Құрылтай

Сейсенбі, 11 тамыз, 11:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60 (2272)
11.08.2026
PDF мұрағаты

Ғылымға ұмтылған Бекжан

11.08.2026

34 0

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ал ғылым жолын таңдаған жастар ел болашағының берік іргетасы. Солардың бірі – ғылым жолын таңдап, ізденісін туған өңірдің өзекті мәселесімен ұштастырып жүрген Бекжан Ғалымжанұлы. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранты, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының инженері.

Жас маманның қазіргі таңда атқарып жүрген жұмысы ғылым мен өндірісті, экология мен инновацияны ұштастырады. Ол университет зерт­ханасында жүзеге асып жатқан бірнеше ғылыми жобаға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттарының бірі – күріш қауызын қайта өңдеу арқылы одан пайдалы әрі құнды материалдар алу.

Күріш – Сыр өңірінің басты дақылда­рының бірі. Ал оны өңдеу барысында қала­тын қауыздың қоршаған ортаға әсерін азайтып, қайта кәдеге жарату – бүгінде өзекті мәселелердің қатарында. Осы бағыт­та жас зерттеушілер күріш қауызынан бел­сендірілген көмір, таза кремний диоксиді, целлюлоза, биокөмір, терра-прета және күріш қауызының экстрактынан моноглицеридтер алу бойынша жұмыстар жүргізуде.

– Зертханамыздағы ғылыми жұмыстар профессор Нұрбол Аппазов және Нұрғали Ақылбековтің жетекшілігімен жүзеге асыры­лады. Ұжымымыздың ғылыми жария­ла­ным белсенділігі де жоғары. Мен де осы бағыт­тағы жұмыстарға атсалысып, зерттеу нәти­желері бойынша Scopus базасына кіре­тін халық­аралық ғылыми журналдарда және «Қазақстан­ның химия журналы» басы­лымын­да бірнеше мақала жарияладым, – дейді Бекжан.

Жас ғалымның ғылымға келу жолы да ізденіске толы. Мектеп бітірген  соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­тіне «Фармацевтикалық өндіріс техноло­гиясы» мамандығына оқуға түседі. Уни­вер­ситетті бітіргеннен кейін DOSFARM фар­ма­цев­тикалық өндіріс орнына жұмысқа орна­ласып, алғашқы тәжірибе жинайды. Кейін жаңа бағытта дамуды мақсат етіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистратурасына түседі. Магистратурада оқып жүріп, ғылымға деген қызығушылығы артып, зерттеу жұмыстарымен тереңірек айна­лысады. Қазір осы жолды жалғастырып жүр.

Бекжан үшін ғылыми ізденістің маңызы тек зертхана қабырғасындағы тәжірибелер­мен шектелмейді. Оның пікірінше, ғылым нақты мәселелерді шешуге бағытталғанда ғана қоғамға пайдасын тигізеді.

– Қызылорда облысы – еліміздегі күріш шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан күріш өндірісінен қалатын қауызды жай ғана қалдық ретінде емес, пайдалы шикізат көзі ретінде қарастырудың маңызы зор. Күріш қауызының құрамында бағалы компоненттер бар және оны дұрыс өңдеу арқылы әртүрлі функционалды мате­риалдар алуға болады. Біз үшін ғылыми нәтижемен қатар, зерттеудің болашақта нақ­ты өндіріске пайдасын тигізуі де маңызды, – дейді жас зерттеуші.

Бекжанның алдағы жоспары да ауқым­ды. Ол ғылым саласын­да кәсіби тұрғыда дамып, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу­ды, шетелдік зерттеушілермен тәжірибе алмасуды мақсат етеді.

– Ғылым бір адамның еңбегімен ғана жасалмайды. Сондықтан тобымыз­бен бірге үлкен нәтижеге жетіп, зерттеуле­рімізді халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді. Болашақта қоғамға, экологияға және өндіріске нақты пайдасы тиетін, әлемді жақсы жаққа өзгертуге аз да болса үлес қосатын жобалардың бір бөлігі болғым келеді, – дейді ол.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: