Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Биылғы оқу жылында мемлекет білім саласына бірқатар өзгеріс енгізбекші. Атап айтқанда, оқушы формасынан бастап бастауыш сыныптардағы бағалау көрсеткіштері өзгермек. Анығын айтқанда, оқушыға мектеп формасы міндеттеліп отыр. Ал талапты орындамағандарға айыппұл салынады. 1-4 сыныптарда тоқсандық жиынтық бақылау алынып тасталады. Оқушылар сабақ кезінде смартфон ұстамайды. Тағы бір атап айтар жаңалық, оқушылар енді диктант пен мазмұндама жазады. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру.
Сыр өңірінің білім саласына жоғары баға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясында Қызылорда облысы түлектерінің ҰБТ нәтижесін ерекше атап өтті.
– Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталғым келеді. Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл – Сыр өңіріндегі білім саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Соңғы үш жылда аймақта білім саласын жаңғыртуға, жаңа мектептер салуға және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға басымдық берілуде. Соның нәтижесінде бүгінде оқушылар ҰБТ-жоғары жетістікке жетіп, алдыңғы орыннан көрінді. Бұл – жауапкершіліктің, аймақ мұғалімдерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Мұғалім жұмысын тексеру емес, қолдау маңызды
Алдағы уақыттарда мұғалімдер қағазбастылықтан және пайдасыз тексерістерден босатылады. Сонымен қатар педагогтердің аттестациядан өткізу талаптары да қайта қаралады. Мемлекет басшысы тамыз конференциясында қоғамдағы осындай өзекті мәселелерді де қозғады. Білім беру жүйесіндегі реформаларды асығыс жүргізбеу мәселесінде атап айтты. Ел Президенті кадр тапшылығы, оқулықтардың сапасы, жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне де мән берді.
– Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалім Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсетінін атап айтты. Сондықтан да мұғалімдерді артық жүктемеден және қағазбастылықтан босату қажет. Осыған орай, педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде тапсырма берді.
Фаст-фут жарнамасы қаптап кетті
Мемлекет басшысы тамыз конференциясында бала деннсаулығына қатысты мәселелерге де кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, елімізде дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бар екен. Дәл қазіргі фас-фут жарнамасы қаптап тұрған уақытта олардың саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Сондықтан да Үкіметке фаст-фут жарнамасын шектеуді тапсырды.
– Тағы бір мәселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен, Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек, – деді ел Президенті.
Әлеуметтік желінің кері әсері
Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психологиялық саулығын сақтау мәселесін атап айтты.
– Мәселен, ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті. Әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды. Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын. Көптеген озық ел осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке балаларға арналған интернет-контентті сүзгіден өткізу тетіктерін жетілдіруді және олардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларға арналған міндетті SIM-карталарды кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл бастамалар балалардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейтіп, олардың психологиялық тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты өткеннің сәтсіздіктері үшін өзге халықтар мен мемлекеттерді кінәлау сияқты теріс түсініктерден сақтандыру қажеттігін де айтты. Бұл ретте оқу-ағарту саласына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мұғалім жас ұрпақты ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа ұмтылатын, болашаққа сеніммен қарайтын азамат етіп тәрбиелеуге тиіс.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!