Құрылтай

Сейсенбі, 11 тамыз, 11:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60 (2272)
11.08.2026
PDF мұрағаты

«Таза Қазақстан» акциясы: қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға негіз қаланды

11.08.2026

39 0

«Адамзаттың табиғатсыз күні бар ма, оны айтар табиғаттың тілі бар ма?»  деген тәмсілдің бүгінде маңызы артты. Табиғат ананың баурайында жүріп кейде оның сұлулығын бағаламай, жасыл әлемнің пайдасын ескермей, қоршаған ортаны ластап, айналаның көркін бұзып жатқандар қаншама.  

Қазіргі уақытта экология жағдайы бүкіл әлемде алаңдаушылық туғызуда. Қалдықтың, пластиктің көптеп жиналуы, орман алқабының қысқаруы, судың ластануы, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар – осының бәрі қоршаған ортаны ластап, климаттың өзгеруіне әкелуде. Мысалы, кейінгі жылдары климаттың жылынуы мен табиғи апаттардың жиілеуі ғаламдық деңгейде байқалып отыр.Орман алқаптарының азаюы, жер бетінде өсімдіктер мен жануарлар түрлері жойылып кету қаупі де жоқ емес. Бұдан бөлек, атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл  газ да климаттың жылынуына себеп болып отыр. Бұл экологиялық қиындықтың шешімі – қоршаған ортаның таза ұстау, жасыл желекті көбейту, табиғи ресурс­тарды ұқыпты пайдалану және қоғамның экологиялық санасын қалыптастыру. Осы мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде кең қолдау тауып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға жол ашты. Бүгінде бұл бастама қарапайым сенбіліктер аясынан асып, мемлекеттік мекемелерді, коммуналдық қызметтерді, жастар ұйымдарын, еріктілерді, қоғамдық бірлестіктерді және тұрғындарды біріктіретін ауқымды экологиялық қозғалысқа айналып отыр. Оның жарқын үлгісі ретінде Қызылорда  қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды атауға болады.

Жаңашыл бастама

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Таза Қазақстан»  республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге ел­орданың «Самал» саябағына ағаш отырғызуы­ның өзі мемлекет басшысының бұл жай науқандық шара емес, елдің ертеңі үшін маңызды акция екенін айғақтайды.  Президент бастамасымен қолға алынған іс-шара аясында бас шаһардағы Президент саябағында ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, экобелсенділер, жастар ұйымдары және студенттер тал отырғызды. Акцияға ай­мақтың аудандарынан, елді мекендерінен 25000-нан астам адам атсалысып, 12 мыңнан астам тал егілді, 325,7 гектар аула тазартылып, 320 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 250-ден астам техника жұмылдырылды. Өңірде «Таза Қазақстан»  республикалық экологиялық акциясы аясында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі түрде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орын­дары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде.

Қаладағы орталық алаң, қалалық мәдени-де­малыс паркі, Қорқыт ата мемориалды аллеясы жаңғыртылса, Президент саябағы қайта салынды. Онда заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған. Жалпы 31 гектарға 2 мың­нан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді.

Қазіргі таңда Президент саябағы аумағында 10 млрд теңгеге жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығы салынды.  Сырдария өзені үстінен Президент саябағын қаламен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталмақ.

Бұл жұмыстар барлық ауданда жалғасын тауып, жаңа демалыс орындары, аллеялар айна­ланың сәнін кіргізіп, көшелер абаттанып, жарықтандырылуда.

Ауылдарда қолайлы орта қалыптастыру, тұр­ғындарды тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Соңғы үш жылда  үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді бас­қару, оларды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату бағытында «Жасыл даму» АҚ қаржы­ландыруымен  9 жоба қолға алынуда.

Таза аула

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдар­ламасы аясында «Таза аула» экологиялық акциясы  өтті. Акция игілігімен барлық елді мекендердегі 147 аула тазартылды. Акцияға 12 266 адам қатысып, 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Тазалық шарасына мемлекеттік мекеме қыз­меткерлері, еріктілер, жастар ұйымдары мен жергілікті тұрғындар атсалысты. Аулалардың қоқысы жиналып, айналасы абаттандырылып, көгалдандырылды.

Тазалық шараларында 46934 ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері белсенділік танытқан. 1067 тонна қоқыс қалдығы жиналып, 156 сквер мен парк, 225 тарихи-мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік, 407 өнеркәсіп және бизнес, 8 су нысаны, 843 көше бойы тазартылды. Оған 248 техника жұмылдырылып, жергілікті  климатқа жерсінетін 27450 түп қарағаш, терек, сыр талы  егілді.

Қызылорда қаласындағы орталық алаң, мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, халық игілігіне берілді. Президент саябағы жаңадан қайта салынып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс орнына айналып келеді.

«Таза жағалау»

акциясы

«Таза жағалау» экологиялық акциясын ұйым­дастырудың мақсаты – өзен-көлдердің жа­ғалауын тұрмыстық қалдықтан тазарту, қор­шаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.

Іс-шара барысында қатысушылар жағалау аумағын күл-қоқыстан тазартып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Мұндай игі баста­малар өңірдің экологиялық ахуалын жақ­сар­тып қана қоймай, қоғамда табиғатқа жана­шырлық пен экологиялық мәдениетті нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ Полиция департаменті қызметкерлері қалада қоғамдық тәртіпті сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру «Таза Қазақстан» республикалық акциясы  ая­сында қоқысты белгіленбеген орынға тастап, абаттандыру қағидасын бұзып, айналаны ласта­ғандарға әкімшілік шара қолдануда.  Тексеру барысында бірқатар кәсіпкерлік нысан­дарда санитарлық және абаттандыру талабы­ның сақтал­мауы анықталып, түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ескерту берілген. Осы жылдың 6 айын­да 5590 абаттандыру қағидасын бұзу, 2319 ортақ мүлікті ластау дерегі тіркелген.

«Жасыл елдіктер»   тазалыққа атсалысты

Өткен аптада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қорқыт ата аллеясында  сенбі­лік өткізіп жатқан «Жасыл ел» еңбек жасағы­ның сарбаздарымен кездесті. Аймақ басшысы таби­ғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау өркениетті қоғамның басты құндылығы екенін атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылуда.

Шілде айының басында күшіне енген ха­лықтық Конституцияда табиғатты қорғау, қор­шаған ортаға ұқыпты қарау қағидаты алғаш рет заң деңгейінде бекітілді. Ендігі жерде қоршаған ортаға жанашырлық таныту – әрбір азаматтың конституциялық парызы. Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Президент сая­бағы, бүгінгі сенбілік өтіп жатқан Қорқыт ата саябағының жаңаша келбетке енуі – өңіріміз­дің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі саясаттың жемісі. Осындай игі істердің бел ортасында әрдайым «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жүреді. «Жасыл ел» – маусымдық жұмыс емес, жастарды еңбекке баулитын, елжандылыққа тәрбиелейтін, қоғамдық жауапкершілікті қа­лыптастыратын үлкен азаматтық мектеп. Бұл жоба арқылы мыңдаған жас алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, туған жердің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Биыл жобаға 21 жыл толды. Осы уақыт ішінде «Жасыл ел» өз тиімділігін дәлелдеп, жастар саясатының ең табысты жобаларының біріне айналды. Туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сенбілікте аймақ басшысы жастармен эко­логиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде еркін пікір алмасты.

Айта кетейік, өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысуымен 118 саябақ, сквер, аллея және қоғамдық демалыс орындары көгалдандырылып, 12 гектар аумақ тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Биыл да 1200-ден астам жас осы игі іске атсалысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне үлесін қосты.

Жасыл қала

жан тынысы

Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалып­тастыру мақсатында облыс көлемінде 10 мыңға жуық контейнер орнатылса,  көпқабатты тұрғын үйлер, ірі сауда орындары, әуежай мен теміржол вокзалында шыны, пластик және қағаз қалды­ғын сұрыптап жинау үшін арнайы экобокстар қарастырылған.

Қызылорда қаласындағы 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдер­мен жаңартылып, 27 тұрғын үй демеушілікпен жөнделген. Биыл 900 млн теңгеге қосымша 21 тұрғын үйдің қасбеттерін қаптау жоспарланып отыр.

Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық білім беру, ағарту шаралары «Жасыл балабақша», «Жас эколог», «Жасыл мектеп», «Табиғат сақшылары»  жоба­лары аясында жүзеге асырылып келеді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: