Сейсенбі, 06 тамыз, 15:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62-2072
06.08.2024
PDF мұрағаты

Таңдау мен тағдыр: Бізге «кім» керек?

06.08.2024

20 0

Сурет: qarmaqshy-tany.kz

Мойындау керек, адами капиталдың құнын халық саны емес, білікті маман мен еңбек нарығы анықтайды. Қолында күректей дипломы бар көп жастың жұмыссыз жүргенін ескерсек, бұл бағытта елдегі сапа көрсеткішіне күмәнмен қарауға болады. Шикілік, әрине, мамандық таңдау мен жұмыссыздықтан туындауда.

Таяуда ғаламторда әлеуметтік сауалнама тарады. Онда халықтан «мамандығыңыз бойынша жұмыс істеп жүрсіз бе?» деген сауал қойылған. Сонда байқағаным, респонденттердің 90 пайызы өзге салада жұмыс істейтінін әрі мамандықты өзі таңдамағанын жасырмай айтқан екен. Демек, Қазақстанда кадр даярлау саясаты мен еңбек нарығында үндестік жоқ деген сөз. Оған қоса шарасыздықтан қаламаған мамандықты игеру үрдісі әлі толастамай отырған секілді.

Түлектердің 40 пайызы мамандық бойынша

жұмыс істемейді

Бұл сұраққа пікір екұдай. Кей ата-ана баласының өзі таңдаған мамандығын игеруіне еркіндік танытса, кейбірі бұған үзілді-кесілді қарсы шығады. Басым дені баланы «ол мамандықта табыс жоқ» деп алшақтатып, сұраныстағы салаға бағыттағысы келетінін білеміз. Нәтижесінде отбасынан қолдау таппаған жас оқу жылы аяқталар тұста «Қайда барамын, кім боламын?» деген сан сауалға бас қатырғысы келмейді. Әке-шешенің арман еткен мамандығына түсіп, сабақтың өзіне немқұрайды қарайды. Жете білім алмағаннан кейінгі жоба белгілі. Көбінде – жұмыссыздық, мамандық ауыстыру, кейбірі – кәсіпте.

Әлеуметтанушылар баланың мамандық таңдауына ата-ананың араласуы, әсіресе жалақысы мол жұмысқа икемдеуі тарих пен нарық талабы екенін айтуда. Яғни ата-ана баласын өзі өткен қиындықты қайталатпауға әрі табысы көп салаға бұруға тырысады екен. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде заңгер мен экономист, қаржыгерлер көп ақша тапты. Осының салдарынан ата-аналар балаларын жаппай аталған мамандыққа оқыта бастады. Кейін экономика сипаты өзгерсе де сол қасаң түсінікпен қалған топ әлі де баласын сол мамандықтарға алып бара берді.

Осы орайда BTS Education зерттеу бөлімінің басшысы Бауыржан Әбуов олқылықтың бүтіндей бір салаға көп қиындық әкеліп отырғанын айтып, тақырыпқа қатысты мынадай пікір білдірді:

– «Экономистің оқуын оқысаң жұмыссыз қалмайсың, кейін жақсы ақша табасың» деп балаларын саналы түрде осы мамандықтарға оқыта бастады. Бұл сол кезде қалыптасқан стереотипке айналды. Бұл тұжырымның қате екенін қазір уақыт көрсетіп отыр. Өйткені университетті бітірген заңгер, экономист, қаржыгерлер бірден жұмыс таба алады деген сөз шындыққа жанаспайды. Бірақ, бір қызығы, аталған мамандықтарды бітіргендер санының көп болуына қарамастан, дәл қазір еңбек нарығында білікті, қабілетті заңгер, қаржыгер, экономист табу өте қиын. Менің бұл сөзімді жұмыс берушілер жоққа шығармайды, – деді BTS Education зерттеу бөлімінің басшысы.

Расында, әлем елдері бойынша Қазақстандағы ЖОО бітірген мамандардың үлесі салыстырмалы түрде төмен. Бізде әрбір үшінші  адамның дипломы бар. Негізгі проблема – мамандықтың маңыздылығына мән бермеу. Бүгінде диплом басты рөл атқарып, жұмысты «кейін бірдеңе қылу» әдетке айналған. Ал ол диплом сандықтың түбінде жатуы мүмкін деген түсінік жоқ.

Айта кетейік, жуырда Ұлттық статистика бюросының «Ақпараттық-талдау жүйесі» мамандығы бойынша жұмыс істемейтін қазақстандықтардың саны 2 млн адам­ға жуық­тағанын айтқан болатын. Тіпті Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзі білім беру мекеме­леріндегі түлектердің 40 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейтінін жеткізді. Статистика абдыратып тұр.

Жастар жайы да мәз емес. Қазақстанда жастардың 21%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Көбі сауда, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларында жүр. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз болып тұр. Ма­мандар еңбек нарығына шығатын жастардың саны жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады. Бұл тұста енді жұмыссыздар мен NEET санатындағылар көбеюі мүмкін. Сондықтан сарап­шылар еңбекке тарту шараларының тиімді­лігіне де талдау жүргізуді көздеуде. Мұны БАҚ-қа берген мәліметінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Байқуатов та растады.

– Шаралардың бәрін зерттеп шықтық. Өзі­міздің рейтингімізді жасадық. Сол рейтингке сәйкес келетін болсақ, қысқа мерзімді оқыту жұмыс орнында ең тиімді болып тұр. Әлеуметтік жұмыс орындары, жалпы жұмыс орындары, сол шараларды көбейту керек. Үшіншіден, кәсіпкерлік дамыту бағдарламалары, – деді ол.

Тақырып туралы түлектер қауымдастығы­ның басшысы Рамиз Ахмедовтың да ойы да өзекті. Сарапшының пікірінше, университеттер студентті қабылдау сәтінде-ақ мәселеге мән беру қажет.

– Барлығы диплом алуға, мамандығы бойын­ша екі-үш жыл жұмыс істеуге және мансап құруға тырысады. Бүгінде жастар бәрін бірден қалайды, мансаптық өсу сатылары жоспарланбайды. Меніңше, университетте ұзақ уақыт оқып, содан кейін мансап құрғысы келетіндерді және курс­тардан өтіп, ақша табуға ынталыларды ажырата білу керек. Себебі көбіне гранттарға тек диплом үшін оқитындар және осы мамандық бойынша жұмыс істемейтіндер түседі. Содан кейін еңбек нарығындағы позициялар ашық қалады, – дейді ол.

Күзетші болу үшін де сертификат керек

Есте болса, жуырда PISA ұйымы қазақстан­дық жасөспірімдердің ең көп таңдайтын ма­мандықтарын жариялады. Соның алғашқыла­ры – дәрі­герлер мен педагог мамандығы. Таңдаулы мамандықтардың алғашқы ондығына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандары да кіреді. Жасөспірімдер жиі таңдау жасайтын жаңа мамандықтардың ондығына стоматолог, тауарлар мен киім дизайнері, ғима­раттар мен құрылыстардың сәулетшісі, спорт жаттықтырушысы, нұсқаушы және спорт сала­сындағы маман, психолог енген. Бұл қатар­да косметолог, жарнама және маркетинг, графикалық және мультимедиялық дизайнер де бар.

Алайда нарық сұранысы ала-құла. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ орта­лығының Стратегия және талдау басқар­масының басшысы Ұлпан Шегенованың айтуын­ша, күзетші, автокөлік жүргізушілері, мед­бикелер, бала күтушілер мен аспаздар және есеп­ші­лер әдеттегідей жоғары сұранысқа ие. Бұл – электрондық еңбек биржасындағы сұраныс.

– Бізде бұл біліксіз мамандықтар тобына жатпайды. Күзетші болу үшін де сертификат керек. Қазір ауыл шаруашылығы саласында малшы мен егінші және сатушы жетіспейді. Мамыр айының көрсеткіші бойынша 1300 мед­бикенің жұмыс орны бос тұр. Бұған қоса, 2000 денсаулық сақтау мекемесінде жұмыс істейтін санитар және т.б маман тапшы болып отыр. Сол сияқты еліміздегі балабақшада бала күтушісі жетіспейді. Олардың саны 2000-ға жуық. Мен атаған мамандықтардың айлығы 100 мың теңге шамасында.

Электрондық еңбек биржасында заңгер мен экономист ретінде жұмысқа орналасқысы келетіндер саны басқа мамандықтармен салыс­тырғанда көп. Бірақ қазір IT мамандар мен инженерлерге сұраныстың өте жоғары екені ескерілмейді. Әлемдік трендке байланысты Қазақстанда да техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Еңбек нарығында бұл маман­дықтардың жалақысы басқалармен салыстыр­ғанда әлдеқайда жоғары. Алдағы уақытта да сұраныс артпаса, кемімейді. Сондықтан 1-2 жылда оқуға тапсыратын түлектерге осы бағытты таңдауға кеңес береміз, – дейді ол.

Жылда ақпараттық түсіндіру жұмысының қарқынды жүргізілуіне қарамастан заңгер мен экономист мамандығын бітіретіндер саны артып отыр. Соған сәйкес олардың жұмысқа орналасуы жыл сайын қиындай береді екен.

Жаңа мамандық

жайы

Тұрақты табысқа қол жеткізу үшін сұранысқа сай маман болу қажет. Ол үшін заман талабы, уақыт сұранысын ескермей болмайды. Үкімет те бұл межені орындамаса, алдағы 10 жылда еңбек нарығында дүрбелең туатынын сезгендей. ЖОО-да білім берудің  жаңа стратегиясын әзірлеп, Университеттер автономиясы туралы заң, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы, Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы сияқты бағдарламаларды қолға алды.

Өткен жылы ғана Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев университеттердің кадрлық және зерттеу әлеуетін арттыру басталғанын айтқан еді. Тіпті басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыру үшін Сингапур моделіне негізделген дарынды басқару (talent management) саясаты жүзеге асатынын жеткізді.

– Жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығын одан әрі жақындастыру үшін алдын ала болжау жүйесін енгізу жоспарлануда. Аймақтағы университеттер әкімдікпен және жергілікті корпоративті сектормен тығыз байланыс орнатады. Осылайша, университеттер әр ай­мақ­тың экономикасын дамытуға зор ықпал ете алады. Жалпы, білім беруді дамытуға екі тең тарап – жұмыс берушілер (бизнес) мен академиялық қауымдастық қатысуы керек. Бұл жүйе қажетті білім мен дағдыға ие кадрларды дайындау үшін болжау зерттеулерін қамтамасыз ететін «Мамандығым – болашағым» бағдарламасының негізі болады. Университеттерге өз білім беру бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік берілген. Оқу орындарының академиялық еркіндігін одан әрі кеңейту мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізілді. Мұндағы өзгерістердің тағы бір артықшылығы – практик-мамандар мен топ-менеджерлерді тарту мүмкіндігінің артуы, – деді вице-министр.

Расында, елімізде алдағы 15-20 жылда 250-ге жуық жаңа мамандық пайда болмақ. Осыған сай, кейбір мамандыққа сұраныс азаятыны аян. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, банк қызметкерлері, есепші сияқты мамандықтар алдағы уақытта жойылып кетуі мүмкін. Салдарынан өңдеу өнеркәсібі мен сақтандыру саласының мамандарына да сұрыныс азаймақ. Өйткені автоматтандыру нәтижесінде мамандықтың 14 пайызы жойылып, 32 пайызы өзгеріске ұшырайды. Нәтижесінде пилотсыз ұшу аппаратының диспетчері, сандық жобалаушы, «Ақылды үй» жобалаушысы, туристік маршруттардың навигаторын әзірлеуші, блокчейн-технолог сияқты жаңа мамандық пайда болады деген болжам бар.

Жалпы елде сұранысқа ие мамандықтар мемлекеттің ұстанымына қарай өзгеріп отыра­ды. Қазақстанда 2010 жылдан бастап ауыл шаруа­шылығы саласынан 1,2 миллион адам кетті. Себебі қалалар өсе бастады, өзін-өзі жұмыспен қамту қысқарды, саладағы еңбек өнімділігі артты. Осы уақыт ішінде өнеркәсіптегі жұмыспен қамту керісінше 949 мыңнан 1121 мың адамға дейін өсіп, құрылыста жұмысшылар саны 570 мыңнан 659 мыңға дейін көтерілді. Сондықтан бәрін оңалту биліктің өз қолында.

Қандай мамандық жойылады?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірнеше жыл бұрын осы жобаның бастаушысы болғанын білеміз. Сондағысы ЖОО-да оқытылатын мамандықтардың сұ­ранысқа сай болуын қамтамасыз ету еді. «Болашақ» орта­лығындағы тәжірибе, шетелдік мамандармен байланысы бұл бағытта жүйелі жұмыс керегін сан мәрте дәлелдеп берген болатын. Бүгінде өз алдына бөлек министрлік құрылып, оған жаңа мамандықтарды «желеу еткен» маманның келуі Үкіметтің «естігенін» білдіреді.

Бүгінде жаңа мамандықтарды зерделейтін сарап­шылар көбейіп, керекті ақпарды ұсынуда. Мысалы, елдегі жаңа мамандықтар мен қызметтер атласы негізінде 9 сала басымдыққа ие болған. Олардың ішінде энергетика, тау кен-металлургия кешені, мұнай және газ, ауыл  шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және логистика, машина жөндеу, құрылыс саласы бар.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің пікірінше, 129 мамандық жойылады. Алғаш болып есепшілер азайса, артынша есеп жүргізуші мен қоймашылар жойылуы ықтимал. Кейін өндірісте жүрген аккумуляторшылар, концентратор жасайтын мамандар, кітап­ханашылар жұмыссыз қалуы мүмін. Шенеунік мұның себебін автоматтандырылған жүйемен байланыстыруда.

– Елімізде 4500 нотариус бар десек, соншалықты нотариус керек болмай қалады. Қазір Әділет министрлігі автоматтандырылған нотариус жүйесін енгізіп жатыр. Ал онда жұмыс істейтіндер алдағы 4-5 жылда не заңгер, не заң кеңесшісі болуы керек, – дейді министр.

Көбі болашақтың мамандығын IT-мен байланыстырады. Мұның себебі де жоқ емес. IT саласында маман тапшылығына байланысты жалақы да орташа деңгейден жоғары. Бэкенд әзірлеушінің орташа айлық жалақысы өткен жылы 1,2 млн теңгені, сеньор деңгейін әзірлеушінің орташа айлық жалақысы 1,4 млн теңгені құрайды. Оның үстіне алдағы бес­жылдықта жұмыстардың 43 пайызы машиналар арқылы орындалатынын ескерсек, жаңа ма­мандықтың маңызы артпақ.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: