Жексенбі, 21 шiлде, 03:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Газ бағасы әлі де өседі

20.07.2024

205 0

Қымбатшылық қалмай қойды. Азық-түлікті айтпағанда, бір жылда коммуналдық қызметтер құны 11%-ға өскен. Нақтырақ айтсақ, су тарту жүйесі қызметінің құны 43,9 пайызға, суық су 35,9 пайызға, ыстық су 35 пайызға, жылу 33 пайызға, электр қуаты 31,4 пайызға, қоқыс шығару 31,2 пайызға қымбаттаған. Алайда газ бағамына қатысты түйіткіл ел назарын аударуда.

Басқа басқа, «көгілдір отын» бағасы өседі дегенге сенбегеніміз анық. Ең азы, бұқаралық көңіл-күй үшін бір деңгейде ұстап тұрарына үміттендік. Мүмкін, «қаңтар оқиғасының» бас¬талуына түрткі болған тақырыптың қайта қозғал-майтынына сенімді болғандықтан шығар. Әйтеуір, үміт ақталмай, елдегі газ бағасы 14 пайызға қым¬баттады. Іле-шала Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысына қатысып, мәселенің себеп-салдарын түсіндіруге тырысты. Айтуынша, тауарлық газдың бекітілген көтерме сауда бағасы бір мың текше метр үшін 23646 теңге, ал тауарлық газдың орташа құны 33169 теңге болды.
– «Газ саласына инвестиция тарту үшін және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу үшін бағаны көтереміз. Халық үшін бағаның күрт өсуіне жол берілмейді. Газ бағасы біртіндеп көтеріледі. Мәселен, осы жылы 1 шілдеден бастап еліміздің ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қайта қаралып, орта есеппен 14,6 пайызға ұлғайды», — деді министр.
Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, біздегі баға өзге елдерге қарағанда әлдеқайда төмен, 54-86 теңге аралығында. Ал, Ресейде – 132, Әзербай¬жанда – 171, Тәжікстанда – 273 теңге. Сал¬да¬рынан еліміздің көгілдір отыны басқа мем¬лекеттерге заңсыз экспортталып жатыр. Оның үстіне газдың өзіндік құны да әлдеқайда жоғары. Сондықтан баға алдағы үш жылда сәл көтеріледі.
Кейін жауапты министрлік ілеспе ақпар таратып, бағаны көтерудің маңызы барын жеткізген. Олардың уәжіне сенсек, ішкі нарықты ресейлік бағаға жақындату үшін бағаны түзету қажет. Тіпті төмен баға газ өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді әрі инвесторлар газ кен орындарын игеруге мүдделі емес.
«Бүгінде Қазақстандағы газдың көтерме бағасы әлемдегі ең төменгі бағалардың бірі болып табылады және шамамен 20640 теңге/мың м3 құрайды. Мысалы, көршілес Ресей Федерациясында баға 35000 теңге/мың м3 дең¬гейінде қалыптасты. Сонымен қатар Қазақстанда тауарлық газ бағасын ұстап тұру елі¬міздің кейбір өңірлерінде өнімнің өзіндік құнының бекітілген бағадан 150-200%-ға артуына, сондай-ақ отандық өндіріс әлеуетінің жыл сайын төмендеуіне әкелді», – деп негіздеді энергетика министрлігі бағаны көтеру қажеттілігін.
Сондай-ақ ішкі нарықта тауарлық газды көтерме негізде сатудың шекті бағасының өсуі өңірге байланысты 3-4,8 теңге/м3, ал республика бойынша орташа өсім 3 теңге/м3 болатынын түсіндірді
Қазіргі ахуал көңіл көншітпейді. Астана және Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында сұйытылған газ литрі 76 теңгеден 84 теңгеге өсті. Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облысы және Шымкент – 64 теңгеден 79 теңгеге, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – 54 теңгеден 59 теңгеге қымбаттады. Ал Алматы қаласында, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 81 теңгеден 89 теңгеге өзгерген.
Энергетика министрлігі сондай-ақ тауарлық газ бағасының көтерілуі тұтынушыларға аздап қана әсер ететінін айтты. Орташа есеппен жеке үйге арналған шығындардың жыл сайынғы өсуі айына шамамен 1080 теңгені, пәтер үшін 130 теңгені құрайды.
Жақында экономист Абзал Нарымбетов БАҚ-қа берген сұхбатында бұл үрдістің мәнін түсіндірген екен. Маман сөзінше, бұл қадамға нарық саясаты итермелеуде.
– Қазақстан тәуелсіздік алған соң нарықтық экономикаға өтті. Алайда еліміздегі белгілі мұнай-газ алпауыттары немесе газ кеніштерінен бағаны қолжетімді етіп сұрау кәсіпорындарға тиімсіз болуы мүмкін. Мәселен, олар өз қалтасынан қаражат шығарып кен қазады, өңдейді, құбыр салып, халыққа жеткізеді. Бәрі ақша мен уақытты талап етеді. Шығындарын сатылған газдан қайтарады. Ал егер бағаны төмендетсе, шығын өтелмейді. Әлемдік нарыққа кіретін болсақ, дүние жүзімен бәсекелесу керек. Мәселен, әлем бойынша сатылып жатқан газ, жанармайдың бағасы қанша болса, соған сәйкестендіру керек.
Қазір көп проблема қайдан туындап жатыр? Кәсіпорындардың көбі қаншама жылдан бері жаңартылмаған. Себеп – бағаның төмен болуы. Кәсіпорындар жеткілікті ақша таппаған соң, ескіре береді. Ал қосымша тапқанын қалтасына салады. Нарықтық экономикаға көшпесек, тығы¬рықтан шыға алмаймыз,– дейді маман.
Сала білгірінің сөзінде де шындық бар. Мәселен, былтыр Қазақстан 27,8 млрд текше метр ғана тауарлық газ өндірді. Оның 19,3 млрд-ы ішкі нарыққа, 4,6 млрд-ы экспортқа кеткен. Кейінгі 4 жылда еліміздің ішкі тұтыну көлемі 2 млрд текше метрге өскен. Газбен қамтылмаған аймақтар әлі бар, демек, ішкі сұраныс тоқтаусыз еселене бермек. Екіншіден, газ өндіруші компаниялар шығынмен жұмыс істеп келеді.
Жалпы мұнаймен ілесіп шыққан газдың бәрі бірдей нарыққа жол тартпайды. Оның 31 пайызын жер қойнауын пайдаланушылар жерасты қабаттарындағы қысымды ұстап тұру үшін кері жібереді. Мұндай айла-шарғы мұнайды барынша көп шығару үшін жасалады. Тағы бір бөлігі алауда босқа жағылады. Тағы 14 пайызын Karachaganak Petroleum Operating B.V. (Қарашығанақ), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC, Қашаған) және Теңізшевройл (Теңіз) төл технологиялық мұқтаждықтарына жұмсайды. Демек электр энергиясына және кәдеге жаратуға пайдаланады.
Мемлекет те қарап жатқан жоқ. Мәселені шешу үшін кешенді жоспар құрған. Соның ішінде маңыздысы – газдандыру көлемін арттыру, газ транзитін ұлғайту. Бұл қос шешім «көгілдір отынның» келешегін шешпек.
Мысалы, министрдің айтуынша, қазір ха¬лықтың 60 пайызына көгілдір отын қолжетімді. Көрсеткішті арттыру үшін алдағы бірнеше жылда газ құбырлары тартылмақ. Олар «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Ақтөбе-Қостанай» және «Талдықорған-Үшарал». Ал биыл газдандыру жұмыстарына 200 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Ол 300 мыңдай отбасыны «көгіл¬дір отынмен» қамтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ биыл елімізде газ өндіру көлемі 3% артып, 60 миллиард 500 миллион текше метрге жетеді деген болжам бар. Тапшылыққа жол бермей, экспорттық әлеуетті арттыру үшін 2030 жылға дейін «көгілдір отынды» өңдейтін төрт зауыт салу жоспарланған. Олар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының шикізаты негізінде жұмыс істемек.
Тариф бағамының көтерілуі бірнеше әлеу¬меттік секторға әсер ететіні түсінікті. Оның ішінде коммуналдық шығын мен транспорттық баға саясаты құбылмақ. Ал оның салдары уақыт еншісінде.

Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: