Құрылтай

Сенбі, 08 тамыз, 01:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59 (2271)
08.08.2026
PDF мұрағаты

Құрылыс қарқыны – қала дамуының айғағы

08.08.2026

32 0

Құрылыс – кез келген өңір дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет басшысы елімізді үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігіне басты назар аударып отыр. Ел Президенті теміржолдар, автомобиль жолдары, әуежайлар, вокзалдар, сумен жабдықтау нысандары, өндіріс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту ел экономикасының өркендеуіне жол ашатынын атап айтты. Сыр өңірінде де осы тапсырмалар аясында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде Қызылорданың бас шаһары жайлы да таза қалаға айналды. Кейінгі  жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ерекше қолдаудың арқасында құрылыс қарқыны арта түсті. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Сыр өңірінде құрылыс жұмыстарының көлемі 131,3 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға шықты.

Атап айтқанда, облыс орталығында сәні мен салтанаты жарасқан құры­лыс нысандарының саны артты. Ел игілігі үшін салынып жатқан қала­дағы әрбір ны­санның өз ерекшелігі бар. Кейінгі жылдары заманауи тұрғын үйлер, жаңа нысандар са­лы­нып, жолдар жөнделіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Қаланы ерекше реңге бөлеп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнының бірі – Президент саябағы. Биыл жалпы құны 14,6 млрд теңгені құрайтын жоба аясында саябақ толықтай заманауи демалыс орталығына айналды. Мұнда музыкалық және жаяу жүргіншілерге арналған су­бұрқақтар, ұзындығы 120 метрлік су арнасы, «Өмір ағашы» композициясы, биіктігі 50 метр болатын шолу дөңгелегі, балалар ойын алаңдары, спорт және воркаут алаңдары, амфитеатр, фудкорттар, велосипед жолдары және басқа да заманауи инфрақұрылым салынған. Саябақ аумағында 2 мыңнан астам ағаш, 53 мыңнан астам бұта, 54 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылып, 2,7 гектар аумаққа газон төселді. Жасыл желектерді суару толықтай автоматтандырылған жүйеге көшкен.

Шаһар сәулетіне сән беріп, тұр­ғындарға жайлылық сыйлаған саябақ ішінде өңірдің экологиялық болмысын жаңғыртуға бағытталған бірегей жоба Ботаникалық бақ ашылды. Жаңа бақ аймақ­тың экологиялық мәдениетін кө­теріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды нысан. Бұл орталық қаланың келбетін көркейтіп қана қоймай, табиғатпен тілдесіп, жан тыныштығын табуға мүмкіндік беретін ерекше кеңістік.

Президент саябағы аумағында орна­ласқан игі жобаның бірі – «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы. Мемлекет бас­шысының қолдауымен бой көтерген за­манауи лагерь жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен Президент саябағы аумағында жаңа драма театр мен тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананың құ­рылысы жүруде. Айта кетейік, бүгінде мұнда 9 қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Қазан айында пайдалануға берілетін бұл нысандар 945 отбасыны баспанамен қамтамасыз етпек.

Денсаулық сақтау саласында да маңыз­ды жобалар жүзеге асуда. Шаһардың шет аумағы Титов шағын ауданында зәулім ем­хананың құрылысы қызу жүріп жатыр. Нысан пайдалануға берілсе осы жерден 20 мың халыққа ем-дом жасалады. Сонымен бірге Сырдарияның сол жағалауында көпбейінді аурухана мен 500 орынға шақталған емхана салынуда.

Ауқымды жобалардың бірі – «Қызылорда арена» спорт кешені. Әмбебап спорт кешені халықаралық талаптарға сай салынуда. Мұнда ұзындығы 50 метрлік он жолақты жүзу бассейні, футзал, волейбол, баскетбол сайыстарын өткізетін 2500 көрерменге арналған үлкен зал қарастырылған. Нысан қазан айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Қала инфрақұрылымын дамыту мақ­са­тындағы тағы бір маңызды жоба – Сырдария өзені арқылы өтетін Астана шағын ауданынан Президент саябағымен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Алдағы уақытта құрылыс жұ­мыстары басталады.       

Облыс орталығында жол құрылысы да қарқын алған. Жаңа асфальт төселіп, кеңейіп жатқан көше көп. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде жол құрыстарының жұмысы қарқын алды. Кенттің кіре берісінен бастап асфальт төселіп, көшелер кеңейді. Бұл жұмыстардың сапасы және дер кезінде аяқталуы жергілікті биліктің бақылауында. Атап айтқанда, биыл жалпы құны 34 млрд 815,5 млн теңгені құрайтын 7 ірі жоба іске асуда. Оның ішінде 1 көпірдің құрылысы, 1 жаңа автомобиль жолы, сондай-ақ жалпы ұзындығы 43,4 шақырым болатын 39 көшені қайта жаң­ғырту және күрделі жөндеу жұмыстары қамтылған.

Қала тұрғындарын орталықтандырыл­ған ыстық сумен қамтамасыз ету бағытын­дағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Мәселен, 423 көпқабатты тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу жоспарланған. Осы уақытқа дейін 189 тұрғын үй толық қосылды. Қалған үйлердің инженерлік желілері толық аяқталып, қосуға дайын.

Сонымен қатар тұрғын үй қорын жаңғырту көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында қазіргі уақытта жұмыстардың орындалуы шамамен 50 пайызды құрады. Ал балалар ойын алаңдарын жаңғырту бойынша мердігер мекеме «Еңбек» РМК-мен 1,9 млрд теңгеге 26 ойын алаңының құрылысы салынуда.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: