«Әйел теңдігі», «әйелдердің ар-намысын қорғау» мәселелері бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Осы орайда Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселерін зерттеу орталығының» теолог маманы Лауласын Бүркітбаймен «Әйелдің ар-намысын қорғаудың діндегі маңызы қандай?» деген сауал төңірегінде әңгімелескен едік.
– Әйелдің ар-намысын қорғау мәселесі неге бүгінгі қоғам үшін маңызды?
– Әйелдің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау – ең алдымен адамдық пен адамгершіліктің өлшемі. Қай қоғамда болмасын әйелге құрметпен қарау отбасының берекесімен, ұрпақ тәрбиесімен және қоғамдық мәдениетпен тығыз байланысты. Бұл мәселені тек діни талап тұрғысынан қарастыру аздық етеді. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде де әйелді сыйлау, анаға құрмет көрсету, отбасындағы татулықты сақтау ерекше орын алған.
– Қазақ салт-дәстүрінде әйелге деген құрметтің көрінісін тарқатып айтып берсеңіз?
– Қазақ қоғамында әйелдің орны әрдайым жоғары бағаланғаны тарихтан мәлім. Әсіресе анаға деген құрмет қазақ тәрбиесінің өзегіне айналған. Әйелді тек отбасының мүшесі ретінде емес, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін тұлға ретінде бағалаған.Бұған қазақтың мақал-мәтелдерінен де көптеген мысал келтіруге болады.
Осы орайда мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі сайлау күні айтқан сөздерін көптің есіне салғым келеді. Бұның да әйел адамды сыйлау мәселесіне қатысы бар. Мемлекет басшысы бөтен әйелмен амандасқанда қолынан ұстау, бетінен сүю деген нәрселердің біздің дәстүрімізге жат екенін айтты. Расында осындай жаман әдет көбейіп кетті. Одан былай тойларда өзгенің әйелімен құшақтап вальс билеу деген нәрсе де бар. Бұл біздің дінімізге де, дәстүрімізге де қайшы әрекет. Президентіміз осы мәселені дұрыс көтеріп отыр. Қазақ қоғамы өз дүниетанымына жат мұндай әдеттерден біртіндеп арылуы керек.
– Әйелдің ар-намысын қорғау дегенді қалай түсінген жөн?
– Бұл ұғымды тек әйелді сыртқы қауіптен қорғау деп түсінбеу керек. Әйелдің пікірін сыйлау, оны кемсітпеу, намысына тимеу, күш көрсетуге жол бермеу, абыройын аяқасты етпеу де – ар-намысты қорғаудың көрінісі. Отбасында ерлі-зайыптылар бір-біріне құрметпен қарап, мәселелерін күшпен емес, сабырлы әңгіме арқылы шешуі қажет.
– Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл ретте дәстүрдің қандай тәрбиелік мәні бар?
– Дәстүрдің негізгі мәні – отбасы мүшелерін бір-біріне қарсы қою емес, керісінше, өзара сыйластық пен жауапкершілікке тәрбиелеу. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағида отбасының ішкі мәдениетіне де қатысты. Зорлық көрсету, қорқыту, кемсіту сияқты әрекеттерді дәстүрмен ақтауға болмайды. Нағыз дәстүр – адамды қорлау емес, адамды ардақтау.
Отбасының берекесін сақтау маңызды, бірақ бұл зорлық-зомбылықты жасыру деген сөз емес. Егер адамның өміріне, денсаулығына немесе психологиялық жағдайына қауіп төнсе, көмек сұрау – ұят емес. Керісінше, қиын жағдайды дер кезінде тоқтатуға әрекет жасау – жауапкершілік. Отбасындағы мәселені «ел не дейді?» деген түсінікпен жасыра беру кей жағдайда жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.
– Ер адамның отбасындағы жауапкершілігі қандай болуы керек?
– Ер азаматтың жауапкершілігі тек отбасының материалдық жағдайын қамтамасыз етумен шектелмейді. Ол – жарына құрмет көрсету, балаларына дұрыс тәрбие беру, отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі мен тыныштығына жауапкершілікпен қарау. Күш көрсету ер азаматтың беделін арттырмайды. Керісінше, өз ашуын басқара білу, сабыр сақтап, мәселені ақылмен шешу – нағыз азаматтықтың белгісі.
Ал әйел өз қадірін білуі керек. Өз құқығын білу, қажет жағдайда жақындарынан немесе тиісті мамандардан көмек сұрау – әлсіздік емес. Сонымен бірге отбасындағы сыйластық екі жақты болуы керек. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің пікірін тыңдап, өзара түсіністік қалыптастыруға ұмтылғаны дұрыс.
– Бұл мәселеде жастарға қандай тәрбие беру қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, баланы кішкентай кезінен адамды құрметтеуге тәрбиелеу керек. Қыз балаға ғана емес, ұл балаға да жауапкершілік, сабыр, мейірім, өзгенің шекарасын құрметтеу сияқты қасиеттерді үйрету маңызды. «Ер бала жыламайды», «ер адам айтқанынан қайтпайды» деген түсініктерді дұрыс түсіндірмесек, олар кейін отбасылық қарым-қатынаста қате мінез-құлыққа әкелуі мүмкін.
– Дінтанушы ретінде әйелдің ар-намысын қорғаудың басты мәні неде деп ойлайсыз?
– Мұны күрделі діни ұғымдарға кірмей-ақ түсіндіруге болады. Оның өзегінде адамды қадірлеу, әділеттілік, мейірімділік және жауапкершілік жатыр. Әйел – ана, жар, қыз, әпке, қарындас. Оған құрметпен қарау – ең алдымен адамның өз мәдениетін көрсетеді. Қазақтың «Қыздың жолы жіңішке», «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген тәрбиелік ұғымдарының астарында да әйел затына деген ерекше құрмет жатыр.
– Сұхбатымызды бір ауыз оймен қорытындыласақ…
– Әйелдің ар-намысын қорғау – тек әйелдің мәселесі емес, бүкіл қоғамның мәдениеті мен адамгершілігінің көрсеткіші. Отбасында құрмет болса – береке болады, сыйластық болса – сенім қалыптасады. Сондықтан біз зорлықты ақтайтын емес, өзара құрметті дәріптейтін тәрбиені күшейтуіміз керек. Дәстүрдің де, адамгершіліктің де түпкі мақсаты – адамның қадірін түсірмеу.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Б.Сыздықова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!