Дүйсенбі, 04 қараша, 04:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Бақыт шамшырағын жаққан ана

02.04.2024

712 0

Ана босағадан аттаса өзімен бірге шаңыраққа нұр кіргізеді, айналасын шуаққа бөлейді. Табиғат гүлдеп төңірекке жұпар шашса, аналар табиғаттың ерекше сыйы саналатын өмірге ұрпақ әкеліп, бір әулетті көктеп көгертіп, баянды бақыттың шамшырағы болады. Қырықшырақтылар қоғамның қай саласында қызмет етсе де өте белсенді және жауапкершілік қасиетке ие.

Әйелдердің аялы алақанымен бесік те тербетіледі, әлемде де тыныштық орнайды. Бұл күнде еліміздің өркендеуіне еңбек еткен нәзік жандар бәсі басым. Соның ішінде мемлекеттік қызметте жүріп, отбасында алтын діңгекке айналып, көпбалалы ана деген аяулы есімге кір келтірмей, ел мақтанышына айналып жүрген аруларымыз бар.

Осындай құрметті жанның бірі – Қызылорда қалалық сотында 27 жылдан бері соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы болып қызмет етіп келе жатқан 7 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Гауһар Мырзатаева.

Гауһар Бисенқызы 1976 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Шымкент экономика және құқық колледжін үздік бітірген. Алайда Гауһардың бар арманы сот саласында жұмыс істеу болатын. Сол мақсаты орындалып 1997 жылы облыстық Әділет басқармасына жұмысқа қабылданады. 2015 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға түсіп, жоғары білімді маман атанады. 1998 жылы Асқар Мырзатаев деген азаматпен шаңырақ көтереді. Жолдасы да жауапты қызметіне қолдау білдіреді. Ортақ отауларында бұл күнде 4 қыз, 3 ұл ержетіп келеді.

Қарбалас жұмыстан босаған кезде Гауһар үй тірлігімен айналысып, балаларына дәмді ас әзірлеп, тәтті тоқаш пісіріп, өмірлік жолдасымен әңгіме дүкен құрып, бір серпіліп қалатынын жеткізді. Перзенттерін бағып-қағуға анасы көмектескенін де ризашылықпен айтты.

– Балалардың тәрбиесіне келсек, әжелеріміздің бізге үйреткен құндылығы өтірік айтпау, шыншыл болу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық көрсету, еңбекті бағалауды басты ұстаным деп санаймыз. Қарияларымыз – үлкен байлығымыз. Балалардың тұла бойына даналық, мейірімділік қасиет дарытқан анамызға алғыс айтамыз. Өзім орыс мектебін бітірсем де, отбасымда тілдің құндылығын жоғалтқан емеспін. Қазақи дәстүрді ұстанамыз. Әр баланың туған күнін, жетістігін, мектепте алған марапатын атап өтеміз. Торт пісіреміз, дастархан дайындаймыз. Келешекте өздерінің шаңырағын сүйіспеншілікпен, махаббатпен құруға тәрбиелеп жатырмын.

 Бала білімді болуды қажет деп санаймын. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дегендей, білімді ұрпақ өмірде кірпіш боп қалана біледі. Бала тәрбиесі оңай емес, қазіргі заман тәрбиесі мүлдем басқаша, өйткені дамыған заман, интернет, соған қарамастан барынша дұрыс тәрбие беруге тырысамын. Әрине жұмыс істеу, отбасына көңіл бөлу әйел адамға оңай емес. Соның бәріне уақыт тауып, үлгеруің керек. Заман талабы сондай. Өзіңе де көңіл бөлумен бірге отбасыңа да қарау керек. Менің байлығым – балаларым, отбасым, сүйікті жарым, анам, өзімнің жақсы көретін жұмысым, – дейді көпбалалы ана.

Гауһар үй жұмысында да бесаспап. Өзі әзірлеген тағамдарды қонаққа ұсынғанды ұнатады. Атаананың берген тәрбиесінің жемісі болар, үлкен қызы Назгүл медициналық колледжді жақсы бітіріп, «Ана мен бала» орталығында жұмыс істейді. Тұрмыста, 2 ұлы бар. Ұлы Нұрдәулет Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп, Астана қаласындағы Назарбаев университетін тәмамдап, магистратураны жалғастыруда. Үшінші қызы Мәдина Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Ұлы Сырым, қызы Айзере, ұлы Әбілмансұр – №7 мектеп-лицейдің үздік оқушылары. Кішкентай қызы Ясина – балабақша балдырғаны.

Үлгілі де, өнегелі отбасында ел сүйсінетін әже мектебінің тәрбиесі берік орныққанына куә болдық. Жауапты қызметте биік белестерді бағындырып, үлкен шаңырақты ана әлдиімен тербеткен Гауһар ханымға риза болдық. Себебі ол қоғамның гүлденуіне, әділ заңның салтанат құруына еңбек етіп келеді.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: