдың іргетасы қаланып, құрылысы жүргізілуде.

Саябақты жалғайтын тоғыз қабатты 15 тұрғын үй кешені жақын арада пайдалануға беріледі. Тұрғын үй кешенінің жанынан бес жұлдызды және бір уақытта 100-ден астам қонақты қабылдай алатын халықаралық стандарттарға сай үш жұлдызды IBIS қонақ үйі салынуда. Бұл қонақ үй желісі әлемнің 70-тен астам елінде кеңінен ұсынылған. Қазақстанда мұндай қонақ үйлер Астана, Алматы, Ақтөбе және Атырауда табысты жұмыс істейді. Бұл Сыр өңірінің туристік әлеуетіне үлес қосады деп күтілуде. Сондай-ақ 200 орындық перинаталдық орталық бой көтеріп келеді.
Айта кетейік көпір құрылысы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта жоспар бойынша сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол көпірі салынады. Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін автожол құны – 19,5 млрд теңге. Нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджетке өтінім берілген.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!