Сейсенбі, 25 тамыз, 11:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64 (2276)
25.08.2026
PDF мұрағаты

Амандасу әдебі

25.08.2026

54 0

Амандасу – халықтың мәдениеті мен тәрбиесінен сыр шертетін маңызды құндылықтардың бірі. Сәлемдесу арқылы үлкенге құрмет, кішіден ізетті байқауға болады. Амандасудың өз орны мен жөн-жосығы болғаны маңызды. Кейінгі  кезде амандасу әдебі өзгерді. Бұрын үлкендер қол алысып амандасатын. Қазiр үлкен де, кiшi де, әйел де, еркек те, тiптi жiгiт пен жiгiт те жаппай беттен сүйiп амандасатын болды. Халқымыздың әдебіне жат, мұндай қылықтар қазақ  жігіттері мен қыздарына жараспайды-ақ.  Бұл көрініс қоғамда әртүрлі пікір қалыптастырып отыр.

Ел тарихында алғаш рет өткен Құрылтай сайлауы өткен күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге берген брифингте елімізде жаңа жүріс-тұрыс әдебі мен қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажеттігін айтты.

Ел Президенті ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің амандасу кезінде бір-бірін бетінен сүюі қазақтың дәстүріне жат екенін атап өтті.

Президент бұл бастаманы науқан ретінде емес, нақты іске бағытталған ұсыныс ретінде көтергенін айтты.

– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастар­дың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес, – деді ел Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қылық салт-дәстүрімізде еш­қашан болмаған.

– Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге  оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқа­шан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін дәріптеу қажеттігін де атап айтты.

– Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз, – деді ел Президенті.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Президент көптен бері ойында жүрген мәселені қозғағанын жазды. Оның пікірінше, қазақтың дәстүрлі амандасу әдебінде адамның жасына, жынысына және үлкен-кішілігіне қарай қалыптасқан өзіндік тәртібі болған. 

– Құрылтай сайлауында Президент дауыс беріп шыққаннан кейін журна­листердің сұрақтарына жауап берді. Сол сұхбаттағы бір мәселе мені қатты ойландырды. Ол – өзіміздің аман­дасу дәстүріміз. Шынында да, қазақ бір-бірімен қол беріп амандасқан. Жасы кіші адамдар үлкен кісілерге «Ассалаумағалейкүм» деп, иіліп, қолын кеудесіне қойып сәлем берген. Қыз балалар үлкендерге ізет білдіріп, келіндер алыстан сәлем салған. Міне, бұл – біздің дәстүріміз. Ал қазір жасы ма, қария ма, қыз ба, қарындас па – бәрі келіп құшақтасып амандаса береді. Кейде бұл ыңғайсыз көрінеді. Президентіміз осы мәселені дер кезінде айтып отыр деп ойлаймын. Біз ата-бабамыздан қалған амандасу дәстүрін қайта жаңғыртуымыз керек, – дейді Мереке Құлкенов.

Оның айтуынша, қазақ дәстүрінде құшақтасып көрісудің де өзіндік орны болған. Оны күнделікті сәлемдесумен шатастырмаған жөн.

– Қазақ бұрын да құшақтасқан. Бірақ алыста жүрген, айлап немесе жылдап елін көрмеген адам туған жеріне, үйіне оралғанда ең жақын адамдарымен құ­шақтасып амандасқан. Бұл – басқа нәрсе. Бұл күнделікті амандасу емес, сағыныштан туған қауышу. Адамдар бірін-бірі қатты сағынғандықтан құ­шақтасқан. Сондықтан оның да өз реті бар. Біз кейде өзімізге қатысы жоқ мәдениеттерден келген дүниелерді тез қабылдап кетеміз. Бір-бірімен сүйісіп, орынсыз құшақтасып амандасу сырттан қараған адамға да ыңғайсыз көрінуі мүмкін. Президенттің осы сөзі мені қатты ойландырды. Қазақ қоғамы да бұл мәселеге мән беріп, амандасу мәдениетіне қайта қарайды деп ойлаймын, – деді ол.

Ал сіз қалай амандасып жүрсіз?

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: