Сенбі, 22 тамыз, 00:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63 (2275)
22.08.2026
PDF мұрағаты

Жанкент:  Көне қаланың қырлары зерттелуде

22.08.2026

23 0

Сыр өңірінің тарихы мен мәдениетін танытатын құнды мұраның бірі – Жанкент қалашығы. Оғыз дәуірінің маңызды орталығы болған көне шаһарды зерттеу жұмыстарының басталғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» атты ғылыми-танымдық кітап-каталогының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ «Жанкент археологиялық экспедициясына – 20 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шарада оғыздардың рухани мәдениеті жұртшылыққа кеңінен насихаттады. Сондай-ақ Жанкенттің тарихи-археологиялық мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеуге, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Жанкент қаласының жәдігерлері» атты көрмені, «Аптап ыстық күн астында Жанкентте өткен 20 жыл» фотокөрмесін тамашалады. Онда археологиялық жәдігерлер және экспедицияның жиырма жылдық зерттеу жолын бейнелейтін фотосуреттер қойылған.

Жиынға Ресей, Германия, Ұлыбритания, Өзбекстан және еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар қатысып, Жанкент қалашығын зерттеу барысында жинақтаған ғылыми еңбектерін таныстырды.

Іс-шараның ашылу рәсімінде облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректор Наурызбай Байқадамов, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы және Эберхард Карл атындағы Тюбинген университетінің құрметті профессоры Heinrich Haerke қатысып, Жанкентті зерттеудің тарихи әрі ғылыми маңызына тоқталды.

«Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» ғылыми-танымдық кітап-каталогында оғыздардың тарихы мен рухани мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен мұрасы кеңінен қамтылған. Сонымен қатар Жанкент қалашығында жүргізілген көпжылдық археологиялық зерттеулердің нәтижесі жүйеленіп, құнды археологиялық жәдігерлер туралы ғылыми мәліметтер ұсынылған.

Жиырма жылдық зерттеу барысында жинақталған мол ғылыми материал Жанкент тарихын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беріп, оғыз өркениетінің Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени орнын тереңірек түсінуге жол ашты.

Ғылыми басқосу қорытындысында зерттеушілер бірқатар ұсыныс айтып, тиісті резолюция қабылданды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: