Құрылтай

Сейсенбі, 04 тамыз, 09:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58 (2270)
04.08.2026
PDF мұрағаты

Абзал РЫСБЕКҰЛЫ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы: Тұрғындар үй кезегіне  қатысты  деректі ресми ақпарат  көзінен алса деймін

04.08.2026

40 0

Қалада көпқабатты  үйлер жыл санап көбейіп, қоныс той тойлаушылар қатары көбейіп келеді. Десе де тұрғындардың баспанаға деген сұранысы  азайған емес. Себебі халық саны жылданжылға  өсуде. Осыған орай, жергілікті тұрғындардың баспана алуға қандай мүмкіндіктері бар, үйді рәсімдеудің жолы қандай, «Отбасы банкінің» құзіреті жайлы және өзге де тұрғын үйге қатысты мәселелер жөнінде қалалық тұрғын үй инспекциясы  бөлімінің   басшысы Абзал Рысбекұлымен сұхбаттасқан едік.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы қала тұрғындарына қандай қызмет түрлерін көрсетеді?

– Қалалық тұрғын  үй инспекциясы  тұрғын  үй қатынастары  және  тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылық саласында бірқатар мемлекеттік қызмет көрсетеді.  Бүгінгі таңда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі жеке тұлғаларға  тұрғын үй сертификатын беру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру,  қауіпті өндірістік нысанды салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу, қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару  қызметі көрсетіледі.

Үйді жекешелендіруде кімдерге жеңілдік бар?

– 2024 жылдың 24 қарашасында ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 13 бабына  өзгеріс  енгізіліп, осыған дейін мемлекеттiк тұрғын үй қорынан жекешелендіру құқығынсыз берілген тұрғынжайларды  жекешелендiруге құқық берілді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан  берілген тұрғынжайлар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №673 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидалары» аясында  жүзеге асады. 

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтің  бірі – «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру». Аталған қызмет түрі «E-QAZYNA» порталынында ЭЦҚ қол қою арқылы электронды түрде рәсімделеді.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 13 ба­бына сәйкес,  соның ішінде Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен  азаматтар,  бірінші және екінші топтағы мүгедектер  тұрғын үй қорынан өз­дері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға құқы­лы. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға заң аясында жеңілдіктер қарастырылған. Көбіне қиындықтар құжаттар­дың толық болмауына байланысты туындайды. Жекешелендіру барысында  азаматтарға тиісті түсіндіру жұмысы жүргізіліп, құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге көмек көрсетіледі.

Бөлім атқаратын қауіпті  өндірістік  нысандарды салуға, кеңейтуге, жаңғыртуға, жоюға арналған  мемлекеттік қызмет  түрі туралы айтсаңыз

– Бұл мемлекеттік қызмет өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қауіпті  өндірістік  нысандарға мұнай-газ кәсіпорындары, химиялық  өндіріс орындары, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар қолданылатын кәсіпорындар, жүк көтергіш механизмдер пайдаланылатын өндірістер, қауіпті технологиялық процестержүргізілетін нысандар жатады.

Мемлекеттік қызмет  аясында кәсіпорындар  өндірістік  нысанды салу, қайта жаңғырту, кеңейту немесе жою жөніндегі жобалық шешімдерін заң талаптарына сәйкес келісуге  ұсынады. Бұл жұмыстардың  негізгі мақсаты – өндірістегі апаттың алдын  алу, қызметкерлер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоршаған  ортаны  қорғау.

Қауіпті  техникалық  құрылғыларды   есепке  қою  және есептен  шығару тұрғын үй инспекциясы бөлімінің  міндетіне кіреді екен. Ондай құрылғыларға не жатады және техникалық  ақау пайда  болғанда  есептен шығарылады  ма?

– Қауіпті техникалық құрылғыларға жүк және жолаушы лифтілері, мұнаралы  крандар, автокрандар, қысыммен жұмыс істейтін қазандықтар мен ыдыстар, газ жабдықтары және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына  жататын басқа да техникалық құрылғылар  кіреді. Құрылғы  техникалық  ақауға  ұшыраған жағдайда  ол бірден есептен шығарылмай­ды. Алдымен арнайы  техникалық  сараптама  жүргізіліп, оның әрі қарай пайдалануға  жарамдылығы анықталады. Егер сараптама нәтижесінде құрылғыны жөндеу немесе қалпына келтіру мүмкін емес деп танылса немесе оны пайдалану адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, белгіленген тәртіппен  есептен  шығарылады.

Азаматтарды  үй  кезегіне қою  құзыреті «Отбасы банкіне» жүктелді. Демектұрғын үй инспекциясы бөлімі  банкпен  бірлесіп жұмыс  істейді. Жыл басынан  бері қала тұрғындарына  қанша арендалық үй  берілді?

– Бүгінде  тұрғын  үйге мұқтаж  азаматтарды  есепке  қою, олардың кезегін жүргізу және  тұрғын үйді  бөлу  процестері  «Отбасы  банкі» арқылы жүзеге асады. Осыған  байланысты біз  банкпен  тұрақты  ақпарат алмасып, тұрғын үйді бөлу  жұмысын  бірлесіп ұйымдастырамыз.

Жыл басынан бері «Отбасы банк» АҚ арқылы  691 азаматқа арендалық пәтерлер  бөлініп, тұрғын үй инспекциясы бөлімі азаматтармен тұрғынжайды жалдау шарттары рәсімделді. «Отбасы банк» АҚ арқылы жыл басынан  бері  374 ипотекалық  пәтерлерге  сатып алу-сату шарты рәсімделіп, банк арқылы несие берілді.

– Бөлім  тарапынан  арендалық үйлерді  жалдау  шарттары  жасалады  ма?

– Әрине,  мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін арендалық тұрғын үйлер бойынша жалдау  шарттары  қолданыстағы  заңнама  талаптарына сәйкес  рәсімделеді. Шартта тараптардың  құқықтары мен міндеттері, жалдау мерзімі, тұрғын үйді пайдалану  және   басқа да маңызды талаптар  нақты  көрсетіледі.  Осы жылдың 1 шілдесіне дейін арендалық үйлерден мемлекетке 172004 мың  теңге   төлем түсті.

– Ипотекалық  пәтерлерді  сатып алу «Отбасы банкінен» несие рәсімдеу арқылы жүзеге асыру тиімді ме?

– «Отбасы банкі»  арқылы  тұрғындарға тиімді ипотекалық несие ұсынады. Бұл жүйенің басты артықшылығы – алдын ала қаражат  жинақтап, мемлекеттік сыйлықақыны пайдалану  мүмкіндігі. Несие мөлшерлемесі таңдалған бағдарламаға  байланысты өзгереді. Қазіргі таңда тұрғын үй  заемдары  бойынша мөлшерлеме  шамамен 3,5%-дан 8,5%-ға дейін болуы  мүмкін, ал аралық  немесе алдын ала заем шарттары өзгеше болады. Сондықтан  әрбір  азамат өзінің  төлем  қабілетіне қарай тиімді  нұсқаны  таңдағаны дұрыс.   Бұл жөнінде толық әрі нақты ақпаратты «Отбасы банк» АҚ  алған дұрыс деп ойлаймын.

– Қала  тұрғындарына  айтар ақыл-кеңесіңіз  немесе   өтінішіңіз…

– Тұрғындарды тұрғын үйге қатысты барлық құжаттарын заң талаптарына  сәйкес рәсімдеуге, мемлекеттік қызметті мүмкіндігінше электронды үлгіде  алуға  шақырамын. Көппәтерлі тұрғын үйлердің ортақ мүлкіне  ұқыпты  қарап, мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысына белсенді қатысу да маңызды. Сонымен  қатар тұрғын  үйге  қатысты  кез  келген  мәселе  бойынша тек ресми ақпарат  көздеріне  сүйеніп, алаяқтық  әрекеттерден  сақ  болған  жөн. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тұрғын үй бағдарламаларына қатысу кезінде барлық талаптармен  мұқият  танысып, жауапты мекемелердің кеңесіне жүгінуге кеңес беремін. Біздің  мақсатымыз – қала  тұрғындарына  сапалы  қызмет  көрсетіп, олардың  тұрғын  үй  мәселелерін  заң  аясында тиімді шешуге барынша қолдау көрсету.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан  Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: