Құрылтай

Сенбі, 08 тамыз, 01:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59 (2271)
08.08.2026
PDF мұрағаты

Еңбегі ерлікпен тең мамандық

08.08.2026

30 0

Аспанмен таласқан ғимараттар, заманауи тұрғын үй кешендері мен көз тартар зәулім сарайлар… Сыр бойындағы шаһар – бүгінде танымастай өзгеріп, күн санап құлпырып, заман талабына сай қарыштап дамып келеді. Күннен-күнге ажарлана түскен қалада сәулетшінің қағаз бетіндегі қиялын ақиқатқа айналдырған құрылысшылардың еңбегі өлшеусіз. Бүгінде бой көтерген әрбір зәулім нысан, мектеп пен балабақша – қаламыздың өсіп-өркендеуінің айқын дәлелі. Осы орайда, құрылыс саласы мамандарының халық игілігі үшін атқарып жатқан ауқымды жұмысына тоқталып, ерен еңбегін ұлықтау артық емес.

Елімізде «Құрылысшылар күні» тамыз айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Кәсіби мерекенің ресми мәртебесі заман талабына сай жаңғырып, 1998 жылы Президент  жарлығымен қайта бекітілді. Тәуелсіз мемлекетіміз құрыш білекті құрылысшылардың қоғам­дағы орнын заң жүзінде бекітті. Дегенмен, бұл дәстүрлі мерекенің тамыры тереңде жатыр. Тарихтың сарғай­ған беттеріне көз жүгіртсек, қазақ топырағындағы құрылысшылар қауымы өзінің төл мерекесін алғаш рет 1956 жылдың тамыз айында, атап өткен екен. Содан бері арада жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, бұл күн жасампаздықтың, қажырлы еңбектің символына айналды.

Бүгінгі таңда құрылыс саласы – қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Заманауи технологиялар мен жаңа материалдар мамандықты одан әрі маңызды әрі сұранысқа ие етуде. Құрылысшы болу – тек физикалық еңбек емес, білім мен шеберлікті, жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін сала. Сыр өңірінің құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар, уақыт сынынан мүдірмей өткен іргелі ұжымдардың бірі – «Интегрострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл мекеме 1998 жылдың қаңтарынан, аймаққа белгілі «Облагропромстрой» бірлестігінің ПМК-01 базасында қайта түледі. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде кәсіпорын қала құрылысы мен сәулет өнерінің көшбасшысына айналып, ел аумағында құрылыс қызметін жүргізуге құқылы ең жоғары – І санатты мемлекеттік лицензияны иеленді.

Гүрілдеген техника үні мен кірпіш қалаған шеберлер… Қызылорданың аптап ыстығына қарамастан «Интегрострой» құрылыс алаңында жұмыс қызу. Құрылған күннен бастап құрылыс саласының бел ортасында жүрген компания қала мен облыс аумағында бас мердігер әрі сенімді қосалқы мердігер ретінде танылған. Олар салған және күрделі жөндеуден өткізген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени нысандар бүгінде Сыр халқының игілігіне берілді.  Кәсіпорынның негізін қалаушы құрылысшы-кәсіпкер Бақдаулет Құлыбекұлының айтуынша, құрылыс нарығындағы түрлі экономикалық дағдарыстарға қарамастан, компанияның жұмыс кестесі бір сәтке де тоқтаған емес.

– Кез келген сапалы құрылыстың артында заманауи техника мен білікті маман тұратыны анық. «Интегрострой» серіктестігінің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Кәсіпорынның меншігіндегі күнделікті қолданылатын арнайы ауыр жүк көтергіш крандар, қуатты погрузчиктер мен жүк көліктері бар. Оған қоса мұнда 150-ге жуық қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Мекеме тек зәулім үй тұрғызумен ғана шектелмей, қоғамның әлеуметтік тыныс-тіршілігіне де белсене араласып келеді. Облыс көлемінде өтетін қоғамдық іс-шараларға демеушілік жасап, мұқтаж жандарға қол ұшын созуда, – дейді Бақдәулет Ысқақов.

Кәсіпорынның биік белестерді бағындыруына жұмысшылардың қосқан үлесі зор. Мекемедегі жауапты маманның бірі, құрылыс шебері Руслан Бақытбайұлы. Ол 2008 жылдан бері құрылыс саласында абыроймен еңбек етіп келеді. 1974 жылы дүниеге келген ол шаңырағында бес бала тәрбиелеп өсірген әке. Үлкен қызын құтты орнына қондырып, екі ұлы жоғары оқу орнында болса, кенже ұлы бүгінде мектеп қабырғасында білім алуда.

– Өмір жолым негізінен құрылыс саласымен тығыз байланысты. Ең алғаш еңбек жолым ірі нысан Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана құрылысында қойма меңгерушісі болып бастап, кейін бас инженер лауазымына дейін көтерілдім. Кітапхананың 4 жылдық кепілдік мерзімі уақытында кемшіліктерді түзеу маған жүктелген еді, – дейді Руслан Жүнісқұлов.

Сыр бойының топырағында өсіп-өнген жергілікті тұрғын болған соң, бұл өңірдің аптап ыстығына да, қақаған сары аязына да әбден үйреніп кеткенін айтты. Сырт көзге ауыр көрінгенімен, құрылысшылар үшін бұл  қалыпты жұмыс ырғағы.

– Туған жердің  аптап ыстығына да, қыстың сары аязына да қарамай еңбек етіп келеміз. Қазіргі таңда қарамағымда 30-ға жуық білікті маман қызмет етеді. Бүгінгі күні сол жағалауда бой көтерген 40 пәтерлік заманауи тұрғын үй толықтай аяқталып, тұрғындар игілігіне тапсыруға дайын тұр. Барлық қажетті коммуникациялар, газ желісі де толық тартылған. Қазіргі таңда тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстау дайындығы жүріп жатыр, – дейді кейіпкеріміз.

Кәсіпорынның бүгінгі жетістігі  біліктілік пен жастардың ынта жігерінің арқысы деуге болады. Мұнда өз ісінің майталмандарымен қатар, құрылыс алаңында шыңдалған жастардың қарасы қалың. Кәсіби мамандар кейінгі толқынның, әсіресе өндірістік тәжірибеге келетін колледж студенттерінің ынтасына ерекше сүйсінеді. Ай сайын отызға жуық студент оқытушыларымен бірге осы ұжымға келіп, теорияны тәжірибемен ұштастыруда. Бір ай бойы жастар құрылыс өнерінің қыр-сырын меңгереді.

– Егер өзім құрылыс салуға үлес қосқан нысандардың ішінен ең ерекшесін бөле-жара айтар болсам, өткен жылы сол жағалауда бой көтерген музыкалық колледж ғимараты өзіме ерекше ыстық. Өйткені қарапайым көпқабатты тұрғын үйлердің жөні бөлек. Ал музыкалық колледж, кітапхана сияқты сәулетті ғимараттар – тек тас пен бетоннан тұратын құрылыс қана емес, уақыт сынына төтеп беріп, тарихта өшпес із қалдыратын ғимарат. Сол себепті де мұндай нысандарды салуға үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш, –  дейді шебер құрылысшы.

Уақыт бір орнында тұрмайды, онымен бірге адам баласының талғамы мен талабы да үздіксіз өсіп келеді. Кешегі күнге дейін қалада бес қабатты үйлер үйреншікті көрініс болып, соны місе тұтсақ, қазір еңселі жеті және тоғыз қабатты заманауи тұрғын үй кешендері бой көтеруде. «Интегрострой» серіктестігінде сапа бірінші орынға қойылған. Мұнда әрбір кірпіштің дұрыс қалануы, техникалық талаптың қиыс кетпей, дәл орындалуы қатаң бақылауда ұсталады. Құрылыс басындағы шеберлер мен прорабтардан бастап, арнайы техникалық қадағалау мамандарына дейін бірлесе жұмыс істейді. Нысанның іргетасынан бастап, шатырына дейінгі әрбір кезеңді қырағылықпен тексеру – компанияның темірдей тәртібі.

Қазіргі құрылыстың қарқыны мүлде бөлек. Заманауи үлгідегі бес қабатты, 40-50 пәтерлі тұрғын үйлер небәрі 4  айдың шамасында құрылысы бітіп, халық игілігіне беріледі. Мұнда буыны бекіп, білегіне сенген жас құрылысшылар да, жылдар бойы маңдай терін төгіп, зейнет жасына таяған тәжірибелі шеберлер де иық тіресе еңбек етуде. «Интегрострой» компаниясының ұжымы үшін ең биік мәртебе – халықтың шынайы ілтипаты. Осы уақытқа дейін сенім артқан тұрғындар тарапынан ақжарма алғыс пен ризашылыққа толы жылы лебіздері аз болмағанын айтады Руслан Бақтыбайұлы.

– Қателеспейтін адам болмайды, бірақ тас қалап, үй көтерген құрылысшы үшін әрбір қателіктің салмағы өте ауыр. Біздің жұмыста немқұрайлылыққа орын жоқ. Қиындық туындаған немесе күмәнді сәттерде тәжірибелі прорабтар, аға буынмен ақылдасамыз. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды, – дейді құрылысшы.

Он алты жылдан астам уақыт бойы маңдай терін төгіп, заңғар ғимараттар мен еңселі тұрғын үйлердің бой көтеруіне үлес қосып жүрген шебер құрылысшы Руслан Жүнісқұловтың еңбегі әрқашан құрметке лайық. Жұмыстағы ұқыптылығы мен адалдығы кейінгі жастарға өнеге. Болашақ қаланың іргетасын қалап, зәулім ғимараттар көтеріп, аптап ыстық пен суықта қаланы көркейтуге атсалысып жүрген құрылысшылардың еңбегі ерлікпен тең.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: