Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Бұл жолы ол туған жеріне бұрынғы облыс әкімі ретінде емес, Үкімет басшысының бірінші орынбасары ретінде сапарлады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан нысандардың құрылыс қарқынын, сапасын және белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін назарға алды.

Нұрлыбек Нәлібаев облысты басқарған жылдары аймақта көптеген әлеуметтік бастаманың жүзеге асуына ұйытқы болғаны белгілі. Сол кезеңде бастау алған бірқатар жобалар бүгінде жалғасын тауып, өңірдің келбетін өзгерткен маңызды нысанға айналуда.
Қызметтік сапарды Президент саябағы аумағындағы тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысымен танысудан бастады. Республикалық бюджеттен бөлінген 22 миллиард теңгеге жүзеге асып жатқан жоба аясында 945 отбасы жаңа баспанамен қамтылады. Заманауи талаптарға сай бой көтерген тұрғын үй кешені баспанаға мұқтаж азаматтардың әлеуметтік мәселесін шешуге мүмкіндік береді. «Мелиоратор» серіктестігі мердігерлік ететін тұрғын үй кешенінде 135 бір бөлмелі, 540 екі бөлмелі және 270 үш бөлмелі пәтер бар. Кешен қазан айында табысталады деп жоспарланған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды.
Одан кейін Нұрлыбек Машбекұлы «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысымен танысты. Құны 20 миллиард теңгеден асатын нысанда халықаралық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, 2500 орындық әмбебап спорт залы және конференция орталығы бар. Қазіргі таңда әрлеу, инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ғимараттың қасбеті заманауи сәулет үлгісімен безендіріліп, витражы берік шынымен қапталады. Спорт кешенін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары жауапты сала мамандарына барлық жұмысты сапалы атқарып, белгіленген мерзімде аяқтауды, құрылыс сапасын тұрақты бақылауды тапсырды.

Одан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Президент саябағы аумағында салынып жатқан еліміздегі үшінші президенттік кітапхана мен драма театр құрылысын көрді. Бір миллионнан астам кітап сақталатын кітапхана ғылыми-зерттеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы жаңа мәдени орталыққа айналмақ. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана мен жаңа драма театр салуды тапсырды. Тапсырмаға сәйкес сәуір айында екі нысанның іргетасы қаланды. Кітапхана құрылысына инвестор қаражаты есебінен 20 млрд теңге бөлінді. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метр ғимаратта электронды оқу, конференция залдары, архив, баспахана, бағдарламалау және жасанды интеллектіні дамыту медиазертханасы, подкаст студиясы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі болады. Жаңа нысан ұлтымыздың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін, жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ. Кітапхана құрылысы сәтті аяқталса жастар жиналатын мәдени орталыққа айналып, ұлт руханияты мен білім саласының өркендеуіне үлес қосады. Ал 520 көрерменге арналған жаңа драма театрдың жалпы аумағы 4 мың шаршы метр. Заманауи сахна, қуатты дыбыс жүйесі және соңғы үлгідегі жабдықтар түрлі жанрдағы қойылымдарды жоғары деңгейде сахналауға мүмкіндік береді. Екі нысанның құрылыс барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы жауапты сала басшыларына ғимараттардың сапалы әрі заманауи үлгіге сай болуын жіті қадағалауды тапсырды.

Мұнан соң Нұрлыбек Нәлібаев аймақты өзі басқарған кезде салынып, Мемлекет басшысының қолдауымен ашылған ботаникалық бақ пен «Ai-Kerim» оқу-сауықтыру орталығының жұмысымен танысты. Кешенде Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америка, Австралия, Мадагаскар сияқты мемлекеттен арнайы әкелінген экзотикалық және тропикалық өсімдіктер бар. Бақта веерлі пальма, канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсімдіктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қызғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады. Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.
Қызылорда – бүгінде тек құрылыс алаңы ғана емес, жаңа даму кезеңіне қадам басқан өңір. Үкімет басшылығының тұрақты бақылауы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге қызмет етпек. Оң өзгерістердің қатарында қала ажарын ашатын Сырдария өзені жағалауындағы қорғаныс бөгетінің құрылысы да бар. Ұзындығы 3 шақырым аумақтың екі шақырымына геобекіткіш тор төселіп, таспен толтырылады. Қалған бөлігінде еңісті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жағалауды шайылудан қорғайтын арнайы тірек құрылымдары орнатылуда. Тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолы мен веложолақ салынады. Бүгінде жұмыстың жартысы аяқталған.
Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Нұрлыбек Машбекұлы Титов шағын ауданында салынып жатқан, бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхананың құрылыс алаңына барды. Бүгінде аумағы 9 мың шаршы метрлік медициналық нысанның үшінші қабатының монолитті бағандары бетондалуда. Бірінші қабаттың аралық қабырғалары қаланып, ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр. Жертөле қабатының аралық қабырғалары қаланып біткен. Сонымен қатар сол жағалаудағы бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы басталмақ. Көпсалалы орталықта амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетіледі. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері орналасады. Сондай-ақ 50 төсектік күндізгі стационар, орталық стерилизация бөлімі, дәрілік қамтамасыз ету қызметі, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған. Бұдан бөлек, 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай жобаланған бұл нысан халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Жобаға «Мелиоратор» серіктестігі жауапты.

– Мемлекет басшысының қолдауымен өңірдің денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дамытуда бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Мақсатымыз – медициналық қызметті жұртшылыққа қолжетімді ету. Нысандар Мемлекет басшымыздың ерекше назарында, Премьер-министр құрылыстың әр кезеңін бақылауда ұстайды. Бұл мекемелердің халыққа сапалы, жан-жақты қызмет көрсетуін бақылау осы құрылыс сатысынан басталуы керек. Ғимараттар белгіленген мерзімде, барлық талапқа сай күйінде пайдалануға берілуі тиіс. Сонда ғана емделушілерге көрсетілетін қызмет сапасы мінсіз болмақ, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұдан кейін Нұрлыбек Машбекұлына алдағы уақытта өңірде жүзеге асатын жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында сол жағалауда салынатын тұрғын үй кешені, желдету және ауа баптау қондырғыларын құрастыру, санитарлық-техникалық бұйымдарды құрастыру және өндіру, томат пастасы мен көкөніс пюресін өндіру, сұйытылған табиғи газ өндіру, екі қорғасын-мырыш тау-кен байыту зауыты, сондай-ақ көпфункционалды сауда-ойын-сауық кешені бар. Жұмыс сапарының қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев барлық жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Айта кетейік, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен облыста 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру саласында 46 жаңа нысан іске қосылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!