Құрылтай

Сейсенбі, 28 шiлде, 00:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56 (2268)
28.07.2026
PDF мұрағаты

Дирижер – өнер додасының дауылпазы

28.07.2026

25 0

Жуық арада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеушісі Мүсілім Әмзенің «Қазақстан дирижерлік өнері» атты зерттеу кітабы қолыма тиген еді. Көз жүгіртіп шықтым. «Орхон» баспа үйі кескінін келістіріп шығарыпты. Кітаптың форматы да, типографиялық орындалуы да керемет. Төртінші түптемемен қатталған мұқабасының суреттік-бояулық шешімі де ерекше көз тартады.

Кітап кіріспе, негізгі үш бөлім, қорытынды және бірқатар қосымшадан тұрады. Мұндағы материалдармен таныса отырып, еліміздегі дирижерлік өнердің қалыптасу кезеңінен мол мағлұмат алуға болатынын аңғардық. Автор өз ойларын жинақтап, әрбір тарау бойынша қорытынды беріп отырған.

Зерттеудің бірінші тарауы – «Қазақстандағы дирижерлік өнердің бастауы» (1900-1945) деп аталыпты. Бұл – бірінші кезең. Онда автор өткен ғасыр басындағы түрлі тарихи деректерге ғылыми шолу, талдау жасаған. 1934-1945 жылдардағы дирижер шығармашы­лығының тармақталуы, опера театрының ашылуына байланысты дирижерлік өнер өкілдерінің қалыптасу үдерісіне тоқталған.

Одан әрі «Қазақстан дирижерлік өне­рінің кәсіби белесі» (1945–1990) деген тақырыппен екінші кезеңді қарастырған. Оны опера театрының төңірегіне топтас­тырып, А.Жұбанов, Л.Шаргородский, Г.Столяров, Е.Манаев, В.Карпов, Ғ.Дуғашев, Н.Тілендиев, Ф.Мансуров, Т.Мыңбаев, Б.Жаманбаев, Р.Салаватов, Т.Әбдірашев сияқ­ты дирижерлердің жұмысындағы жетістік­терді қарастырады. Олардың әрқай­сысына тоқталып, дирижерлік репер­туары, ұстаздығы, жекелеген опералық шығармаларға жасаған трактовкасына тереңдеуге тырысқан. Қазақ опералары, соның ішінде «Біржан – Сара» операсына белсене кіріскен Г.Столяров­тың еңбегі ерекше көрсетілген. Оның Д.Шостаковичтің ұзақ жылдар бойы қойы­лымнан түсіп қалған «Леди Макбет из Мценского уезда» атты шығармасының қойылымына араласқанын, А.Дарго­мыжский, П.Чайковский, Дж.Россини, Ш.Гуно, басқа да көрнекті компо­зиторлардың опе­ралық спектакльде­ріне жетекшілік жасап, тәжі­рибе жи­нақтағаны айтылған.

Г.Столяровпен бірге кезінде Қазақстанға келген Е.Манаев, Ғ.Дуғашев, В.Чернов, И.Зак, Т.Османов, В.Руттер, Р.Садықова, Р.Салаватов сияқты көрнекті дирижерлердің ғұмырбаяны мен шығармашылығы туралы толымды пікір сабақтап, бүтін бір тарихи кезеңге талдау жасалған.

Осы бөлімнің бір тармағы симфония­лық оркестр дирижерлеріне арналыпты. Зерттеу мақсатқа орай Ф.Мансуров, В.Яковлев, И.Островский, Т.Мыңбаев, Т.Әбдірашевтердің дирижерлік ұстанымдары қарастырылған. Автор сөз етіп отырған соңғы дирижерлердің қызметіне біздің де куә болғанымыз бар. Айталық, Т.Мыңбаевқа дейін мемлекеттік симфониялық оркестр­дің репертуары көбіне дәстүрлі музыка­ның төңірегінен ұзап шықпа­ған болса, Т.Мыңбаев өзінің дирижерлік шеберлігі­мен қатар композиторлық білігін де көрсетіп, заманымызға тән модерн-музыка үлгілерін оркестр репертуарына қосқан еді.

Дирижер – көптің көз алдында жүретін өнер иесі. Сол себепті мамандар ортасының оларға қоятын талаптары да болады. Кезінде дирижердің іс-қимылдарына тән үлгінің озы­ғын Ш.Қажығалиев көрсетіп кеткен болса, бүгінде мануал әрекеттен бөлек оркестр дирижерінің музыкалық шығарманы естіп, өзіндік орындаушылық трактовка жасай білу жағы да ескеріледі. Осы тұста дирижердің музыкалық шығарманың фор­масын түсінуі, композитордың тақырып­ты дамытудың қандай принциптерін қолданғаны, шығарманың му­зыкалық әуен­дерін вертикал (гармониялық) немесе гори­зонталь (полифониялық) түрде дамытқаны танылады.

Мүсілім Әмзе осындай кәсіби мәселе­лерге де дендеп баруға тырысқан. Оны зерттеудің екінші тарауынан байқауға бо­лады. Мұнда автор қазақстандық дири­жер­лердің жеке шығармашылығы мен музы­калық репертуарына арнайы тоқталған. Қазақ топырағында еңбек етіп, дирижерлік өнердің дамуына үлес қосқан өнер иелерінің барлығын дерлік тізіп шығып, олардың опера, симфония және ұлт аспаптар оркестрінің музыкалық репертуарын қалыптастырудағы еңбегін саралаған.

Кез келген дирижердің білімі, білігі және тәжірибесін оның жетекшілігімен орындалған музыкалық шығармалар тізі­мінен аңғара беруге болады. Бұл мәселеде репертуардың атқаратын қызметі ерекше. Мысалы, өткен жолымызға қарап отырсақ, Қазақстандағы симфониялық оркестр ди­ри­жерлерінің барлығы бірдей әлем му­зыкасындағы экспрессионистік бағыттағы шығармаларды насихаттай бермеген. Көп дирижерлер Веберн, Стравинский, Шёнберг, Шнитке шығармаларына бара бермеген. Оның түрлі себептері бар.

Біріншіден, барлық дирижерлер бірдей модерн стиліндегі шығармаларды түсіне бер­меген. Бұл, әсіресе, аға буын өкілдеріне қатысты. Себебі ол шығармалардың ав­торлары мелодизм принципінен бас тартқан еді. Мелодизм жүйесінен ХХ ғасырдың бас кезіндегі композиторлар да тартына бастаған. Бүгінгі батыста туған шығармалар үшін әсем мелодияның болуы шарт емес.

Екіншіден, ХХ ғасырдың екінші жар­тысындағы композиторлар музыкалық мелодизм ғана емес, тональдік жүйеден де бас тартқан. Сөйтіп, атональдік жүйені өз тәжірибелеріне арқау еткен. Бұл туралы А.Веберн: «Менің музыкалық шығармаларым абсолюттік слухы бар тыңдаушыларға арналған» деп жазып кеткен. Онда ладтық тұрақтылық, тональдік жүйе, мелодизм дегендер болмайды. Оның есесіне додека­фо­ния, сериялық техника тәсілдері қолданыла­ды. Осыны түсінбеген дирижер, әрине, шығар­маның көркемдік ерекшелігін аша алады деп айту қиын. Қазақтың кәсіби музыкасын­да Қ.Қожамияров, Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев­тер симфониялық оркестрді біршама меңгерді. Бірақ олар Батыс Еуропадағы музыка стилін еркін меңгеріп кетті деп айту қиын. Мұның дирижерлік өнерге де қатысы бар.

Қазақтың кәсіби музыкасы – кенже құбылыс. Оның қалыптасқанына бір ға­сырға жуық мерзім енді болады. Аға буын композиторларымыз ұлттық үн, ұлттық нақыш, ұлттық ырғақ аясында жұмыс істеп, қазақ музыкасының ғасырлар бойғы үн-бояуын сақтап қалуға тырысты. Е.Рахмадиевтің «Құдаша-думан», «Дайра­бай» атты симфониялық күйлерінде жаңа­лықтың лебі болды. Соның бастысы экспрессиялық ырғақтағы тональдік-модуля­циялық, секвенциялық қозғалыс болатын. Мұндай музыкалық даму принципін С.Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны», М.Қойшыбаевтың «Атырау» поэмаларынан кездестіру қиын. Олардың бірі мелодизм, екінші тематизм принципіне негізделген шығармалар болатын. Сондықтан дири­жерлік өнердің де екі түрлі сатысын құрайды.

Музыка өнерінде әлемдік классика, ұлттық классика және бар. Төл компо­зиторларымыздың симфонизмді поэма жанры­нан бастағаны белгілі. Бұл ретте Қ.Мусиннің «Жайлауда», Қ.Қожамияровтың «Ризвангүл», С.Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» сияқ­ты туындыларын атауға бо­лады. Жалпы музыка тарихында «поэма» деген музыкалық форма жоқ. Классицизмнің соңын ала бере «симфониялық поэма» деген жанрдың туғаны рас. Біз айтып отырған «Шаттық Отаны» бір ғасырға жуық ұлт аспаптар оркестрінің репертуарынан түспей келеді. Оркестрге арналған партитурасының титулдық бетінен «симфониялық поэма» деген жанрлық анықтаманы оқуға болады. Бірақ осыған қатысты пікір білдірген музыка зерттеушілері болған емес.

«Поэма» мен «симфониялық поэманың» айырмасы өте зор. Біз осыны ажырата алмай келеміз. Поэма – жанр емес, шығарма атауы. Композитор шағын да болса ойлы шығармасына «поэма» деген атау беруі әбден мүмкін. «Шаттық Отаны» да сондай поэма. Ал біз оны симфониялық поэма деп жүрміз. Себебі шығармада классикалық ұғымдағы өңдеу (разработка) бөлімі жоқ. Экспозициясының тональдік құрылымы, әсіресе, негізгі партиядан қосалқы партияға өтетін модуляцияның көркемдігі жоғары емес. Оны мелодиялық модуляция десе де болады. Көп дауысты оркестрлік шығарма үшін бұл үлкен кемшілік. Симфониялық поэма жанрының классицизм мен романтизмнің арасында туғаны белгілі. Әдетте бұл бір бөлімді симфониялық шығармаға қатысты қолданылады. Оның ортаңғы бір тармағы – өңдеу. Ал «Шаттық Отаны» шығармасында ондай бөлімі жоқ. Оның орнына негізгі тақырыппен байланысы шамалы полифониялық элементтер қолда­нылған.

Н.Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы да осыған жуық. Шығарманың тематизмі, даму принциптері, жалпы драматургиясы тартымды, әсерлі. Бірақ оны классикалық ұғымдағы симфониялық поэма деуге келе бермейді. Экспрессия, жойқын ырғақтық-интонациялық күш бар да, музыкалық форма жағы көмескілеу. Онда сонаталық аллегро форманың құрылымына тән белгілер байқала бермейді. Экспозициясында негізгі және қосалқы партиялардың ара-қатынасына құ­рылған тональдік жүйе (Т-S, D-T) сақталмаған. Поэманың өңдеу бөлімінде экспозициядағы негізгі және қосалқы партиялар одан әрі дамытылмайды. Шығармада түрлі тақырыпқа негізделген фрагментарлық құрылым үстем. Әрбір дирижер орындалғалы тұрған музыкалық шығармаға осы тұрғыдан ой жіберіп, оның формасына жаңаша талдау жасай білсе, шығарманың мазмұны да ашыла түспек. Демек, ұлт композиторларының шы­ғар­маларын орындау барысында дирижерге көп ізденіс керек.

Зерттеуде ұлт аспаптар оркестрімен жұмыс істеген Ф.Мансуров, В.Яковлев, И.Остров­ский, т. б. қызметі біршама жинақ­талған. Олар көбіне ұлттық репертуармен жұмыс істеген болса, симфониялық оркестрге жаңа леп әкелген Т. Мыңбаев шығармашылығы да қамтылған. Мәселе репертуар жаңартуда ғана емес, сол жаңа шығармалардың құры­лымдық, тақырыптық, композициялық-техникалық ерекшеліктерінде. Мысалы, экспрессионизм өкілдерінің шығармаларын қазақ симфониялық оркестрінің репертуарына енгізген Т. Мыңбаев болды. Сол жылдары симфониялық оркестр көптеген гастрольдік сапарларға шығып, одақ көлеміне, шетелге де танылып қалған еді. Өкінішке қарай, экспрессионизм стиліндегі шығармалар кейін симфониялық оркестр репертуарынан түсіп қалды.

Дирижер – өнер додасының дауылпазы

Мүсілім Әмзе өз зерттеуінде қазақстандық дирижерлерді опера, симфония, ұлт аспаптар оркестрі немесе хор дирижері деп өнердің түрі бойынша жіктемей, дирижерлік өнердің жалпы қалыптасуы мен мануал техниканың дамып жетілуі тұрғысынан сөз етіпті. Осы мақсаты­на сай монографияда опера, симфониялық оркестрдің дамуы, музыкалық репертуары жан-жақты қарастырылған.

Т.Мыңбаев Қазақстаннан кеткен кезде түрлі музыкалық ұжымдардың дирижерге жарымай қалғаны бар. Күн тәртібінде «Симфониялық оркестрді кім басқарады?» деген мәселе тұрды. Оған Е.Рахмадиев, Қ.Қожамияров, Ғ.Жұбанова сияқты көрнекті колмпозиторлар араласып, ақыры таңдау Герберт фон Караян конкурсының дипломанты Төлепберген Әбдірашевке түскен еді. Көпшілік алғашқыда сын көзімен қараса да, Төлепберген өз жұмысын дөңгелетіп алып кетті. Біздер мемлекеттік емтиханды тапсырғанда ірі симфониялық шығармаларымызды Т.Әбдірашев басқарған симфониялық оркестр орындады. Бір аптадай оркестрмен жұмыс істеген кезде Төлепберген ағамыздың өз ісіне жетік екенін байқаған едік. Ақырында бір өзі Алматыдағы бірнеше мекемелердің дирижерлік пультін басқарғаны бар.

Зерттеудің үшінші тарауы «Тәуелсіздік жылдарындағы дирижерлік өнер» (1990-2010) деп аталыпты. Онда негізінен қазақстандық дирижерлердің техникасы мен шеберлігі қарастырылған. Сонымен бірге дирижердің жұмысына шығармашылық сипат беретін аспаптау (инструментовка) – шығарманы оркестрге лайықтап жазу тәжірибесіне тоқта­лыпты. Дирижер үшін музыкалық шығарманы, ән немесе күйді аспаптай білу өте қажет. Онсыз шын мәніндегі дирижердің қалыптасуы қиын.

Міне, Мүсілім Әмзенің монографиясына арқау болған өзекті мәселелердің бір парасы осы. Автор көтерген мәселелердің тарихи-танымдық және тәжірибелік сипаты айқын. Мұнда Қазақстандағы дирижерлік өнердің туу, қалыптасу, даму белестері сөз болып, ғылы­ми тұрғыдан жинақталған. Кітаптың соңғы тарауына бір симфониялық шығарманың авторлық трактовкасын талдап көрсеткенде тіпті дұрыс болар еді. Теория керек, бірақ дирижердің авторлық тәжірибесінің де маңызы аса зор екенін ұмытпалық.

Зерттеуші Мүсілім Әмзе кітабымен таныс­қаннан соң туған кейбір ой-ұсыныстарымыз осы еді.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

Филология ғылымының докторы, профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: