Құрылтай

Сенбі, 08 тамыз, 01:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59 (2271)
08.08.2026
PDF мұрағаты

Құтханам – кітапханам, жанымды жұтатпаған

08.08.2026

32 0

Құтханам – кітапханам,

Жанымды жұтатпаған,

Санамның шамшырағын,

Кітапсыз тұтатпағам, кітапханам, – деп ақындар жырлағандай, кітапхана – өркениет пен мәдениет орталығы. Білім мен ілім іздеген жастар үшін өңірде Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының орны ерекше.  Зиялы қауым өкілдеріне рухани дем беретін кітапханада іс-шаралар, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, кітап көрмесі, түрлі тақырыптағы танымдық кештер жиі өткізіледі. Рухани іс-шаралар  арқылы қоғамның мәдени деңгейі көтеріледі. Кітапханалар мәдени мұраны сақтайтын орын. Көне кітаптар мен қолжазбалар осы жерлерде сақталып, болашақ ұрпаққа жеткізіледі.  Оқу залындағы көркем әдебиетпен сусындағандар қатары көбейіп келе жатқаны да көңілге қуаныш сыйлайды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тағы бір маңызды мә­с­еле, кітап оқу өр­кениетті қоғам құ­рып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық бол­майды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріп­теуіміз керек. Мен «Кітап оқу мәдениетін да­мыту және зерделі ұлт қа­лып­тастыру жө­нін­­дегі шаралар ту­ра­лы» арнайы жар­лық­­қа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту деп атап өткен болатын. «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітілді. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, әсіресе кітапханашылар, баспагер­лер белсене атсалысуда.

Шынында кітап оқу  адам­­ның жан дүниесін байы­тып, білім көкжие­гін кеңейтетін іс. Оқу адамның логика­лық және ана­лити­калық ойлау қабілетін дамытады, күрделі сюжеттік желілерді түсіну және талдау арқылы ми қызметі жақсарады. Кітап оқу тіл байлығын арттырады. Жаңа сөздер мен сөз тіркесін үйрену арқылы сөйлеу және жазу қабілеті жетіледі. Сондай-ақ адамға тыныштық пен жайлылық береді.

Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Сапарбек Көзейбаев­тың айтуынша, кітап қоры  434482 дананы құраса,  келушілер саны – 48702. «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы аясында қор сақталымын қамтамасыз ету мақсатында   9833 кітап цифрланған.

– Кітапханада балалар мен жастардың шығарма­шылық қабілетін дамыту  мақсатында АРТ-студия жұмыс істейді. Студияға келушілер бейнелеу өнері үйірмесіне қатыса алады. Жұмыссыз жастарды және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтар­ды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы құрылды. Сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құн­дылығы. Қорда  1040 сирек және құнды басылым  бар. Қор  қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, араб,  парсы, латын, тәжік, түрік, шағатай, татар, корей тілдеріндегі жазба ескерткіштерден құралған. Олардың жазылу әдісі де әр алуан. Олардың дені қисса, дастан, естелік және басқа жанрда, көпшілігі 1961 жылға дейін жарық көрген. Сирек  кітаптардың ішіндегі ең  құндысы – арабша жазылып, 1293 Һижра жылы шыққан «Құран Кәрім». Кітаптың сырты терімен қап­талып, аяттары шөп бояумен боялған, – дейді кітапхана директоры.   

Жалпы облыс кітапхана­ларында кітап оқу мәдениетін ілгерілету, оқуды қолдау мақсатында «Kitap Fest» фес­тивалі, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Үздік оқырман» бенефисі, «Оқитын өлке» акциясы, «Кітаппен бірге өсе­міз», «Әдеби автобус», «Библио­керуен», «Ұлылардан ұлағат», «Мен оқыған кітап» жобалары және «Досыңа кітап сыйла», «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылуда.

Кітап оқуды насихаттау және оқырманның оқуға деген қызы­ғу­шылығын арттыру мақ­сатын­да 142 мәдени шара өткізілген. Ұлттық кітап және кітап­ха­нашылар күніне арнал­ған «Кітап – білім бастауы» тақы­рыбындағы апта­­лық­тың орны ерекше. Тал­ғамы биік оқырмандар үшін апта бойы кітапханада «Күш – білімде, білім – кітапта» тақы­рыбында студенттер ара­сында интеллектуалды сайыс, «Дара тұлғаның дара жолы» атты оқыр­манмен кітап жайлы сыр-сұхбат, «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат» атты ақын, күміс домбыра иегері Бексұлтан Орынбасаровпен кездесу, «Кітап. Тарих. Шежіре» тақырыбындағы сирек және құнды кітаптар көрмесі, «Кітап ал!»  келушілерге кітап сыйлау акциясы, «Қош келдің көктем!» тақырыбымен табиғат ая­сындағы плэнер және «Кітапханадағы түн –

2026» акциясы ұйымдасты­рылған. 

– Биылғы үлкен ерекшелік  кітапханашылардың кәсіби мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген «Ұлттық кітап күнімен» бірге аталып өтті. Айта кету керек, бұл күн ЮНЕСКО бекіткен халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен де сәйкес келеді. Осы мерейлі күні өңіріміздегі кітапхана ісінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар кітап­ханашыларға «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табысталды.  Кітапхана ауласында облыстық кітапханамен қатар, қала, аудан кітапханалары өз жетістіктерін, озық  жұмыс тәжірибесін дәріптейтін көрме ұйымдастыр­ды. Көрмелер кітапхана ісін қолдауға, жастардың шы­ғармашылық әлеуетін дамытуға және кітапты білім мен өзін-өзі дамытудың басты құралы ретінде насихаттауға бағытталған мәліметтерден дайындалды, –  дейді кітапхана директоры С. Көзейбаев. 

Сонымен қатар кітап оқу мен әдеби мәдениетті дамытудың маңыздылығын айқындайтын мерекеде «Кітап – ақылдың кілті» кітаптар көрмесі, «Кітап кейіпкерлерінің шеруі», ақын М.Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған  «Мен поэзияны сүйемін» атты оқушылар  арасында  байқау, кітапхананың «Oimaq» қолөнер үйірмесінің жұмсақ ойыншық жасаудан шеберлік сабағы өткізілген.

Ұлттық кітап күні аясындағы ерекше іс-шараның бірі  – Сыр өңірі мен Шымкент қаласының белгілі қаламгерлерінің қатысуымен «Кітап және қаламгер» атты кездесу кеші.  Өңір арасындағы әдеби, мәдени, шығармашылық байланыстарды нығайтуды кездеген басқосуда қаламгерлер қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман мен автор арасындағы бай­ланысты нығайту туралы ой бөлісті.

Кітапханада өткен қызықты іс-шара – «Саябақтағы кітапхана» акциясы. Акция барысында «Назым», «Жұлдыз», «Ералаш», «Шуақ-Орда» және «Дәнекер» балабақшаларының тәрбиеленушілері ән айтып, би билеп, тақпақ оқып, көрініс қойды. Бүлдіршіндердің өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кітап пен білімнің құндылығын дәріптеді.

«Жазғы кітапхана» жобасы аясында «Ең жүйрік, ең мықты» атты интеллектуалды QUIZ ойыны ұйым­дастырылды. Сайысқа кітапхананың бел­сенді оқырмандары қатысып, түрлі  сұрақтарға жауап беру арқылы өз білімін, ой ұшқырлығы мен мен тапқырлығын танытты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зер­­делі ұлт қалыптастыру жө­ніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының қолдауымен, Ә.Тәжібаев атын­­­дағы облыстық әмбе­бап ғы­­лыми кітапханасының ұйым­­дас­тыруымен «Кітап кер­уені» жобасы  17-30 маусым аралығында Сыр өңірінің бірнеше елді мекендерін аралап, оқырман қауыммен мазмұнды кездесулер өткізді. Рухани көштің алғашқы сапары Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылынан басталды. Керуен жеті ауданның ауыл-аймақтарында:  Дүр Оңғар (Қармақшы ауданы), Қамыстыбас (Арал ауданы), Ү.Түктібаев (Қазалы ауданы), Талсуат (Қызылорда қаласы), Бала би (Шиелі ауданы), Таң (Жалағаш ауданы), М.Нәлібаев (Жаңақорған ауданы) ауылында ұйым­дастырылды. Кітап керуе­ні ауыл тұрғындары ара­сында зор қызығушылық тудырып, кітап пен оқыр­ман арасындағы байланыс­ты ны­ғайтуға, кітап оқуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік берді.

Көпшілікке қазақ және әлем әдебиетінің үздік туын­дылары, балалар әдебиеті, тарихи-танымдық және көркем шы­ғармалар, сирек кітаптар ұсы­нылды. Ақын-жазу­шы­лармен және шығармашыл тұлғалармен кездесу, кітап талқылау, шебер­лік сағаты, оқу эстафетасы, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті.

«Тарихтан жеткен аманат» атты сирек кітаптар көрмесінде облыстық кітапхана қорындағы құнды және сирек кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келушілердің тарихи-мәдени мұраға де­ген қызығушылығын оятып, оны насихаттауға, тарихи-мәдени құндылықты дәріптеуге және оқыр­мандардың танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталғаны қатысушыларға ерекше шабыт сыйлады. 

Аудан кітапханалары «Кітап – тарих, кітап – қазына» кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге ұлттық тарих, әдебиет, мәдениет және өлкетану бағытындағы құнды басылымдар қойылды. Келушілер кітап қорымен танысып, ұлттық әдебиеттің бай қазынасынан мазмұнды ақпарат алды.

Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Сапарбек Көзейбаевтың айтуынша, «Кітап құрттары» клубы­ның ұйымдастыруымен өткен кітап талқылау алаңында жастар өздері оқыған шығармалар жөнінде еркін пікір алмасып, әдеби туындылардың тәрбиелік және танымдық маңызын саралады. Мұн­дай кездесу олардың кітап оқуға деген ынтасын арттырып, әдеби орта қалыптастыруға ықпал етті. «Жастар оқиды» оқу эстафетасы кітап оқуды жастар арасында кеңінен дәріптеуге мүмкіндік берді. Эстафета жастардың оқу белсенділігін арттырып, кітапқа деген қызығушылығын кеңейтуге, әдеби орта қалыптастыруға оң ықпал етті.

Сондай-ақ «Кітап.Білім.Цифрлық технология» атты жасанды интеллект мүмкіндіктері мен электрондық қызметтерді тиімді пайдалану тақы­рыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қаты­сушыларға заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндігімен танысып, жасанды интеллект құралын қолдану, кітапханадағы электрондық қызмет түрін пайдалану және цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған кеңес берілді.

«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында кітапханалар қорына 800-ге жуық кітап сыйға берілді. Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, отандық баспалардың көркем, ғылыми-көпшілік және балалар әдебиеті ел назарына ұсынылды. Бұл шара кітаптың қолжетімділігін арттыруға және ауыл оқырмандарының сапалы әдебиеттерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді.

«Кітап керуені» кітаптың қадірін арттыруға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және рухани құндылықты насихаттауға зор үлес қосты. Кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, ауыл тұрғындарының рухани өміріне тың серпін берді.

«Жазғы оқу сайысы» байқауына облыстың ауылдық, аудандық және қалалық кітапханаларынан  200-ге жуық оқушы қатысты. Облыстық кітапханада өткен шешуші кезеңде облыстың түкпір-түкпірінен келген үздік оқырмандар ұсынылған әдеби шығармалар бойынша білімі мен шығармашылық қабілетін ортаға салды. Қатысушылар әдеби шығармаларды талдау шеберлігі, сөйлеу мәдениеті, сыни ойлау қабілеті және шығармашылық әлеуеті бойынша бағаланды.

Байқауға  облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда облысы бойынша «Әкелер одағы» республи­ка­лық қоғамдық бірлестігінің басшысы Е.Искендер, суретші, Қазақстан Суретші­лер одағы­ның мүшесі Д.Тойшы­баев және «Шериф-Н» ЖШС-нің бас ди­ректоры А.Тасқараев демеу­шілік көрсетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегер­лер облыстық мәдениет, ар­хивтер және құжаттама бас­қармасының дипломымен, Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

– Кітап оқу арқылы адам күйзелістен арылып, жақсы көңіл-күйде болады. Кітап­ханада түрлі тақырыптағы кі­таптар мен басылымдар жинақ­талған. Оқырмандарға қажетті ақпаратты іздеу және оқу мүмкіндігін береді. Мұнда түрлі шаралар, көрмелер, дәрістер өткізіледі. Кітапхана − білімнің сарқылмас көзі, ал кітап −  сол білімнің кілті. Әрбір адам кітап оқуды әдетке айналдырса, білімді әрі мәдениетті қоғам құрылатыны сөзсіз. Кітаптар бізге тек ақпарат беріп қана қоймай, ойлау қабілетімізді дамытып, жан дүниемізді байытады. Кітапхана − осы білім мен мәдениеттің қасиетті ордасы, – дейді кітапхананың тұрақты оқырманы Дамира Әлмағанбетова.  

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: