Жексенбі, 19 мамыр, 19:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Жарты ғасырлық тарихы бар өнер ордасы

23.01.2024

194 0

Қазақ халқының тарихы мен тағдырында Сыр елінің мәдениеті мен руханиятының алар орны айырықша. Оның әр уыс топырағы, әр бұтасы сан алуан ғибратты шежірені шертеді. Облыстағы осындай киелі шаңырақтың бірі, бастауын сонау әнші-композитор, ақын Нартайдың концерттік-эстрадалық бригадасынан алатын жарты ғасыр тарихы бар ұжым – Қызылорда облыстық мемлекеттік филармониясы. Осы уақыт аралығында өңір мәдениеті мен өнерінің өзіндік даму, өркендеу, шарықтау белестеріне айтулы өнер шаңырағының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бүгінге дейін «Сыр елі – жыр елі» деген киелі тіркестің жүгін сырбойылық әрбір өнерпаздың үлкен жауапкершілікпен арқалап келе жатқаны қуантады.

Қызылорда облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашовтың айтуынша, облыстық филармониясының іргетасы 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің № 253 бұйрығымен құрылып, өз жұмысын 1973 жылдың қаңтарынан жүргізе бастады. 1972 жылдың аяғына дейін облыс аумағында өткізілетін концерттің барлығын Шымкент қаласындағы эстрадалық-концерттік бюросы ұйымдастырып отырды. Филармония сол кездегі тәртіп бойынша «Қазақконцерт» бірлестігіне тікелей бағынып, облыстық мәдениет басқармасы басшылық жасады.

Алғашқы жылдарда сазгер Тәңірберген Қалауовтың басшылығымен «Сыр күмбезі» фольклорлық, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс істеді. Ансамблдің құрамында белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова өнер көрсетті. Эстрадалық ансамблге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік етті. Ұзақ жылдар бойы филармонияның бас әкімшісі Сәнжан Асылбекова болды.

1976-1980 жылдар филармония ұжымы үшін жемісті болды. Дүйсенбі Дүйсенбаев басшылық еткен жылдарда жезтаңдай әнші Ұлшан Ахметованың басқаруындағы «Сыр маржаны», Сайлау Бердіқожаевтың жетекшілігіндегі «Сыр самалы» ансамблінің облыстың мәдени өмірінде ролі зор болды. Сол жылдарда Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Шынберген Тілеулесов, Мәди Жасекенов сынды талантты өнерпаздардың басын қосқан ансамбльдің орындаған әсем әндері халықтың жүрегіне жол тауып, көңілінен шығып, ұзақ жыл шырқалып жүрді. Кеңес Асанбаев, Қырымбай Мұхамедияров, Бауыржан Шөкенов сынды басшылардың тұсында да филармония өз қызметін заман талабына сай атқарды. Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халыққа рухани дем беру, өнер иесінің жаңа буынын тәрбиелеп, насихаттау, ескі ән мен әуенді шырқау арқылы аға буын өнер иелерінің шығармашылығын жаңғырту міндетін қалтқысыз орындады. Ұжымның 50 жылдағы жеткен табысы тәуелсіздікке қол жеткізген 32 жыл ішінде алған асуы, жеткен жетістігі ұшан теңіз, өз алдына бір тарих.

– Қазір де ұжымның штаттық бірлігі бірнеше есеге артып, түрлі жанрдағы 8 өнер ұжымы шығармашылықпен жұмыс істеп, көрермендер әрбір жаңалығын сағына күтетін өнер ордасына айналды. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, «Томирис» би, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблдері, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі және облыстық филармония жанынан құрылған симфония оркестрі. Сонымен қатар, жыл сайын жеке орындаушылар мен жыршылардың қатарын талантты жастар толықтыруда. Қоғамдағы өзгеріске қарай филармонияның материалдық-техникалық базасы жылданжылға нығайып, заманауи техниканың озық үлгісімен жабдықталса, оркестр, ансамбль мүшелері мен жеке орындаушылар, бишілерге жаңа ұлттық, сахналық киім тіктіріліп берілуде. Жеке дыбыс жазу студиясы ашылып, әндердің музыкалық әрленуі мен шараның көркемделуі осы студия арқылы жасалады, – дейді филармония басшысы.

Қазіргі таңда Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халықты рухани азықтандыру, өнер иелерінің жаңа буынын насихаттау, көнекөз әндермен аға буын әртістердің шығармашылығын жаңғырту мақсатында филармонияда барлығы 276,5 штаттық бірлікте 280 адам қызмет атқаруда. Айта кетейік, 32 өнерпаз мемлекеттік наградамен марапатталған.

Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Лондон, Ресей, Татарстан, БоснияГерцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің ӘбуДаби, Түрікменстанның Ашхабад қалаларында өнер көрсетіп, еліміздің мәдени мәртебесін әлем сахналарында асқақтатып келеді. Сонымен қатар «Бейбітшілік және келісім» сарайында Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер шеберлерінің гала-концерті жоғары дәрежеде өтті.

Тағы бір жаңалық, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биылдан бастап мәдениет саласындағы 10 маманның шетелдегі үздік өнер орталығында біліктілігін арттыруға қолдау білдіріп, филармония солистері Мақсат Мақұлбеков, Сымбат Тасбергенова және Мағжан Аманжолов Италия мемлекеті Анкона қаласындағы «Озимо» опера академиясына және филармония басшысының орынбасары Әзиза Іздіқұлованың басшылығымен облыстық филармонияның жарық жөніндегі суретшісі Жасұлан Бермағанбетов пен дыбыс операторы Айбек Қуатбаев Беларусь республикасының Витебск қаласындағы «Витебск» мәдениет орталығындағы шеберлік дәрісіне қатысып келгендігі филармонияның зор жетістігі деп санауға болады. Іссапар негізінде мәдениет пен өнер саласына бағытталған жұмыс пысықталып, тәжірибе алмасу мақсатында өнер фестивалі мен концертке жеке орындаушы мен шығармашылық ұжымды қатыстыру, шеберлік дәрісін өткізу бойынша «Витебск» мәдениет орталығы мен облыстық филармония арасындағы екіжақты меморандумға қол қойылған.

Мамандар аталған меморандум екі өңір арасындағы әріптестік байланысты, шығармашылық ынтымақтастықты нығайтып, жаңа жобаны жүзеге асыруға жол ашады дейді.

Қазіргі таңда филармонияда Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамытуға сүбелі үлес қосқан бұлбұл әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, әнші, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова, әнші-композитор Индира Елубаева, жыраулық өнер өкілдері «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметов, «Құрмет» ордені иегері Шолпан Бимбетова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева және балетмейстер, хореограф, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлбану Мырзабаева, дирижер, «Құрмет» ордені иегері Кеулімжай Ботабаев, дирижер, маэстро, «Құрмет» ордені иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе сынды тағы да басқа өнер иелерінің елге елеулі қызмет етіп жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

– Өткен жыл филармония ұжымы үшін толағай табыс пен үлкен жетістік жылы болуымен есте қалған. Соның бірі аймақ басшысының тікелей қолдауымен 1000 келушіге арналған «Өнер» орталығының жаңа заманауи ғимараты бой көтеруі болды. Жақын арада өнер ордасының шымылдығы ашылып, көрермендермен жаңа ғимаратта қауышатын керемет тарихи сәт болғалы тұр, – дейді облыстық филармония басшысы Талғат Мақашов.

Иә, осы уақытқа дейін өнер ордасы талай сын мен қиындықтан өткен, көптеген таланттың өнер жолында өсуіне, шығармашылығының шыңдалуына жол ашқан, толыққанды өнер ұжымы болып қалыптасқан шаңырақ. 50 жыл айтуға оңай болғанымен, сол жылдарға байыппен көз жіберсек бүгінгі жастарға әлі де айтылмаған сырлары, ашылмаған құпиялары, зерттелмеген тарихы мол киелі шаңырақ. Өнердің өркен жайған ордасы, топырағына Қорқыт бабамыздың киесі қонған қасиетті Сыр елінің өнер ұжымы бүкіл Алаш жұртының мақтанышына айналсын деген тілегіміз бар.

Гауһар Қожахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: