Құрылтай

Сейсенбі, 28 шiлде, 00:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56 (2268)
28.07.2026
PDF мұрағаты

Базардан басталған бизнес

28.07.2026

29 0

Кез келген  жетістіктің артында үлкен дайындық пен өмірлік тәжірибе жататыны анық. Ірі бизнес бір күнде құрылмайды, қарапайым еңбек, өмірлік тәжірибе және қателіктерден сабақ алу маңызды. Кейіпкеріміз де бизнестің биік белестерін бағындырмас бұрын, уақыттың талай сынынан өткен. Өз кәсібін базарда зат сатудан бастап, уақыт өте келе бірнеше бағытты қатар дамытқан табысты кәсіпкерге айналды. Қазақстан республикасы жеңіл атлетика федерациясы Қызылорда облыстық филиалы президенті, «BIALI» спорт компаниясының директоры Асхат Шәукенбаев Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте 9-сыныпқа дейін білім алып, кейін арман қуып Қызылорда қаласына келеді. Мұнда техник-электрик мамандығы бойынша оқуға түсіп, үлкен өмірге қадам басады.

– Біздің студенттік кезіміз 2000-2004 жылдармен тұспа-тұс келді. Ол кездің нарығы да, ақшаның құны да қазіргіден мүлдем бөлек еді. Еліміз егемендік алған 1991 жылдан 2000 жылға дейін елде инфляция болғаны тарихтан белгілі. Әрине, ауылдағы балалық шағымызда қолға көп ақша түсе бермегендіктен, мұндай экономикалық қиындықтарды аса сезіне қоймадық. Ал қалаға келіп, студент атанғанда шамамен 1400-1500 теңге көлемінде стипендия алатынбыз. Қызығы сол, осы ақша бізге нақты бір айға еркін жететін. Қазір қарап отырсаңыз, екінің бірінің қалтасында ақша бар, алайда құны жоқ. Ал біздің жас кезімізде көп нәрсеге қол жетпейтін, ақшамыз аз болса да, көңіліміз тоқ, шүкіршілігіміз көп еді. Бала кезде болашаққа деген арман-жоспар көп болушы еді. Ішкі істер органында қызмет етсем деген мақсат болды. Десе де, уақыт өте келе өмір ағымы бізді бизнес саласына алып келді. Алғашында басқа қалалардан тауар әкеліп, қарапайым сауда-саттықтан бастадық. Осылайша тәжірибе жинақтай келе, 2015 жылы өзіміздің жеке дүкенімізді аштық, – дейді кәсіпкер.

Тәжірибе – үлкен мектеп

Жасөспірім шақтан үлкен өмірге қадам бас­қан сәтте дұрыс таңдау жасау өте маңызды. Кейіпкеріміз 2004 жылы оқуын тәмамдап, жер­гілікті «Қызылорда электр таратушы тораптар компа­ниясы» мекемесіне жұмысқа орналасады. Ол тұста бұл кәсіпорын жекеменшік иелігінде еді. Осы мекемеде алты айға жуық еңбек етеді. Алғашқы еңбекақысы шамамен 12-13 мың теңге көлемінде болған екен. Ол кезде кәсіпорын дағдарысты бастан өткеріп жатқандықтан, жалақы жиі кешігетін. Кейде айлықтың орнына ұн беретін.

– Ол уақытта жасым небәрі он тоғызда еді. Қатарлас достарым мен таныстарымның базарда саудамен айналысып жүргенін көріп, қатты қызы­ғатынмын. Демалыс күндері солардың қасына барып, қосымша табыс табу үшін көмектесіп жүрдім. Жарты жыл мекемеде жұмыс істеп біржола базарға шығуды ұйғардым. Ашығын айту керек, ол кезге дейін қолымызға көп көлемде қағаз ақша ұстап көрмеген біз үшін сауданың жөні бөлек көрінді. Ай бойы 12 мың теңгеге жұмыс істеп жүрген адамға күніне 2-3 мың теңге таза табыс табу деген бір жетістік секілді. Осылайша, қалтаңда күнделікті нақты ақшаның болуы мені кәсіпкерлікке жетеледі. Бұл, мүмкін, жастық шақтың тәуекелге толы албырт шешімі де болған шығар. Сатушы болып жүріп, қасымдағы достарыммен бірігіп, өз ісімізді ашуға талпындық. Бірлесіп іс бастаймыз, жұмысымыз біршама алға басады, бірақ тәжірибенің аздығы мен жастықтың салдарынан тапқан қаржының басын біріктіре алмай, кәсіпті тоқтатуға мәжбүр болған кездеріміз де аз болмады, – дейді кәсіпкер.

Тәжірибе – үлкен мектеп. Асхат Шәукенбаев біраз жылын базарда өткізіп, сауданың қыр-сырын меңгерді. Заман талабына қарай алдымен кассета, кейін DVD дискілерін, содан соң тұрмыстық техникаларға арналған тұғырларды сатып, нарықтың тамырын басып көрді. Ол заманауи маркетингте трендке айналған «қосымша тауар ұсыну» тәсілін сонау базарда жүрген кезде қолданған. Дүкен иесіне негізгі өніммен қатар оған қатысты қосымша дүниелерді де қоса сату туралы ұсыныс тастайды. Дүкенге келген тұтынушы тек телевизор сатып алып қана қоймай, оған қажетті кассета, диск сатып алатын. Бұл әдіс сауда айналымын арттырып, болашақ кәсіпкердің нарық заңдылықтарын ерте меңгеруіне үлкен септігін тигізді.

– Бизнестің негізгі әліппесін базарда жүріп үйрендім. Тауарды Алматы қаласынан әкелеміз. Менің өмірдегі де, бизнестегі де алғашқы ұстазым Дүйсенбек есімді азамат болды. Ол кісі өз білгенін аямай үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Бір күнде 100 000 теңгеге дейін таза табыс тапқан кездеріміз болды. Ол кездің өлшемімен қарасақ, «үш күндік миллионер» сияқты сезінетінбіз. Алайда жас болғандықтан, тапқан қаржыны бірден жаратып жіберетінбіз. Ақшаның бір бөлігін айналымға салсақ, қалғанын оңды-солды жұмсадық. Кейін уақыт өте келе өткенге талдау жасап қарасам, сол кезеңдегі қомақты қаржының басын біріктіре алмауымыздың басты себебін түсіндім. Біз бір кәсіпті аяғынан тік тұрғызбай жатып, бірден екінші кәсіптің басын бастаймыз. Содан соң жұмыс істеп тұрған бизнестің таза пайдасын әлі жүрмей жатқан, шығыны көп екінші бизнеске құйып, бар тапқанымызды соған «жұтқызып» жібереді екенбіз. Мұндай қателіктерді тек арада жылдар өтіп, тәжірибе жинақтағанда ғана барып түсіндік, – дейді Асхат Шәукенбаев.

Ол «базар бұдан 5000 жыл бұрын да болған, қазір де бар және болашақта да жойылмайды» деп есептейді. Базардың ыстық-суығына күйіп, сауданың қиындығын көзбен көрген адам бизнестегі кедергілерге шыдамды болады. Кез келген кәсіпте, тауарды өзіңіз өндірсеңіз де, сырттан тасымалдасаңыз да, оның алға жылжуы үшін ең бірінші өткізуге байланысты. Сондықтан кәсіп бас­тамас бұрын, алдымен сол тауарды «қалай және кімге сатамын?» деген сұрақтың жауабын, яғни өткізу жолын нақты ой­ластыру керек. Бизнесте «өткізу нарығы» дегенді үлкен базар немесе дүкен деп емес, тауарыңызға зәру адамдар деп түсінген жөн. Мысалы, сіз мектеп формасын тіксеңіз, сіздің өткізу нарығыңыз – ата-аналар. Кез келген өндірісті бастамас бұрын, «бұл тауарды кім сатып алады?» деген сұраққа жауап табу, яғни өткізу нарығын нақтылап алу маңызды.  Кәсіпкер мұны уақыт өте келе, өз тәжірибесі арқылы түсінгенін жасырмайды. Өйткені сауда жасай білетін, өткізу нарығын жетік меңгерген маман қай кезде де ұтылмайды және кез келген экономикалық дағдарысқа төтеп бере алады. «Қап, осы жерде өткізген алты жылым босқа кетті-ау» деп өкінген сәттерім де болды, – дейді кәсіпкер.

– Өмірде ештеңе де жайдан-жай болмайтынына кейін көзім жетті. Ол жылдар маған баға жетпес тәжірибе сыйлады. Кәсіпкер болу үшін міндетті түрде банк ісін, заңгерлікті немесе басқа бір арнайы мамандықты оқу керек деген қатып қалған заңдылық жоқ. Бұл – жаңсақ түсінік. Мен кейбір жастарды түсіне алмаймын, олар барлық өмірі мен болашақ жетістігін тек дипломға немесе бір ғана мамандыққа байлап қояды. Меніңше, ол дұрыс емес. Адам өмірлік жағдайға байланысты қолынан келетін, икемі бар мамандықты оқи береді, бірақ шынайы өмірде табысты болу үшін диплом емес, талпыныс пен тәжірибе маңыздырақ, – дейді ол.

Олимп шыңын бағындыру құрбандықты талап етеді

Кәсіпкерліктің дәмін бір рет татып көргеннен кейін, ол санадан ешқашан кетпейтін, жанды баурайтын құштарлыққа айналады екен. Халық арасында: «Адам базарды, сауданы тастап кетпейді, тек сауда адамды тастап кетуі мүмкін» деген тәмсіл бар. Ол 2012 жылы негізгі жұмысын қойып, өзі жақсы білетін кәсіпкерлік саласына біржола қайта оралады. Тендермен айналысып жүрген кезде алдымен тұрмыстық техника сатты, кейін оған жиһаз өнімдерін қосты, содан соң спорт тауарларын айналымға енгізді. Осылайша үш түрлі тауар бағытын бірдей тасымалдап, түрлі мекемелер мен тапсырыс берушілерге жеткізіп беріп жүрді. Оның ойынша, кәсіптегі ең басты қадам – адамның ниетінің түзу болуы. Таза ниеттің арқасында бұл жолда оған ізгі ниетті, жақсы адамдар көп көмектесті. Бірде Алматы қаласына алғаш рет тауар сатып алуға барды. Қалтасында азғантай ғана қаржысы бар, ол жақтың нарығын да бұрын-соңды көрмеген еді. Сонда оны мүлдем танымайтын көтерме сауда орындарындағы азаматтар: «жақсы, сен қолыңдағы барыңды төле, ал жетпей тұрған қалған соманы саған сеніммен қарызға бере тұрайық», – деп үлкен қолдау көрсеткен екен.

– Ол кезде менде шамамен 2 млн теңге ғана қаражат бар еді. Қалған тауарды сенімхатпен, адам­дардың көмегімен жинақтап, шағын ғана дүкен аштым. Ішінде бос орын қалдырмай, тауардың барлығын көз тартарлықтай етіп іліп қойып, өзім сатушы болып отырдым. Қазіргі заман тек бір ғана жұмысқа байланып отыратын уақыт емес. Қосымша қызмет түрлерін де қатар дамытып, тәулігіне 16-17 сағат бойы бел жазбай еңбек еттім. Күндерім қарбаласқа толы болды. Таңнан кешке дейін дүкенде, ал түнде компьютер алдында құжаттармен жұмыс істейтінмін. Тіпті кейде Алматыдан тауар тиеп түн жарымында келіп, екі-үш сағат ғана ұйықтап, таңғы сағат 5-6-да аудандарға жол тартатынмын. Ол жақтағы мекемелерге заттарды жеткізіп, оларды өз қолыммен құрастырып, орнатып беретінмін, – дейді кәсіпкер.

Жетістік формуласы

Биік белестерді ба­ғындырған кез кел­ген кәсіпкердің артында тек қа­жырлы еңбек қана емес, сенім­ді тірек пен мықты ұжым тұрады. Сон­дай-ақ бизнестің дең­гейі өскен сайын оның әлеуметтік жауап­кер­шілігі де арта түспек. Кейіп­керіміз өзінің жетіс­тік формуласын үш негізгі фактормен байланыстырады. Ол – жаратқанның қалауы, отбасының қолдауы, ортақ мақсатқа жұмылған команданың күші. Осылайша, ісі оңға басып, аяқтан тік тұрғаннан кейін, 2018-2019 жылдардан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастайды. Бұл бір жағынан маркетингтік қадам болса, екінші жағынан «мен қоғамнан не аламын және бұл қоғамға не бере аламын?» деген ішкі ізденіс пен жауапкершіліктен туған еді. Елімізде басқа салаларда да керемет жұмыс істеп жатқан азаматтар аз емес. Оған бұйырғаны – осы кәсіпкерлік.

– Әуелі Құдай, екінші отбасыңның қолдауы ерекше әсер береді. Кейде ер азаматтың жұмысы алға бассын деп, үй ішіндегілер өзіне қажетті дүниелерді алмай, «оны кейін-ақ алармыз, қазір ақша кәсіпке керек» деп түсіністік танытудың өзі – ер азамат үшін үлкен мәртебе, зор демеу. Екінші кезекте айналаңның сөзбен болсын, іспен болсын қолдауы маңызды. Ал үшінші, адамды нақты жетістікке жеткізетін – ол мықты команда. Егер менің қасымдағы ұжымым, сенімді серіктестерім әлсіз болса, біз бүгінгі биікке жете алмас едік. Жалпы, менің басты ұстанымым – «қоғамнан үнемі бірнәрсе алу» емес, «қоғамға барыңды беру». Біз спорт тауарлары нарығында жүргендіктен, негізгі бағытымыз да – спорт саласы. Осы мақсатта түрлі бұқаралық спорттық шараларға белсенді түрде демеушілік жасап, қолдау білдіріп келеміз. Түпкі мақсатымыз – ел игілігіне, өсіп келе жатқан жас ұрпақ пен өз балаларымыздың болашағына пайдамызды тигізу. Қоршаған ортаға, қоғамымызға қолдан келгенше жақсы жағынан оң өзгерістер енгізіп, үлесімізді қоссақ дейміз. Сондықтан бұл бағыттағы қайырымдылық пен демеушілік қолдауымызды әрі қарай да үздіксіз жалғастыра береміз, – дейді спорт жанашыры.

Үнемі бірнәрсе алу емес, бере де білу

Қазіргі құбылмалы нарық заманында бір орын­да тұрып қалу  бизнестің тоқырауына әкелетіні бел­гілі. Сондықтан уақыт талабын ерте түсінген кәсіп­кер бүгінде бизнесті әртараптандыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Ол тек спорт тауарларымен шектелмей, жылжымайтын мүлік және ауыр техника салаларында бақ сынауда.

– Бүгінде біз бизнесті жан-жақты дамыту мақ­сатында әртараптандыру жүйесіне көштік. Өзіміз салған ғимараттың бір бөлігін коммерциялық мақсатта жалға беріп отырмыз. Одан бөлек, ауыр әрі үлкен техникалар нарығында да бағымызды сынап көрудеміз. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы үлкен септігін тигізуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» сияқты мемлекеттік даму бағдарламалары аясында тиімді несие алып, соның арқасында қажетті техникаларымызды сатып алып, жаңа нысандар салдық. Әрине, нарық бір орнында тұрмайды. Қазіргі таңда электронды дүкендер мен маркетплейстердің дәуірі жүріп тұр. Қытай базары әр тұтынушының табалдырығына келіп тұрғандай. Мұндай бәсекелестік ортада біз де заман көшінен қалмауға тырысамыз. Бүгінде біз тек Қызылорда қаласының шеңберімен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Жастардың басым бөлігі шоғырланған «Instagram» желісі мен заманауи платформаларды тиімді пайдалана отырып, тауарларымызды бүкіл Қазақстан аумағына таратамыз. Өнімдерімізді еліміздің түкпір-түкпіріне көтерме бағада да, бөлшектеп те жеткізіп беру жүйесін жолға қойдық, –  дейді кәсіпкер.

Мемлекет экономикасының алға қарай қарқынды дамуы үшін елде орта тап, яғни орташа табысы бар азаматтардың үлесі көп болуы тиіс. Сол кезде ғана нарықта шынайы қозғалыс болады. Себебі алпауыт кәсіпкерлер тапқан қаржысын көбіне Қазақстанда жаратпайды, оны шетелдік банктерге апарып, сыртта жұмсауға бейім тұрады. Ал орташа табысы бар қарапайым азаматтар тапқан әрбір теңгесін өз елімізде қалдырады. Олар осы жерде сауда жасайды, осы жерде бала оқытады, осы жерде қызмет тұтынады. Демек, орта тап – ішкі нарықты айналымға қосып, өз экономикамыздың өркендеуіне тікелей және нақты үлес қосатын негізгі күш. Кәсіпкер кез келген дамушы мемлекет сияқты Қазақстан үшін де импортқа тәуелділіктен арылып, отандық өндірісті  жолға қою қажет екенін айтты.

Базардан басталған бизнес

Бүгін бастап, ертең байып кетуді ойлау – үлкен қателік

– Еліміздің әлі де қарқынды дамып, ішкі на­рықтың өсуі үшін Қазақстанда кәсіпкерліктің, соның ішінде өндірістің өркендеуіне шикізат базасының жетіспейтіндігі қатты байқалады. Иә, бізде мұнай, газ және өзге де табиғи байлықтар бар, олар белгілі бір бағыттар бойынша өңделіп, бөлінеді. Алайда қарапайым дайын өнім шығарамыз десек, оның бастапқы шикізатын міндетті түрде Қытайдан, Ресейден немесе Өзбекстаннан тасы­мал­дауға мәжбүрміз. Қазіргі таңда біз Қытай на­рығынан өзіміздің брендімізді қалыптастырып, жеке логотипімізбен дайын заттарды тапсырыспен шығартып алып келіп жатырмыз. Әрине, ол өнімдерді дәл осы жерде, Қазақстанда да өндіруге болады. Себебі мен сырттан әкелген тауарды нарыққа кіргізе отырып, оның сұранысын зерт­теймін, тұтынушыны үйретемін. Содан кейін, өнімнің қай жерінде кемшілік бар екенін анықтап, қателіктерді түзеп, Қызылорда қаласынан өзі­міздің жеке өндірістік цехымызды ашсам деген жоспарым бар. Осы идеяны іске асыру мақсатында Қызылордадан спорттық және футбол формаларын тігетін цех ашуды ойластырдым. Ол үшін қажетті заманауи станоктарды, жабдықтардың бағасын, мата мен материалдардың құнын егжей-тегжейлі зерт­теп, жергілікті тігіншілерді іздестіре бастадым. Шағын тігін цехтарынан: «Бір футболка мен шорты­дан тұратын жиынтықты қаншаға тігіп бересіздер?» деп сұрадым. Олар бір жиынтықтың жұмыс күшіне 5 000 теңге сұрады. Мен оларға: «Менің тапсырыс көлемім аз емес, егер бірден 100-ден аса данамен көп мөлшерде берсем, қанша болды?» – деп сұрадым. Сонда олар бағаны тек 3 500 теңгеге түсіре алатындарын айтты. Ойланып қарасам, мен дәл сондай сапалы дайын спорттық киімді Түркиядан барлық жол шығынын қосқандағы өзіндік құнымен дәл осы 3 500 теңгеге дайын күйінде алып келе аламын. Демек, жергілікті тігіншілер маған тек тігу жұмысының өзіне сырттан келетін дайын тауардың бағасын қойып отыр. Сонда менің қымбат станоктар мен құрал-жабдықтарға салған капиталым, шикізат сатып алуға жұмсаған қаражатымның барлығы ақталмай, босқа шығын болып қалып қояйын деп тұр. Мен бұл мәселені бір ғана шеберханадан емес, бес-алты жерден барып сұрастырдым, бірақ бәрінің шығарған есебі мен бағасы бірдей болып шықты.

Базардан басталған бизнес

Бізге бизнес философиясы жетіспейді

Міне, осындай сәттерде нағыз «кәсіпкерлік ойлау жүйесі» мен қарапайым қызмет көрсетушінің арасындағы айырмашылық көрінеді. Мұндай кең ауқымды бизнес философиясы екінің бірінде бола бермейді. Кәсіпкерлік ойлау жүйесі бар адам бір дана тауардан көп пайда тапқаннан, өнімнің бағасын 100 теңгеден төменірек қойып, бірақ оны 300 данамен көп мөлшерде сатып, айналымнан бірден 30 000 теңге таза табыс алудың тиімді екенін түсінеді. Ал біздің кейбір жергілікті мамандар ауқымды тапсырыспен айналымды ұлғайтудың орнына, «аз жұмыс істеп, көп ақша табамын» деген ескі көзқарастан аса алмайды, – деді кәсіпкер.

Базардан басталған бизнес

Тауарды сата білу – басты өнер

Жалпы, саудадағы ең басты қағида – тауарды сата білу екені даусыз. Алайда, тауарды жақсы сатқан адамның бәрі бірдей мықты кәсіпкер болып кете алмайды деп есептейді. Себебі нарықта сауданы өте жақсы дөңгелететін, бірақ тапқан қаржысын дұрыс басқара алмай, жинай алмайтын азаматтар жиі кездеседі. Егер адам бойындағы осы екі қасиетті үйлестіре білсе, яғни өнімді шебер өткізе алып, сонымен қатар қаржылық сауаттылықты сақтап, ақшаны орынды жинай алса, оның бизнесте жоғары нәтижеге жету мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады деген пікірде. Кейіпкеріміз тек бизнес­тің құпияларымен ғана шектеліп қалмай, ұлт саулы­ғының кепілі – бұқаралық спорттың маңызына тоқ­талды. Сонымен қатар нарық айдынына енді ғана қадам басқан жас кәсіпкерлерге алтынға бергісіз кеңесін айтты.

– Кәсіптен бөлек, мені қатты толғандыратын мәселе – елдегі бұқаралық спортты тұрақты ұйым­дастыру және оның ауқымын кеңейту. Кәсіби спорттың орны бір бөлек, ол мемлекеттік қолдаудың, арнайы бөлінген бюджет пен жүйелі саясаттың арқасында өз биігінде дами береді. Ал бұқаралық спорт дегеніміз – бұл қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен өмір салты. Мұғалімдер мен медицина қызметкерлері, құқық қорғау мен кеден саласының өкілдері, жалпы барша бұқара халықтың спортты серік етуі – ұлт саулығының басты кепілі. Егер бәріміз жұмыла отырып, бұл бастаманы жан-жақтан қолдап, бұқаралық спортты әр шаңырақтың күнделікті әдетіне айналдыра алсақ, дені сау ұрпақ қалыптастырарымыз анық. Егер уақыт өте келе ел-жұрт мені қаламыздағы бұқаралық спортты дамытуға өзіндік үлесін қосқан, қоғамға пайдалы азамат ретінде танып, есінде сақтаса – бұл мен үшін өмірдегі ең үлкен мәртебе әрі ең үлкен жетістік болар еді. Кәсіпке енді қадам басып жатқан жас кәсіпкерлерге айтарым: «Бүгін іс бастап, ертең-ақ байып кетемін» деп ойлау – үлкен қателік. Жастар дәл осы тұста асығыстық танытып, сәтсіздікке ұрынып жатады. Егер сіз бастаған ісіңіздің жемі­сін ертең емес, бір жылдан, екі жылдан кейін көре­тініңізге сеніп, болашақты жоспарлай білсеңіз, сонда ғана кәсібіңіз алға басады. Олимп шыңын бағындыру үшін адам міндетті түрде бірнәрсені құрбан етуі тиіс: ең алдымен алтын уақытыңды, сосын бар күш-жігеріңді сарп етуге тура келеді. Табысқа жету үшін осы қиындықтардың бәріне іштей дайын болу керек, – дейді Асхат Шәукенбаев.

Думан Кеңшілік

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: