Тереңнен ой толғайтын Абай атамыздың шығармашылығы даналықтың шырағданы, рухани жаңғырудың негізгі көзі, ой-сананың шамшырағы десек артық емес. Ол – иісі қазақтың ғана емес, күллі адамзатқа ортақ ұлы тұлға. Абай әлемінде ұлт болмысы, жан азабы мен терең ой иірімі жатыр. Данышпан ойшыл өз халқынан сарқылмас қуат, шалқар шабыт алды. Ел мүддесін өз мүддесінен биікке қойды. Дүние дидары өзгерсе де, халқымыз ұлы ойшылдың шығармасымен әлі сусындап, өзіне нәр алып жатыр. Жыл өткен сайын оның ұлылығының жаңа қыры ашылып, жанымызға ақылшы серік болуда.
Абайды тану – қазақты тану, ұлттық маржан тілін, мыңдаған жыл бойы жалғасқан зор мәдениетін тану. Абай мұрасы – мәңгілік. Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. «Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді…. Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты» деген екен жазушы Шыңғыс Айтматов. Абайдың даналық философиясы әлі зерттеліп біткен жоқ. Ғалымдардың том-том кітаптарына арқау болған тұңғыш толық жинағының М.Әуезовтің басшылығымен Қызылордада жарыққа шыққанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Иә, қазақ жұртында жаппай ашаршылық болып жатқан қиын-қыстау кезеңде М.Әуезов пен І.Жансүгіровтің құрастыруымен Абайдың тұңғыш жинағы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан. Абайдың әдеби мұрасын жинақтап, бастыру ісімен ұлы ақын дүниеден озған соң інісі Кәкітай мен баласы Тұрағұл айналысқан. Ақын көзі тірісінде өз шығармасын кітап түрінде жинақтамаған. Өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазбалары толық сақталмаған. Сондықтан да ақын мұрасын жинақтау ісінде көптеген қиындық туындаған.
Зерттеу еңбектерге сүйенсек, Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтарға ақынның қолжазбасын жинақтап, баспаға дайындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов еді. Әлиханның ақылымен ақын ұрпақтары – Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы өлеңдер мен қарасөздерді ел ішінен тірнектеп жинап, тапқанын қағаз бетіне түсіруді Мүрсейіт молдаға тапсырады. Мүрсейіт – Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен кейінгі жылдары өлеңдерін жазып алып отырған. Ол бұған дейін де өлеңдерге сұрау салған адамдарға көшіріп берген. Абайтанушы ғалымдардың айтуынша, Мүрсейіт қолжазбалары – халықты ақын шығармашылығымен таныстыратын негізгі нұсқа екен. Петербор баспаханасынан Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтар шығарған ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы Сыр бойына қашан келді, оны кім алдырды дегенге келсек, көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Қалжан Қоңыратбаев 1909 жылы Тұрағұл мен Кәкітайға хат жазып, Петерборда басылған Абай жинағының 200 данасын Сыр еліне алдыртады. Өзі де Абай поэзиясының әсерімен өлеңдер жазып, жариялайды» – деп жазады «Керуен» атты естелік кітабында.
Абай мұрасының адамзат өркениеті тарихындағы телегей теңіз, теңдесі жоқ қадір-қасиетіне Әлихан Бөкейханов «Абай кітабына» атты өлеңінде зор баға бергені белгілі. Алаштың асылы Әлиханнан кейін де Абайдың кітабын оқыған сайын даланың әр қиырындағы қазақ ақындары көптеген жыр арнап жатты. Олардың қатарында Сыр сүлейлері атанған Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары мен ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы да болды. Ағартушы Қалжан Қоңыратбаевтың бұл еңбегін біз естен шығармауымыз керек.
Абай шығармаларының бұған дейінгі үш басылымы (1909 жылғы Петербор, 1922 жылғы Ташкент және Қазан басылымдары) тыс жердегі баспаханаларда жарық көрген еді. Демек, Абай шығармаларының 1933 жылғы Қызылорда қаласында басылуы қазақтың жеріндегі өз баспаханасынан алғаш шыққан кітабы ретінде тарихтан алар орны бар.
Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, танымы мен парасатын терең зерделеу, талдау бойынша тың ізденіске бару – күн тәртібінен түспеген мәселе. Филолог-ғалым, түркітанушы, ақын Серікбай Қосан бұл тақырыпқа көп ізденіп, талдау жасаған.
– Әдебиет институтына барғанымда алғаш Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы көшірген 1910 жылғы қолжазба жинағы қолыма түсті. Сол кезден бастап Абай өлеңдері мен қара сөздерінің текстологиясына қызығушылығым оянды. Алғаш ақынның ең көлемді 38-қара сөзіне талдау жасауға талпыныс жасадым. Зерттеу мақалам 2000 жылдың 14 қаңтар күні «Қазақ әдебиеті» газетінің айқара бетінде «Кітап тасдиқ» және оның текстологиясы немесе абайтанушылар неден қателесті» деген атаумен жарияланды. Бір тәуірі, қоғамда, зиялы қауым ортасында едәуір резонанс тудырып, ғалымдар тарапынан оң пікірге ие болды. Абай мұраларымен алғаш ғылыми тұрғыда шұғылдануым осы кезден басталды, – дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, Абай шығармаларына толық текстологиялық талдау бола қойған жоқ. Ол оңай дүние емес. Көп тер төгу мен шұқшия еңбектенуді қажетсінетін күрделі жұмыс. Абай шығармаларының тектологиясын зерттейтін ғалымға шығыс тілдерін жетік меңгеруі, қолжазба оқудағы тәжірибесіне қоса, шығарманың көркемдік деңгейіне ой жүгіртетіндей ақындық қабілеті болуы шарт. Бұған дейін Абай шығармаларының мәтіндерін зерттеу бағытында Қайым Мұхаметханов, Ханғали Сүйіншалиев секілді санаулы ғалымдар хал-қадірінше еңбек еткен. Алайда ол уақытта ғылымның даму деңгейі әлі де төмен болатын әрі ғалымдардың қолында ақын қолжазбаларының барлық нұсқалары түгелдене қойған жоқ.
– Шынымен ниеттеніп қолға алған зерттеуші 2-3 жылда өнімді нәтижеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар баспа көрмеген, Абайға қатысты әңгіме-аңыздар да көп. Барлығын жинақтап академиялық жинақ шығарса, ақын мұрасын толықтыруға деген игі қадам болары сөзсіз. Бұған дейін 1995 жылы толық жинағы шығарылды. Бірақ сол жинақтың өзіне Абайдың кейбір өлеңдері мен ғылыми қауымға таныс кейбір еңбектері енбеген, – дейді зерттеуші ғалым.
Абай мұрасы мұхиттай терең білім мен философиялық тағылымға толы. Шығармалардың тереңіне бойлап, саралап елге жеткізу зерттеуші ғалымдарды тынымсыз еңбек етуге бағыттайды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!